«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: 7 МЛН-ҒА ЖУЫҚ ТЕҢГЕ, 612 ОҚУШЫҒА КӨМЕК

ӘЛЕУМЕТТІК АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫ БАЛАЛАРЫН МАТЕРИАЛДЫҚ ҚОЛДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫНА 20 ЖЫЛҒА ЖУЫҚТАДЫ. ЖЫЛ САЙЫН ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ БИЫЛ ДА ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП, АУДАН БОЙЫНША 600-ДЕН АСТАМ ОҚУШЫҒА МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ.

Материалдық көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған жетім балалар мен жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол акция аясында әлеуметтік осал тобына жататын отбасы балаларын анықтау мақсатында аудан мектептерінде рейд шараларының ұйымдастырылатынын айтты.

Аудан аумағында мектептердің барлығында әлеуметтік педагогтер жұмыс жасайды. Оның қызметі тек оқушылармен ғана емес, сонымен қатар, олардың отбасыларымен байланыс орнату арқылы жүзеге асады. Осы жұмыс оқушының тұлғалық дамуына, отбасындағы қарым-қатынастарды жақсартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және қажет жағдайда психологиялық қолдау көрсетуге септігін тигізеді. Рейд шараларын да әлеуметтік педагогтер жүргізеді. Рейд қорытындысы шыққаннан кейін анықталған көмекке мұқтаж отбасы балаларына демеушілер тарапынан көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылады. Сондайақ олар өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға бей-жай қарамайтын, жүрегі кең азаматтарды аталған акцияға белсенді қатысуға шақырып, жұмыстанады, — деді Бахраман Қуанышұлы.

Оның сөзінше, осы оқу жылында аталған акция аясында ауданымызда біржолғы мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, қосымша демеушілердің қолдауымен 612 оқушыға материалдық көмек көрсетілген. Жиналған қаржы көлемі — 6 900 000 теңге.

-Бұл игі іске аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Қазақ ОЙЛ» ЖШС-і, мектеп түлектері, сондай-ақ «Қадырәлі ата» мешіті, «Қамқор» отбасын қолдау орталығы және қаламыздың белсенді азаматтары атсалысты. Олардың қолдауымен оқушыларға оқу құралдары, мектеп формасы және қажетті жабдықтар алынып, жаңа оқу жылын толық дайындықпен бастауға мүмкіндік берілді. «Мектепке жол» акциясы – тек бір реттік көмек емес, бұл қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, балалардың білім алудағы тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама, — деді ол.

Бөлім басшысы «Мектепке жол» акциясынан бөлек, жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және арнайы санатқа жататын оқушыларға бір реттік қаржылай көмек көрсету мақсатында құжат қабылдау жұмыстары ұйымдастырылғанын да жеткізді. Қазіргі таңда аудан мектептерінен барлығы 647 оқушының құжаттары жинақталып, әр оқушыға 46 228 теңге көлемінде қаржы толықтай аударылған.

Қаражат ата-аналардың немесе қамқоршы тұлғалардың есепшоттарына аударылып, оқушылардың мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын алуға бағытталды. Бұл қолдау – балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау және әлеуметтік теңсіздікті төмендету мақсатында атқарылып жатқан нақты іс-шаралардың бірі, — деді Бахраман Аманжол.

Аталған қайырымдылық шаралары қала мектептері мен ауыл мектептерінде де кең көлемде ұйымдастырылып, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету жұмыстары ауылдық әкімдіктермен, мектептермен және учаскелік инспекторлармен бірлесе отырып жүргізілген. Аталған акция Қандыағаш қалалық №4 жалпы білім беретін орта мектебінде ұйымдастырылды. Мектеп директоры Гүлмира Мусина акцияның мақсаты — әр баланың мектепке қуанышпен баруына жағдай жасау екенін айтады.

«Мектепке жол» акциясы аясына 60 оқушы қамтылып, жалпы құны 1 миллион теңгеге жуық көмек көрсетілді. Оқушыларға оқу құралдары, мектеп сөмкелері, киім-кешек пен өзге де қажетті жабдықтар табыс етілді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл шараға өңірдегі кәсіпкерлер мен мекемелер белсене атсалысты. Атап айтқанда, «KRU», «Дина», «Реал» сауда үйлері, «Сара» дүкені, «Атай» студиясы, атаана Мира Бисембаева, жеке кәсіпкер Гүлдана Турабаева, «AMANAT» партиясы, Мұғалжар аудандық және Қандыағаш қаласының әкімдігі демеушілік жасады, — деді мектеп директоры Гүлмира Нысанқызы.

№2 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебінде өткен акция аясында 16 оқушы мектеп оқу-құралдарымен және мектепке қажетті формалармен қамтамасыз етілген. Оған демеушілердің ықпалымен 800 000 теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Сонымен бірге жекелеген санаттар қатарына жататын отбасылардан шыққан оқушыларымызды мектепке дайындау мақсатында 155 оқушының әрқайсысына 46 228 теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсетілген. Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясында да дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасы аясында мектеп бойынша 65 оқушы мектепке қажетті киімдермен және оқу құралдармен қамтамасыз етілген.

Бұл игі бастама әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді. Акция жыл бойы жалғасады. Осы игі іске «Қадырәлі ата» мешітінің, «Маки-Маки» кафесінің, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ұжымы және мектеп педагогтері демеушілік көрсетіп, 1 млн теңгеден астам қаржы жинады. Осы қаржыға әлеуметтік жағдайы төмен, ата анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасылардың оқушыларын қажетті оқу құралдарымен, мектеп сөмкелерімен, мектеп формаларымен, спорттық киім мен аяқ киімдерімен қамтамасыз еттік. Бұдан бөлек мектебімізде қайырымдылық шаралары өткізіліп тұрады. Айталық, «Жылы жүрек – жылы киім» қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған отбасылардың балаларын жылы киіммен қамтамасыз етеміз. Ал «Сыбаға» акциясында аудандағы шаруа қожалықтарын демеушілікке тартып, отбасыларға жіліктеме ет таратамыз, -деді әлеуметтік педагог Жанат Өмірзақова.

Ол аталған мектеп-гимназиясы бойынша жаңа оқу жылына дайындық барысында жекелеген санаттағы 114 оқушының әрқайсысына 46 228 теңге көлемінде мемлекет тарапынан қаржылай көмектің көрсетілгенін тілге тиек етті. Ал Ембі қаласындағы №3 жалпы білім беретін орта мектебіндегі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 644 000 теңге қаражат жиналған.

2025-2026 оқу жылында оқушыларды сапалы теңгерімді ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылуда. Жалпыға бірдей міндетті білім қорынан мектептегі бастауыш және 5 категория бойынша оқушылар қамтылады. Аз қамтылған отбасы саны – 12 , балалар саны – 29. Бірінші категория бойынша — 11 оқушы. Екінші категория бойынша саны — 2 оқушы. Үшінші, төртінші категория бойынша анықталмады. Бесінші категория бойынша — 16 оқушы. Сонымен бірге мектебімізде әлеуметтік жағдайын анықтау арқылы сол балалардың мектепке дайындығын бақылау және материалдық, қаржылай көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» акциясы бойынша жұмыстар жүргізілді. Мектепте баласы оқитын ата-аналардың қолдауымен 2 оқушыға 16 500 теңгеге туфли, 4 оқушыға 60 000 теңгеге сөмке, 2 оқушыға 20 000 теңгеге спорттық аяқ киім және 9 500 теңгеге спорттық киім, 4 оқушыға 16 000 теңгеге ақ жиде, 2 оқушыға 13 000 теңгеге шалбар, 1 оқушыға 10 000 теңгеге белдемше жакетімен алынды. Ал мектеп ұжымының қолдауымен 4 оқушыға 60 000 теңге көлемінде оқу-құрал мен сөмкесі Ембі қалалық әкімдігінің демеушілігімен 10 оқушыға 200 000 теңгеге оқу-құралдар мен сөмке, зейнеткер ұстаз, қамқоршылық кеңесінің төрайымы Қ.Жақсыбаеваның көмегімен 2 оқушыға 20 000 теңгеге аяқ киім, 1 оқушыға 8000 теңгеге сөмке, 2 оқушыға 19 000 теңгеге спорттық киім алып беріп, көмек көрсетілді, — деді мектеп директоры Орынгүл.

Ақкемер ауылындағы жалпы білім беретін орта мектепте ұйымдастырылған қайырымдылық шарасына әр жылдарда бітірген мектеп түлектері белсенді атсалысқан. Мектеп бойынша жалпы саны 10 отбасыға қаржылай көмек көрсетілген.

Оқушылардың мектепке дайындығы сынып жетекшілері мен әкімшілік тарапынан саралау жүргізілді. Зерделеу барысында 10 оқушының ата-анасынан мектепке дайындық барысында көмек көрсету бойынша өтініш түсті. Ақкемер ЖББОМ-нің әлеуметтік желісіне «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында қолдау көрсетуге шақырған жарнамалық видеолар салынды. Соның нәтижесінде мектеп бітерген түлектердің қолдауымен 274 000 теңге көлімінде қаржы жиналды. Түскен қаржыны оқушылардың ата-аналарының есеп шотына аудардық. Бұл шаралардың басы-қасында мектебіміздің қорғаншылық кеңесінің төрағасы болып, бастан аяқ қадағалау жұмыстарын жүргізді, — деді Ақкемер орта мектебінің педагогі Венера Қожаниязова.

Оның сөзінше, мектепте аталған акциядан бөлек, жыл сайын «Қоғамға қызмет» жобасы аясында «Ізгілік бесігін тербеткен аяулы жан» тақырыбында қайырымдылық концерті ұйымдастырылады. Осындай шаралардан түскен қаражат мектепте оқитын мұқтаж оқушыға жұмысалады. Айталық, өткен оқу жылында ерекше қамқорлықты қажет ететін мүгедектігі бар балаларға ноутбук, велосипед секілді қажетті заттар сыйға тартылған. Жағабұлақ ауылындағы Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебінде ұйымдастырылған «Мектепке жол» акциясы көптеген баланың жаңа оқу жылын толықтай дайындықпен бастауына мүмкіндік берді. Аталған мектептің әлеуметтік педогогі Аймереке Ғайнединова ауыл әкімдігінің қолдауымен «Қазахойл» АҚ-ның 88 оқушыға сабаққа қажетті сөмке мен оқуқұралдарды тарту еткенін айтты.

Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды жаңа оқу жылына дайындау, оларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешекпен қамту мектеп басшылығының маңызды міндеттеріне жатады. Мектепте ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларына Батпақкөл ауылдық округі әкімдігі үнемі қолдау көрсетеді. Сонымен бірге ауыл аумағында орналасқан кәсіпорын басшылары да демеушілік жасады. Сонымен қатар акциядан ауылдағы мекемелер де қалыс қалмай бірауыздан өз көмектерін көрсетті. Атап айтсақ, Жағабұлақ ауылдық клубы, Спорт кешені, Жаңажол ЖББОМ-нің ұжымы әлеуметтік категориясына байланысты қамқоршылықтағы оқушыға 30 мың теңге, денсаулық жағдайына байланысты бір оқушыға 30 мың теңге, көп балалы отбасынан шыққан екі оқушыға 20 мың теңгеден спорттық киім мен аяқ киімге, 7 оқушыға сөмке, 5 оқушыға оқу-құралдары үшін қаражат берілді. Сондай-ақ аудандық кәсіподақ ұйымынан 2 оқушыға сөмке және оқуқұралдар сыйға тартылды, — деді Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебінің әлеуметтік педагогі Аймереке Ғайнединова.

Еңбек ауылдық округінің орталығы Сағашилі ауылындағы орта мектептегі әлеуметтік жағынан осал топтың түрлі санатына жататын оқушыларға 347 теңге көлемінде көмек көрсетілген. Мектеп директоры Қайрат Сәрсенбаев балаларды жаңа оқу жылына дайындап, оқуқұрал, киім-кешекпен қамтуға бағытталған «Мектепке жол» акциясына ауылдағы мешіт жамағаты, мектеп ұжымы, кәсіпкерлер, аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымы өз көмектерін көрсеткенін жеткізді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

 

Ұқсас ақпараттар

Иранда әуе апатынан қаза тапқандардың мүрдесі Украинаға жеткізілді

admin_mugalzhar

ӨНЕРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР ЖАРАДЫ

admin_mugalzhar

Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының қанаттары ажыратуға қарсы сұйықтықпен өңделмеген

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.