БАЛА КҮНГІ АРМАНЫНАН АЙНЫМАЙ, БАР ҒҰМЫРЫН ЖАС ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ АРНАҒАН №1 ЕМБІ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ ӘСЕЛ ДОСТАНОВА ҰСТАЗДЫҚТЫ ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ, ӨМІРЛІК МҰРАТЫ ДЕП БІЛЕДІ.
ҰСТАЗ БОЛУЫМДЫ ӘКЕМ ҚАЛАҒАН
Шалқар ауданының Шахты ауылында дүниеге келген Әсел Жангелдіқызы бүгінде бала күнгі, ең биік арманы орындалған, кәсібінен береке мен бақыт тапқан жанның бірі екенін мақтанышпен айтады. Ұлы жолұстаздықты таңдауда әкесі Жангелді Құрмашевтің ықпалы зор. — Әкем — менің өмірлік ұстазым, бойтұмарым. Әкем өз өмірін туған ауылында бала оқытудан бастап, кейін мемлекеттік қызметкер дәрежесіне жеткен, — дейді кейіпкер.
Әсел Жангелдіқызының педагогикалық еңбек жолы небәрі 16 жасында №3 Ембі қалалық орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып басталған. Осы білім ордасында 15 жыл еңбек етіп, 2008 жылы басқарушылық қызметке ауысты. Әр жылдары қосымша білім беру ұйымын, мектепке дейінгі ұйымдарды басқарып келді. Ол өзінің директорлық қызметке келуіне осы қалада қызмет еткен Серік Жұмағұлұлы мен Әлімжан Қорғанбай сынды әріптестерінің бағыт-бағдары ерекше демеу болғанын айтады.
— Ұстаздық жолым — өмірімнің мәні. Өзімді басқа маман иесі ретінде елестете алмаймын. Осы қалада 40 жылдан астам уақыт тұрып, оның 32 жылын ұстаздыққа арнаған мен үшін көшеде кездескен үлкенінің де, кішісінің де «саламатсыз ба, апай» деп амандасқаны үлкен бақыт, — дейді ол.
Бос уақытында тігін тігіп, құрақ құраумен айналысатын ол өз қолынан шыққан туындыларды жақын-жуығына, құрбыларына тарту етіп, қуаныш сыйлаудан жалықпайды. Гүл өсіруді ерекше жақсы көретін ұстаздың үйі мен мектеп ауласында жайқалған шағын гүл бағы жаз бойы көз жауын алып, айналаға әсемдік сыйлайды.
—Тәртіп пен тәрбиені бірінші орынға қою – әкем Жангелдінің мектебінен алған өмірлік ұстанымым. Соңғы жылдардағы басқарушылық қызметіме отбасымның қолдауы – үлкен демеу, — дейді білікті басшы.
МЕКТЕП ПЕН ҰЖЫМ – ТАБЫСТЫҢ ТІРЕГІ
Биылғы 2025–2026 оқу жылы білім беру ұйымдары үшін жаңа бастамалармен ерекшеленіп отыр. «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасының құндылықтарға бағытталуы, сабақ барысында жасанды интеллектіні қолдану, барлық пәндерде функционалдық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлу – осы оқу жылының басты жаңалықтарының бірі. Сондай-ақ бірнеше зерттеу мен жобалар жұмысы өз жалғасын табады.
—Ұжым – табысты әрі қолайлы орта қалыптастырушы маңызды күш. Ұжымдағы ауызбіршілік пен ынтымақ – жетістікке бастар басты кілт. Менің ойымша, ұжым әрбір басшының айнасы болуы тиіс, — дейді Әсел Достанова.
Оның басшылығындағы педагогикалық құрам сапалы, шығармашыл, тың идеяларымен танылып жүрген білікті ұстаздар ортасы. Сондай-ақ Әсел Жангелдіқызы мұғалім мамандығын жүрекпен сезіну қажеттігін ерекше атап өтеді.
— Мұғалім болу — мәңгілік жүректе қалатын мәртебе. Қазіргі заман мұғаліміне табандылық пен жігер, терең білім қажет. Ұстаздық қызметке жан-тәнімен берілген адам ғана шынайы ұстаз бола алады. Шәкірттің құрметі мен ықыласынан артық ұстаз үшін ештеңе жоқ. Санаға сәуле беретін, адамзат алдында өлшеусіз еңбектің иесі ұстаз, — дейді ол.
ЕҢБЕК ЖЕМІСІ МЕН ЖҮРЕК ЛЕБІЗІ
2018-2025 оқу жылдары аралығында Әсел Жангелдіқызы басшылық еткен Ембі қалалық №7 жалпы білім беретін орта мектебі 2024-2025 оқу жылында білім сапасын бақылауға арналған мемлекеттік атестаттаудан нәтижелі өтіп, ауданның үздік білім беру ұйымдарының қатарынан көрінді. Бұл оның қажырлы еңбегі мен ұжымның бірлігінің айқын дәлелі. Биылғы оқу жылынан бастап Әсел Жангелдіқызы №1 Ембі қалалық орта мектебінің директорлық қызметіне ауысты.
Әңгіме барысында ол қазіргі ұстаздар алдында тұрған басты қиындықты да ашық айтты.
— Ел де, ата-ана да бала тәрбиесіндегі барлық жауапкершілікті көбіне мұғалімге артып қояды. Бұл — үлкен сын әрі зор жауапкершілік, — дейді ол.
Өзінің білім жолына бағыт берген аяулы ұстаздарын — Масаты апай, Ұлмекен Кәрібаева, Райса Әбілова, Іңкәр Имандосова сынды ұстаздарын ерекше ілтипатпен еске алып, құрмет тұтады.
—Тәжірибелі ұстаздармен бірге мұғалімдікті жаңа бастаған жас мамандар да — өздерінің ұлт болашағын тәрбиелеуші тұлға. Қарқынды дамып келе жатқан қоғамда олардың жасампаз болуы шарт. Өз мамандығын шын жүректен жақсы көрген жан ғана мектептің жүрегіне айналады, — дейді ұстаз.
Кәсіби мерекелері қарсаңында ол әңгімесін барша әріптестеріне жылы лебізін арнап, құттықтаумен аяқтауды жөн көрді.
— Ұлттың болашағын тәрбиелеп жатқан барлық ұстаздар қауымын кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. «Адам ұрпағымен мың жасайды, ұстаз шәкіртімен мың жасайды». Шәкіртіміз көп болып, еңбегіміз жемісті, мамандығымыз мәртебелі болсын! — деді сөз соңында.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ