«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Өзге ұлт өкілдері ақын өлеңдерін оқыды

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында «Талап, еңбек, терең ой» атты облыстық байқау өтті. Сайысқа 16 мен 30 жас аралығындағы түрлі этнос өкілдері қатысты.

Шараны «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы, облыстық тілдерді дамыту басқармасы және «Қамқор» Ақтөбе денсаулық сақтау кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Алдымен Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен прозаларын қазақ тілінде мәнерлеп оқып, кейін ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді.

22 жастағы Шахид Шах ұлты үндіс болса да, қазақ тілін жақсы біледі. Ол — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 4-курс студенті.

Үндістанның Мумбай қаласынан білім алуға келген жас ұлы ақынның шығармашылығын сүйіп оқитынын жеткізді.

— Қазақтардың арасында достарым көп. Сондықтан маған қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ. Қазақ ұлтын кеңпейілділігі, мейірімділігі үшін қатты құрметтеймін. Олардың тілі мен мәдениетін қолдан келгенше білуге ұмтыламын. Ал ақындардың арасынан, сөзсіз, Абай өлеңдерін білемін. Бүгін бірнеше өлеңін дайындап келдім. Мұндай үлкен байқауға алғаш рет қатысып тұрмын, — дейді ол.

«Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Роман Рахиев биыл байқауға қатысуға ниет білдергендер қатары көп болғанын айтты.

— Бүгінгі шараның басты мақсаты — Абай шығармашылығын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және этносаралық бірлікті нығайту.

Біз Абайды қазақ әдебиетінің шамшырағы ретінде қабылдаймыз.Оның әр сөзінен үлкен ғибрат, өнеге, сабақ алуға болады, — деді ол.

Қатысушылардың бірі — Алға ауданының Тоқмансай ауылынан келген Диана Ескелдина. Неміс ұлтының өкілі түрлі байқау-сайыстарда бақ сынап жүр.

— Алға ауданы — түрлі этнос өкілдерінің басын қосқан мекен. Осыдан он жылға жуық уақыт бұрын қазақ жігітімен отбасын құрып, осы өңірге келін болып түстім. Қазіргі таңда Тоқмансай орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарамын. Менің сүйіп оқитын шығармаларым, алдымен Абай атамыздың өлеңдері мен қарасөздері. Ұлы ақынның өсиеттерін оқысам, шабыттанып, қуат аламын. Себебі атамыздың әр қарасөзі адамға күш-жігер береді. Оқушыларыма да үнемі Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәнін айтып отырамын, — дейді ол.

Байқау нәтижесінде Мәртөк ауданындағы Аққайың орта мектебінің оқушысы Диана Ильенкова жеңімпаз атанды. Екінші орынды Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Анатолий Галкин еншілесе, Қарғалы ауданының тұрғыны Елена Тажбағанбетова үшінші орынға қол жеткізді. Жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйақылар табысталды. Өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Ұқсас ақпараттар

«ПРАВОПОРЯДОК» НА ТРАНСПОРТЕ

admin_mugalzhar

Жаз-2025: 3,1 миллионнан астам оқушы жазда түрлі сауықтыру, демалыс және еңбек бағдарламаларымен қамтылады

admin_mugalzhar

Қазақстанда жұмыс кезінде коронавирус жұқтырған дәрігерлерге өтемақы төленбейтін болды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.