2026 жылы іске қосылатын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі – еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Бұл жүйеде жерүсті және жерасты сулары, гидротехникалық нысандар туралы барлық деректер жинақталатыны өте құптарлық. Бұрын әртүрлі ведомстволарда бөлек-бөлек сақталған ақпаратты бір орталықтан басқару тиімділікті арттырады. Жасанды интеллект пен ғарыштық мониторингтің қолданылуы деректерді нақты әрі жедел талдауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе климаттың өзгеруі жағдайында су тапшылығын болжауға өте қажет. Су балансының толық есебі жүргізілсе, ауыл шаруашылығында да, өнеркәсіпте де су үнемдеу саясаты күшейеді. Жүйенің мемлекеттік платформалармен интеграциялануы мәліметтердің қайталануын болдырмайды. Бұл ашықтық пен сенімділікті арттырып, қоғам тарапынан бақылауды күшейтеді. Ақтөбе сияқты аграрлы өңірлерде су ресурстарын дұрыс бөлу – ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырады. Осы арқылы фермерлер суару жүйелерін жоспарлауды нақты деректерге сүйеніп жүргізе алады. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы артады. Сондықтан бұл жүйе – ұлттық деңгейде стратегиялық маңызы бар бастама.
Салауат Жұмағалиев, Мұғалжар аудандық мәслихатының депутаты.