Биылдан бастап Отбасы банк ұлттық даму институты ретінде қызмет көрсетуге кірісті. Енді банк баспана кезегін жүргізіп қана қоймай, тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларында атқарады. Ол үшін қаржы институты негізінде тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, оған баспана кезегі, яғни бірыңғай республикалық элеткронды база беріледі.
Сонымен қатар Отбасы банкі жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді жалғастырады. Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл бірінші кезекте, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аудан аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер немесе тұрғын үй алу үшін барлығы 1583 адам үй кезегінде тұр. Бұл ақпаратты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Нысанбаевтан білдік. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін тұрғындарды тұрғын үй кезегіне қою бес санат бойынша жүргізілген. Енді бұл санаттар алынып тасталып, жалпы кезек болады.
— Жоғарыда аталған бес санат бойынша, кезекте тұрғандардың 87-сі жетім және атаанасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 305-і көпбалалы отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, 652- сі халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары, яғни ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, І және ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар, ҚР Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратындар, зейнеткерлер, оралмандар, толық емес отбасылар, 537-сі мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, 2-еуі үйі апатты деп танылғандар. Осы уақытқа дейін бұл санаттағы азаматтарды тұрғын үйге кезекке қою мен қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар жүргізді. Жаңа жылдан бастап Мемлекет басшысының бекіткен «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, енді бұл қызметті Отбасы банкі атқарады. Бүгінде бұл мәселе егжей-тегжейлі қаралуда, — деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Нысанбаев.
Н.КЕСІКҚҰЛ