Ауданға ҚР Материалдық емес мәдени мұра бойынша Ұлттық комитеттің сарапшысы, өнертану PhD докторы, ҚР Ұлттық музейінің бөлім жетекшісі Ардаби Маулет және өнертанушы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің докторанты Оңғарбек Тасқарин келіп, аудан аумағындағы материалдық емес мәдени мұраны түгендеу экспедициясын жүргізді.
Жұмыс тобы алдымен аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, аудан тарихымен танысып, тарихтан тәбәрік тартатын жәдігерлерді тамашалады. Одан кейін «Ақтөбе облыстық ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі Мұғалжар аудандық филиалында болып, Әлия Умаровамен және еріктілер қоғамында қолөнер бұйымдарын жасайтын қолөнершілермен кездесіп, жасап жатқан жұмыстарының куәсі болды. Сонымен бірге Қандыағаш балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне барып, қазақ күресін насихаттап, балаларды тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылармен пікір алмасып, боз кілемде белдескен балалардың өнерін тамашалады.
Экспедиция мүшесі Ардаби Маулет аталған шара Қазақстандық қоғамдық даму институтының бастамасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Олар Ақтөбе облысының аумағын аралап, көнекөз қариялармен кездесіп, қолөнермен айналысушыларды сөзге тартып, материалдық емес мәдени мұраларды түгендеп жүр. Осы уақытқа дейін Ырғыз, Шалқар аудандарында және Ембі қаласында болған.
— Біздің мақсатымыз — материалдық емес мәдени мұраны сақтап қалу. Бұл еліміз бен ұлтымыздың болашағы үшін маңызды. Мәдени мұраның өзі материалдық және материалдық емес болып екіге бөлінеді. Материалдық мәдениет физикалық объектілер арқылы көрініс тапса, материалдық емес мәдениет қоғамның рухани құндылығының негізін қалыптастырады. Материалдық мәдениет тарихи мұраларды қорғауды талап етсе, материалдық емес мәдениет ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарды сақтауға бағытталады. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі жаһандану дәстүрлі құндылықтар мен өмір салтына қатты ықпал етуде. Сондықтан материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Дәстүрлі білімдер, тіл, әдет-ғұрыптар, қолөнер және орындаушылық өнерлер тек қана ұлттық бірегейліктің маңызды элементтері ғана емес, сонымен қатар рухани байлығымыздың да қайнар көзі, — деді ҚР Материалдық емес мәдени мұра бойынша Ұлттық комитеттің сарапшысы Ардаби Маулет.
Жұмыс тобы жоғарыда атап көрсеткендерден өзге аудан аумағындағы ат баптайтын атбегілермен, құс өсіруші құсбегілермен, киіз басу өнерін жалғастырып жүрген қолөнер шеберлерімен де кездесті. Олардың жұмыстарымен танысып, бейне таспаға түсіріп, материалдық емес мәдени мұраны болашақта сақтап, қорғауға алу үшін ЮНЕСКОның арнайы сайтына енгізетін болады.
Н.ТІЛЕП