«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

“ЖАСТАРМЕН БІРГЕ-ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА” КЕЗДЕСУ КЕШІ ӨТТІ

Аудан орталығында еңбекке құрметті арттыру, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін насихаттау және жастардың мамандық таңдаудағы жауапкершілігін қалыптастыру мақсатындағы «Жастармен бірге – жарқын болашаққа» атты жастармен кездесу өтті.
Қандыағаш қалалық №2 орта мектепте өткен кездесудің қонақтары қатарында Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Әкімжан Есенаманов, мемлекеттік қызмет ардагері, Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы Аманкелді Шунимов, Қандыағаш пайдалану вагон депосының басшысы Тұрлан Боранбаев, теміржол саласының ардагері Кенжебай Майсутов, Мұғалжар ауданы мәслихатының депутаты Іляш Ниязова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Камшат Құрманалина, Мұғалжар аудандық мансап орталығының маманы Жайнагүл Аманбаева және ауданымыздың түрлі салада жетістікке жеткен белсенді жастары болды.
Шараның басында Әкімжан Есенаманов жастарды еңбекқорлыққа, мамандықты дұрыс таңдауға үндеп, мемлекеттік бағдарламалар жайлы мағлұмат берді.


Одан кейін мемлекеттік қызмет ардагері Аманкелді Шунимов сөз алып, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, қазіргі замандағы білімнің маңызын ерекше атап өтіп, өз жастық шағынан тағылымды мысалдар келтірді.
Бұдан бөлек өзге де ардагерлер өмірлік тәжірибелері мен еңбек жолынан алынған өнегелі әңгімелерімен бөлісті.
Шара барысында Қандыағаш қаласында орналасқан екі колледждің өкілдері 3–5 минуттық слайд-презентация арқылы оқу орындарының бағыттары, жетістіктері және студенттерге ұсынатын мүмкіндіктері жөнінде баяндап өтсе, кейін қатысушылар аудандағы еңбек адамдарының еңбегін насихаттайтын бейнероликті тамашалады.
Шара барысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» мен «Еңбек күні» аясында ауданымыздың түрлі саласында абыройлы еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық иелері марапатталды.
Әрі қарай келген қонақтар жастардың пікірлерін тыңдап, олардың көкейіндегі сауалдарына жауап беру мақсатындағы «Ашық микрофон» бөлімі өз жалғасын тапты. Бұл жерде жастар өз сұрақтарын қойып, оларға келген қонақтар жан-жақты жауап берді.
Кеш соңы әсем әуенге ұласып, қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Ұқсас ақпараттар

«ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ КОРОЛІ» АТТЫ ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШ ӨТТІ

admin_mugalzhar

Қазақстанда күн күрт суытып, үсік жүреді

admin_mugalzhar

ІНДЕТ БАСЫН ҚАЙТА КӨТЕРДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.