«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖҮРЕКТЕ ҚАЛҒАН ІЗДЕР

Биылғы Жеңістің 80 жылдығы аясында редакциямызға көптеген оқырмандарымыздан жүрек тебірентер естеліктер келіп түсуде. Олар соғыс жылдарында жан аямай ерлік көрсеткен және тылда елеулі еңбек еткен әкелері мен аталары жайлы естеліктерімен бөлісуде. Сол жандардың бірі – Әсия Сагидуллина. Біз Әсия апамен кездесіп, оның әкесі мен ағасының өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы ерліктері мен елге сіңірген еңбегі туралы әсерлі әңгімесін тыңдап қайттық.

Әбділғазиз — от пен оқтың ортасынан аман қалған әке

Асия Сагидуллинаның әкесі – Әбділғазизды айналасы «Әбжық» деп атапты. Ол 1917 жылы Жем бо-йында дүниеге келген. Бала кезінде отбасымен бірге Қостанайға жер аударылып, тағдырдың тауқыметін ерте көрген. Содан әкесі ерте қайтыс болғаннын кейін анасы төрт баласын жетектеп Жұрын өңіріне жеткен. 1928–1929 жылдары Жұрында сов-хоздар құрылып жатқанда олар Ащысай ауылына қоныстады. Осы ауыл Әбділғазиз атаның өмірінің ең бір маңызды кезеңдеріне куә болды.
Соғыс басталмай тұрып әскер қатарына шақырылған Әбжық ата алдымен 5 жылдық әскер қатарында қызметін өтеп, «әне-міне елге қайтамын» деп жүр-генде Фин соғысы басталып, оны тағы да алты ай ұстап қал-ған. Нәтижесінде ол Фин соғысына қатысып, жүргізуші бола жүріп, қару-жарақ және жүк тасымалдаумен айналысып, бір-неше рет ажалмен бетпе-бет те келген кездері болыпты.
— Әкемнің айтқандарынан есімде қалғаны, Фин соғысы кезінде бірде қысты күні қатар-қатар үш көлікпен келе жатса, алдарынан шаңғымен ақ киімдегі солдаттар шығып, граната лақтырады. Сол кезде үшінші көлікті тізгіндеген әкемнің көлігіне тиіп, көлік жарылған екен. Басынан жарақат алып, госпитальға жеткізіліп, жағдайы жақсарған соң майданға қайта аттанады. Одан кейін іле-шала екінші дүние-жүзілік соғыс басталып, әкем елге оралмастан бұл соғысқа да қатысады. Осы соғыстан есімде қалған әңгімесі, бір жолы мұз үстімен өтетін кезде мұз ойылып, машиналар суға батып кеткен. Әкем де суға кеткен, бірақ аман қалып, ұзақ уақыт госпитальда жатып жазылып шыққан, — деп еске алады Әсия апа.


Соғыстан кейін екі соғысты басынан өткерген Әбжық ата елге оралы Ақтөбе совхозында жүргізуші болып еңбек етіпті.
— Совхозға қандай көлік келсе де, кілтін алдымен менің әкеме тапсыратын. Ол түрлі жүк көліктерін де су таситын үлкен машиналарды да жүр-гізді. 60 жасында зейнетке шығып, 1979 жылы 61 жасында дүниеден озды, – дейді майдангердің қызы.

ЕЛ ҮШІН ЖАНЫН ҚИҒАН ТАНКИСТ

Әбділғазиз Сагидуллиннің өзінен үш жас үлкен ағасы Шамшат Сагидуллин майдан даласынан оралмаған боздақтардың бірі. Танкист Шамшат 1943 жылдың 6 наурызында Смоленск облысы, Гнётский ауданы маңында қаза тапқан. Ұзақ жылдар бойы із-түссіз кеткендердің қатарында саналып келсе де, кейіннен дерегі табылып, есімі арнайы тізімге енгізілген. Ағайын-туысы, әсіресе, жары үмітін үзбей, оны ұзақ іздеген. Жол тосқан ана мен әйелдің үм-іті ақталмай, ащы шындық кейінірек белгілі болады.
Әсия Әбділғазизқызының анасы Қарлығаш Жоламанова да соғыс жылдарында ерлік танытқан жандардың бірі. 18-19 жасында трактордың оқуын оқып келіп, совхозда жер жыртып, мал бағып, барлық ауыр жұмысты атқарған. Ол кісі Әсия апа дүниеге келген соң ғана трактор тізгінін қойып, кейін мектепте жұмыс істеген.
— Әкемнен жалғыз қыз болып қалдым. Сол себептен де менің бүгінгі немерелерім мен шөберелерім нағашы аталарының қандай адам болғанын біліп жүрсін деймін. Әкем де, анам да халыққа сыйлы, қонақжай адамдар еді. Ауылға қай жақтан адам келсе де, біздің үйге соғып, қонақ болмай кетпейтін. Қазір өзім әже болсам да, әкеме деген сағыныштан көзіме жас келеді. Әкем мен анама деген сағыныш мәңгі жүрегімде қалмақ. Мұндай естеліктер – біздің өткенімізді ұмыттырмайтын алтын көпір, — дейді кейіпкеріміз.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ТЕГІН ОҚУ КУРСЫ

admin_mugalzhar

СПАСАТЬ ЛЮДЕЙ – ЭТО НЕ ГЕРОИЗМ, А ИХ РАБОТА

admin_mugalzhar

ҚАРАКӨЛ АУЫЛЫНА ГАЗ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.