Биыл мен үшін ерекше жыл, себебі қызым балабақшаны аяқтап, алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Әрбір ата-ана сияқты мен де мектепалды даярлық тобына баратын қызымды жаңа өмірге дайындауда қолымнан келгенін жасаудамын. Ең алдымен мектеп формасын алудан бастадық.
Біз баратын мектептің формасы қою көк түсті екен. Бір юбканың бағасы 2000-2500 теңге шамасында, алмастырып кию үшін екі түрлісін сатып алдық. Ақ жиде таңдағанда да көп ойландым, сапасызын алсақ, оқу жылының жартысына жетпей тозып кетеді. Сол себепті сапасына мән беріп, 4500-5500 теңге аралығындағысынан екі ақ жейде алдық. Сонымен қатар сарафан алдым, оның өзі 6400 теңге екен. Күзгі суықта формасының сыртынан киетін формаға сай түсте жемпірлер де бар екен. Оны да алу керек екенін форма алып жүргенде бір ақ білдім. Оның бағасы 3000-5000 теңге аралығында шықты.
Келесі кезек аяқ киімге келді. Туфлиді 8000 теңгеге таптық. Ал дене шынықтыру сабағына қара спорттық киім алу керек болды. Оның бағасы – 11 000 теңге, спорттық аяқ киім – 8000 теңге. Сонымен бірге екі дана ақ футболкаға 2000 теңге жұмсалды. Ақ майка, гольф, колготки, бантиктерге шамамен 5000 теңге кетті. Сөмке — 4500 теңге. Ал сөмкені толықтыратын оқу құралдарына 15 000 теңге шығындалдық. Барлығын есептегенде, шамамен 80 000 теңгеге жуық қаражат жұмсаппын. Бұған сабақ басталғанда алатын мектепалды даярлық тобына қажетті арнайы кітап-дәптерлердің бағасын қосыңыз.
Бұл тек бір баланы мектепке дайындау шығыны. Ал 3-5 баласы бар ата-аналарға қаншалықты ауыр екені, айтпаса да түсінікті. «Арзаны бар ғой» деушілер болады, бірақ бағасы ең арзан киімнің өзі сапалысынан аса көп айырмасы жоқ, баға айырмашылығы 2-3 мың теңгедей ғана. Ал сапасыз киім жыл ортасына жетпей тозып кетеді. Кейбіреулер «Қытайдан тапсырыс берсеңіздер арзанырақ болады» деуімүмкін. Бірақ, өзбасым ол жолды таңдай алмадым. Себебі қызым әлі кішкентай, жасына сәйкес өлшемін табу өте қиын. Дұрыс өлшемді іздеп жүріп табудың өзі үлкен мәселе.
Қазақ әрқашан бар жақсылығын баласына арнаған ғой. Сондықтан мектеп маусымы қарсаңында тауар бағасын қадағалап, белгілі бір норматив енгізілсе, дұрыс болар еді. Өйткені әр дүкен өз қалауынша баға белгілеп отыр. Біреудің қалтасы көтереді, бірінікі көтермейді…
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ