МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ЖУЫРДА ҒАНА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІН ҚҰРДЫ. БҮГІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ДАМЫТУ ЕЛІМІЗДЕГІ БАСЫМ БАҒЫТТАРДЫҢ БІРІНЕ АЙНАЛЫП ОТЫР. ЗАМАНАУИ ҒЫЛЫМ МЕН ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ТОҒЫСҚАН ИННОВАЦИЯЛЫҚ САЛА, ӘСІРЕСЕ, БІЛІМ САЛАСЫНА ДА ҮЛКЕН ЫҚПАЛ ЕТУДЕ. МҰҒАЛЖАРЛЫҚ МҰҒАЛІМДЕР БҮГІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ КӨМЕГІ АРҚЫЛЫ САБАҚ БЕРУДІ БАСТАП ТА КЕТТІ. ОЛАР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛҒА АЙНАЛДЫРЫП, ОҚЫТУ ПРОЦЕСІН ӨЗГЕРТІП, БІЛІМ БЕРУДІҢ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІН ЖАҢАРТЫП, ОҚУШЫЛАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ҰСЫНУДА. БҰЛ ЖӨНІНДЕ 2-ШІ БЕТТЕ ТАРҚАТАМЫЗ.
ЖАҢА ҮДЕРІС — ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІ АЛДА
Оқу-ағарту министрлігі білім саласына жасанды интеллектті енгізуді өткен оқу жылында бастап кетті. Оған «Digital Kazakhstan: Заманауи білім беру» деп аталатын педагогтердің республикалық тамыз конференциясы дәлел. Содан бері еліміздің мұғалімдері жасанды интеллект саласын білім саласына енгізіп, ақпараттық технологияны меңгеріп, оқыту жүйесін оңтайландыруды жетілдіріп келеді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Аманжол Бахраман да жасанды интеллект арқылы оқытуды жекелендіру, мұғалімнің рутиналық жұмысын автоматтандырып, оқу процесінің мониторингін жетілдіру әдістерін айтарлықтай өзгертетінін айтты. Оның сөзінше, білім саласына ЖИ (жасанды интеллект) енгізудің ұлттық стандарттары, этика мен дербес деректерді қорғау талаптары әзірленіп, министрлік пен үкімет деңгейінде бұл бағытқа басымдық берілуде.
— Жасанды интеллект білім беру саласында күн сайын маңызды рөл атқарып, білім мен оқытуға деген көзқарасты түбегейлі өзгерте алатын перспективаларды ұсынуда. Қазіргі тенденцияларды талдай отырып, жасанды интеллект әкімшілік тапсырмаларды автоматтандырып ғана қоймай, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын әрбір оқушының қабілетіне сай бейімделуін қамтамасыз етіп, оқытудың жаңа мүмкіндіктерін жасайды деп айтуға болады. Сонымен бірге оқу мазмұнын және бағалауды адаптивті етеді. Жасанды интеллект білім берудің ажырамас бөлігіне айналуда, біздің оқу және табысқа жету жолын өзгертеді. Қазіргі заманғы әлемнің қажеттіліктерін көрсететін неғұрлым қолжетімді, жекелендірілген және сапалы білім беруге жол ашады, — деді білім бөлімінің басшысы.

Ол ЖИ-ді меңгеру мұғалімдер аса маңызға ие екенін, оны тек техникалық тұрғыда емес — педагогикалық тұрғысында меңгеру қажеттігін тілге тиек етті.
— Мұғалжар ауданында жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын білім беру процесіне енгізу бағытында бірқатар оң нәтижелер байқалуда. Әсіресе, Қандыағаш қаласындағы мектептер бұл салада белсенділік танытып келеді. Қала мектептері жаңа цифрлық платформаларды (мысалы, BilimLand, BіlimClass, Alaqan т.б.) тиімді пайдаланып, оқушылардың жеке қабілетіне сай оқыту тәсілдерін қолдануда. Ауылдық елді мекендердегі мектептерде де жасанды интеллектті оқытуға қызығушылық артып келеді. Мұғалімдер жаңа әдістемелер мен цифрлық платформаларды меңгеріп, тәжірибе алмасу арқылы өз шеберліктерін арттыруда. Жалпы алғанда, Мұғалжар ауданында жасанды интеллект бағытындағы жұмыс жақсы қарқынмен дамып келеді. Қала мектептері бұл саланың көшбасшылары болса, ауыл мектептері де кезең-кезеңімен қажетті жағдайлар жасап, даму жолына бет алып отыр, — деді Бахраман Қуанышұлы.
ЦИФРЛАНДЫРУ — САБАҚ КОНТЕНТІН БАҚЫЛАУ
Аудандық білім бөлімінің басшысы аудан бойынша білім беру ұйымдары кезең-кезеңімен цифрландыру жүйесіне көшіп, оқу процесінде заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану деңгейі жылдан жылға артып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге аудандағы барлық мектептер интернет желісіне қосылғанын да сөз етті.
— Қала мектептерінде кеңжолақты интернет тұрақты жұмыс істейді, ал ауылдық елді мекендерде мобильді және спутниктік байланыс түрлері қолданылуда. Мектептер компьютер, интерактивті тақта, мультимедиялық проекторлар және заманауи оқу жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Әсіресе, информатика кабинеттері мен STEM бағытындағы зертханалар жаңа техникалық құралдар мен жабдықталып, оқушылардың цифрлық сауаттылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Жасанды интеллектті (ЖИ) оқыту үшін қолайлы жағдайлар да жасалуда. Мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курстары мен семинарлар ұйымдастырылып, ЖИ құралдарын сабақ барысында тиімді пайдалану жолдары үйретілуде. Сонымен қатар, кейбір мектептерде тәжірибе ретінде ЖИ элементтері бар оқу платформалар мысалы, BilimClass, Alaqan, GoogleWorkspacefor Education қолданылып келеді, — деді ол.
Бүгінде аудан мектептерінде қолданылып жүрген BilimClass / Білімкласс цифрлық платформасы сабақ контентін бақылап, мониторинг жүргізеді. Бұл платформа арқылы ата-аналар оқушылардың сабақ үлгерімдерін бақылап, күнделікті алған бағасын көре алады. Ал Alaqan/Алақан платформасы — мектеп әкімшілігін, оқушыларға кіру/шығуды және атаана мен мектеп коммуникациясын оңтайландыруға арналған жүйе.
Бұл — әкімшілік пен қауіпсіздік саласының цифрландырылуы.
РОБОТОТЕХНИКА — ЖАҢА ЗАМАН ТАЛАБЫ
Робототехника — автоматтандырылған механизмдерді әзірлеуге бағытталған сала, ол инженерия және ғылым тарихымен тығыз байланысты. Бүгінде аудан мектептерінде осы саланы меңгеруге ниетті оқушылардың қатары көп. Соны ескерген информатика пәні мұғалімдері оқушыларға робототехниканы да үйретіп жүр. Олар оқушыларға инженерлік бағдарламалауды жасатып, өз бетімен дербес бағдарламаларды құрастыруды меңгертуде.
—Робототехника бағытының болашағы зор. Робототехника оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамытуға және практикалық тапсырмаларды шеше білуге ықпал етеді. Роботтехника сабағы физика, математика, информатика пәндерінен алынған білімді қажет етеді. Бұған қоса тіл байлығы да керек. Себебі робот жасаудан жарысқа қатысқан оқушы өз жобасын қорғап, өз ойын ашық жеткізе білуі керек, — деді Бахраман Қуанышұлы.
Оның сөзінше, ауданның бірқатар ірі мектептерінде робототехника кабинеттері ашылып, оқушыларға LEGO Education, Arduino, Micro:bit сияқты жинақтар арқылы тәжірибелік сабақтар өткізілуде. Алайда барлық мектептерде бұл бағыттағы жұмыс толық жолға қойылмапты. Кейбір ауылдық білім ордаларында материалдық-техникалық база мен арнайы мамандардың жетіспеушілігі байқалады екен. Соған қарамастан, аудандық білім бөлімі мен мектеп әкімшіліктері бұл бағытты дамытуға ерекше назар аударуда.

— Мұғалімдер үшін робототехника және STEM-білім бойынша біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда, ал оқушылар облыстық және республикалық деңгейдегі техникалық байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, алғашқы жетістіктерін көрсетуде. Мұғалімдердің басым бөлігі заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін оқу үдерісіне енгізу бойынша арнайы дайындықтан өтті. Бұл көрсеткіш аудан педагогтерінің кәсіби деңгейінің жоғары екенін және жаңашылдыққа бейімділігін айғақтайды. Қазіргі таңда аудан бойынша мұғалімдердің сапалық құрамы «жақсы» деп бағалануда. Көптеген ұстаздар инновациялық әдістемелерді тәжірибеде тиімді қолданып, оқушылардың цифрлық және зерттеушілік дағдыларын дамытуға үлес қосып отыр, — деді бөлім басшысы.
Ол алдағы уақытта ауданның барлық білім беру ұйымдарында мұғалімдерді жасанды интеллект және цифрлық педагогика бағытындағы жаңа курстарға қатыстыру жоспарланғанын айтты. Бұл қадам білім сапасын арттырумен қатар, оқу процесін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МҰҒАЛІМ ЖҰМЫСЫН ЖЕҢІЛДЕТЕДІ
Жоғарыда білім бөлімінің басшысы мұғалжарлық мұғалімдердің жасанды интеллектті меңгеріп, сабақ беру кезінде көмекші құрал ретінде пайдаланып жүргенін айтты. Осы жаңашылдыққа бет бұрып, заманауи білімді үйреніп жүрген жас ұстаздардың бірі — Айжанат Исатай. Ол Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп қана қоймай, жасанды интеллектті өзі меңгеріп, оқушылардың осы сала бойынша жаңа жоба қорғауына мұрындық болып жүр.
Айжанат Талғатқызы жасанды интеллект оқушылардың дағдыларын жетілдіруге, білім беру сапасын арттыруға және оқу процесін тиімді ұйымдастыруға көмектесетінін, сондай-ақ мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оларды қайталанатын тапсырмалардан босатып, шығармашылық пен сараптамалық жұмыспен айналысуға мүмкіндік беретінін айтты.
— Жасанды интеллект мұғалімдерге көптеген тәсілдермен пайдалы бола алады. Оның мүмкіндіктері оқу процесін жақсарту, жеке оқыту тәжірибесін қамтамасыз ету, және мұғалімдердің жұмыс жүктемесін жеңілдетуге көмектеседі, мұғалімдерге оқу процесін жетілдіруге, жеке оқыту тәжірибесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Артықшылықтарын тиімді пайдалану үшін мұғалімдер ЖИ технологияларын дұрыс және этикалық түрде қолдануды үйренуі тиіс. ЖИ-дің білім беру саласында ұсынатын мүмкіндіктері білім беру сапасын арттырып, мұғалімдердің жұмысын қызықты өткізуге бағытталған, — деді Айжанат Талғатқызы.

Ол жасанды интеллектке алғашында жәй ғана қызығушылық танытқанын айтады. Дегенмен өткен жылғы оқу жылында бекітілген «Digital Kazakhstan: Заманауи білім беру» тақырыбы қызығушылығын одан әрі оятып, бүгінде жұмысының негізгі бөлшегіне және жан серігіне айналыпты.
-Жасанды интеллектке бет бұрып, әдестемелік құжат ретінде сабаққа пайдаланып келе жатқаныма екі жылдай уақыт болды. Осы бағытты үйрететін түрлі курстарды онлайн форматта оқыдым. Әлі де үйренерім көп, ізденіс үстіндемін. Мен ЖИ-ді көбіне қазақ әдебиеті сабағы кезінде пайдаланамын. Бір ақынның шығармасын арқау етіп алып, одан анимациялық бейнелер дайындап, оларды мәтін мазмұнына қарай сөйлетіп, балалардың сабаққа деген қызығушылығын оятамын. Әсіресе, ерекше білім беруді қажет ететін инклюзивті балаларға өте ыңғайлы. Олар көз тартатын түрлі кейіпкерлерді тез қабылдап, қорыта алады. Мен бүгінде өзімнің Уou tube каналымды ашып, жасаған дүниелерімді сол жерге жариялап жүрмін. Сондай-ақ мектептегі өзге мұғалімдерді де жасанды интеллектті үйретіп жүрмін. Мектептегі кез келген сабақты ЖИ-ке бағыттап алуға болады, — деді Айжанат Исатай.
Бүгінде ол жасанды интеллектті пайдалана отырып, оқушылардың түрлі ғылыми жобалар қорғауына ықпал етіп жүр. Айталық, оқушысы Арсен Сәлімжан ұлттық мәдениетті арқау етіп, жасанды интеллект арқылы жоба қорғап, облыстық «Дарын» ғылыми жобалар байқауына жолдама алған. Айжанат Талғатқызының оқушысы Арсен Сәлімжан ұстазының жасанды интеллект арқылы берген сабағы өте қызықты өтетінін айтты. Ол да алдағы уақытта жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, білімін жетілдіріп, өзін заманауи мамандық саласында сынап көруді мақсат етіп отыр.
P.S. Сарапшылар жасанды интеллекттің пайда болуын төртінші революцияға балауда. Оның алғашқылары — теміржол сынды қозғалтқыштардың жасалуы, одан кейін автоматтандыру, сосын интернеттің пайда болуы. Ал төртіншісі — осы жасанды интеллекттің өмірімізге дендеп енуі. Енді осы таңғажайып саналатын дүниені адамзат игілігіне жарату — бүгінгі ұрпақтың еншісінде…
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ
