Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Осыған орай, жастарды еңбекке баулу, жұмысқа ынталандыру және олардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру мақсатында «Атамекен» студенттер отрядының жастар қоғамдық бірлестігі жаңа еңбек маусымын бастады.
Бағдарлама аясында республика көлемінде студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары ұйымдастырылып, жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды, сондай-ақ студенттерді уақытша жұмыспен қамту көзделген.
— Мұғалжар ауданында аталмыш бағдарлама аясындағы жұмыстар биылғы жылдың сәуір айында бастау алды. Жалпы еңбек маусымында 180 жасты қамту жоспарланды. Оның ішінде 150 жас орман шаруашылығы саласында, 30 жас құрылыс жасақтарында еңбек етуге жіберілу керек еді, бірақ мердігер компаниялар бас тартты. Жастар сәуірден тамыз айына дейін жұмыс атқарады, — дейді Жастар ресурстық орталығының маманы Арай Абдуллина.
Жастардың айлық жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Оның 100 мың теңгесі – «Атамекен» жастар ұйымынан, қалған 100 мың теңгесі – орман шаруашылығы мекемесінен төленеді. Қолға тиетін таза жалақы – 164 мың теңге. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жұмыс уақыты 18 жасқа толмаған жастар үшін – 7 сағат 20 минут, ал 18 жастан жоғары жастар үшін – 8 сағаттық күндік режиммен, аптасына бес күндік жұмыс кестесімен белгіленген. Бүгінгі таңда еңбек жасақтары «Орқаш орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде еңбек етуде. Жастар жұмыс орындарына өздерінің тұрғылықты мекенжайы бойынша бөлінген.
-«Жасыл ел» сарбаздары тәлімбақтағы көшеттерді арамшөптерден тазарту, және желден құлаған ағаштарды жинау және шығару, жаңа көшеттерді отырғызу және «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық тазалық шараларын жүзеге асыру секілді бағыттары бойынша жұмыс жасайды, — дейді Арай Маратқызы.
Сәуір айынан бері 45 жас жұмыспен қамтылды. Ал маусым айындағы жағдай бойынша Ембі қаласында 12 жас, Орқаш өңірінде 18 жас еңбек етуде. Жастарды еңбекке баулу арқылы олардың бойында жауапкершілік, тәртіп және қоғамдық пайдалы еңбекке деген құрмет қалыптастыру көзделген.
Н.АБАТ