«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СЕН ҚАЙДА ОЙНАП ЖҮРСІҢ, АУЫЛ БАЛАСЫ?

БҰРЫН ҚАЛАНЫҢ ҚАЙНАҒАН ТІРШІЛІГІНЕН АЛЫС ШАЛҒАЙДА ЖАТҚАН АУЫЛ БАЛАСЫНЫҢ ЕРМЕГІ КӨП БОЛАТЫН. ЕР БАЛАЛАР ЖАҒЫ АСЫҚ АТЫП, ЛӘҢГІ ТЕУІП, ШҮЛДІК ЛАҚТЫРЫП, ҚОЛЫНА ТҮСКЕН НӘРСЕНІ МАШИНА ЕТІП ОЙНАСА, ҚЫЗДАР ЖИНАЛЫП АЛЫП «ҮЙ» БОЛЫП ОЙНАП, ҚОЛДАРЫНАН ҚУЫРШАҚ ТАСТАМАЙТЫН. АЛ БҮГІНГІ АУЫЛ БАЛАСЫНЫҢ ЕРМЕГІ МҮЛДЕМ БАСҚА. ӘРІ ҚАЗІР КӨШЕДЕ ДОП ҚУАЛАП, ТОПЫРАҚҚА АУНАП ЖҮРЕ БЕРЕТІН ЗАМАН ЕМЕС. АДАМНЫҢ ТАЛАБЫ ӨСТІ, ТАЛҒАМЫ АРТТЫ. ШЫН МӘНІНДЕ АУЫЛ БАЛАСЫНА ДА ҚАЛАДАҒЫДАЙ ЗАМАНАУИ ОЙЫН АЛАҢЫ МЕН ТАЛАПҚА САЙ СПОРТ КЕШЕНІ ҚАЖЕТ-АҚ. БІЗ, ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ, ОСЫ ТАҚЫРЫПТЫ АРҚАУ ЕТІП, АУЫЛ ӘКІМДЕРІНЕ ХАБАРЛАСТЫҚ. АУЫЛ БАЛАЛАРЫНЫҢ ҚАЙДА ОЙНАЙТЫНЫН СҰРАП, БОС УАҚЫТТАРЫН ҚАЛАЙ ӨТКІЗЕТІНДЕРІНЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫҚ.

Аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан ТАЛДЫСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ үш балалар ойын алаңы бар екен. Бұл туралы ауыл әкімі Айбек Мұқанов айтты. Оның сөзінше, бұл алаңдардың барлығының да жағдайы жақсы. Оның ішінде Талдысай ауылындағы алаң жақында ғана ашылыпты.

Біз балалардың уақытын тиімді ұйымдастыруға тырысамыз. Округ балаларына әр жаз сайын аудан орталығынан батут ойынын әкеліп, қызықты демалыс ұйымдастырамыз. Әрине, бұл балалар үшін аздық етеді. Жалпы ауыл балалары жаз мезгілінде осы ойын алаңдарында ойнайды. Қазір мектеп кезеңі болғандықтан мектепте түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бірге округ бойынша үш спорт алаңы бар. Оның біреуі осы жазда, біреуі өткен күзде қолданысқа берілді. Жаңа балалар ойын алаңын салу жоспарда бар. Ауыл азаматтары бірлесіп, осы қыста балалар үшін шағын мұз айдынын ұйымдастыруды көздеп отыр, — деді округ әкімі Айбек Мұқанов.

Ол кітап оқып, ой-өрісін кеңейтемін дейтін бала үшін ауыл кітапханасының есігі айқара ашық екенін жеткізді. Кітапханашылар да ауыл балаларын кітапханаға тарту мақсатында іс-шаралар өткізеді екен.

Таулы аймақта орналасқан МҰҒАЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ балаларына арналып, 2023 жылы қараша айында күрес залы пайдалануға берілген. Бұл нысан ауыл тұрғындарының демеушілігімен салынған. Бүгінде ауыл балалары мектептен кейін күрес залына барып, жаттықтырушыларымен бірге күреске дайындалады. Олардың арасында бірнеше бала күрестен біршама жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырып жүр. Мектеп ауласы мен ауылдағы шағын ауданда орналасқан спорт алаңдарына кешкілік жасөспірімдер жиналып, футбол ойнайды. Осы жылы орталық көшеден көпсалалы ойын алаңы салынып, балалар игілігіне табысталған. Алдағы уақытта «Болашақ» мөлтек ауданынан да ойын алаңын салу жоспарланған.

Жаз айларында ауылға жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен батут ойындарын әкеліп, орталық көшеге орналастырып, балалардың ойнауына жағдай жасаймыз. Ауылдағы «Бөбекжай» бөбекжай-бақшасына күр-делі жөндеу жұмыстары жасалып, «Мұғалжар инерттік материалдар зауыты» ЖШС-нің демеушілігімен 11 миллион теңге көлемінде жаңа жиһаздар мен құрал-жабдықтар, ыдыс-аяқ, электро-техника құралдары алынуда. Жалпы ауыл балалары үшін жазғы мезгілде демалыс лагері ұйымдастырылып, қызықты ойындар ойнатылады және табиғат аясына сынып жетекшілерімен бірге шығып демалады. Қыс мезгілінде мектептің ауласында мұз айдыны салынып, балалардың алаңсыз ойнауы үшін қолайлы жағдай жасалады, — деді ауыл әкімі Әлімжан Өмірсерікұлы.

Аудан орталығының іргесінде орналасқан ЖҰРЫН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ спорттық алаңдар мен шағын ойын алаңынан басқа балалар баратын ойын-сауық орталықтары жоқ. Жұрын ауылының орталығында орналасқан шағын бір ғана балалар ойын алаңы 2015 жылы салынған. Осы жылы бұл алаң жөнделіп, сынған темірлері дәнекерленіп, сырланыпты.

Жаз мезгілінде Қандыағаш қаласынан жеке кәсіпкерлер «батут» ойын алаңдарын әкеліп, балаларға көтеріңкі көңілкүй сыйлап тұрады. Шынын айту керек, ауылда балаларға анау айтқандай жағдай жасалған деп айта алмаймын. Балалар ойын алаңын салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Сараптамадан да өтіп тұр. Енді қаржының бөлінуін күтіп отырмыз. Ал округ аумағындағы елді мекендерде ойын алаңдары мүлде жоқ. Себебі ол жақта тұрғындар саны аз, мектеп жасында балалар жоқ, — деді ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев.

Ол ауыл балаларының спортпен шұғылдануға арналған екі спорт алаңының барын айтты. Оның бірі Жұрын ауылының орталығында орналасса, екіншісі мектеп жанындағы футбол алаңы. Мектеп жанындағы футбол алаңы 2024 жылы салынған. Ауыл балалары бос уақыттарын осы жерге келіп, доп ойнап өткізеді. Біз ауыл әкімінен «Қыс мезгілінде ауыл балалары үшін сырғанақ, мұз айдыны секілді ойын түрлері ұйымдастырыла ма?» деп сұрадық. Ол бұл бойынша ешқандай жоспардың жоғын жеткізді.

Екі мыңнан астам тұрғыны бар АҚКЕМЕР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ қарасты елді мекендердің барлығында дерлік ойын алаңдары бар. Айталық, округ орталығы Ақкемер ауылында балалар ойын алаңы 2015 жылы салынған. Ал Жарық ауылындағы балалар ойын алаңы 2019 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде ауыл балалары осы алаңда алаңсыз ойнайды.

Балалардың уақытын тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстарды ұйымдастыру – біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Осы жылы Көтібар батыр ауылынан мектеп-бөбекжай салынды. Осы нысан салынған сәтте балалар ойын алаңы қоса салынды. Округтегі балалар ойын алаңдарының жағдайы жақсы. Алдағы уақытта Елек, Ақкемер ауылдарынан тағы да үлкен балалар ойын алаңдарын ашуды жоспарлап отырмыз. Жаз мезгі-лінде балалар мерекесі қарсаңында аудан орталығынан кәсіпкерлер келіп, батут, цирк секілді ойын түрлерін ұйымдастырды. Сондай-ақ мектеп жанынан лагерлер ашылды, — деді ауыл әкімі Дамир Қожаниязов.

Ауыл әкімі округте бұқаралық спортты дамыту да жолға қойылғанын жеткізді. Округке қарасты Елек ауылынан 2016 жылы, Ақкемер ауылынан 2022 жылы, Жарық және Көтібар ауылдарынан 2025 жылы спорт алаңы ашылып ауыл балаларының игілігіне берілгенін тілге тиек етті. Сонымен бірге ауыл балалары ауылдық мәдениет үйінде орналасқан «Coworking» орталығына барып, шахмат, дойбы ойындарын ойнап, уақыттарын тиімді өткізеді.

Ақкемер ауылдық округіндегі білім ордаларында балаларға арналған домбыра, ән, би, балалар хоры, көркем сөз, қолөнер үйірмелері ұйымдастырылған. Ауыл балалары уақыттарын текке өткізбейді. Оның дәлелі – балалардың аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуі, — деді ауыл әкімі.

Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТІҢ әкімі Ләззат Бердібаева ауылдық округте балаларға жасалған жағдай қаланың жағдайымен салыстыруға келмейтінін, дегенмен, барынша мүмкіндік жасап жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда округте жалпы саны үш балалар ойын алаңы бар. Оның екеуі — округ орталығы Қаракөл ауылында, біреуі – Жаңатұрмыс ауылында.

Қаракөл ауылына алғаш рет балалар ойын алаңы 2013 жылы салынды. Қазіргі таңда оның тозығы жетті. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал екінші алаң осы жылы салынды. Заманауи ойын алаңы мен workout — балаларға үлкен базарлық болды. Бұл алаңға бюджеттен 21 млн 563 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жалпы көлемі 200 шаршы метрді құрайтын бұл алаңға жасанды желек төселіп, 20-дан астам архитектуралық ойын құралдары қойылды. Ал Жаңатұрмыс ауылынан балалар ойын алаңы 2023 жылы салынды. Қазіргі таңда ойын алаңының жағдайы нашар, — деді ауыл әкімі Ләззат Ертілесқызы.

Ауыл балалары үшін ойыннан бөлек спорт алаңдарының болуы да маңызды. Қаракөл ауылының балалары қазіргі уақытта 2018 жылы салынған спорт алаңында футбол ойнап жүр. Әкімнің айтуынша, бұл спорт алаңының жағдайы сын көтермейді.

Ауыл балаларының арасында бұқаралық спортты дамыту – біздің басты назарымызда. Біз мүмкіндігінше жағдай жасауға тырысамыз. Қазіргі таңда ауыл мектебінің жанынан жапсарлас спортзал салынуда. Қабырғалары қаланып, төбесін жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Жаңатұрмыс ауылынан балалар ойын алаңы мен спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде жобалық-сметалық құжаты дайын тұр. Көп ұзамай арамызға қыс та кіреді. Осыны ескеріп, Қаракөл ауылының орталығынан мұз айдынын жасауды да ойлап отырмыз. Ауылда мұз айдынына арналған арнайы орын бар. Қыс уақытында мұз айдынына ойнауға жағдай жасалады, — деді ауыл әкімі. Аудандағы мұнайлы мекен саналатын БАТПАҚКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕГІ елді мекендерде балаларға айтарлықтай жағдай жасалғанға ұқсайды. Округі әкімі Мейрамбек Боқашев ауыл маңындағы кен-орын мекемелері балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарының бірқатарын демеушілікпен жасап бергенін жеткізді.

Округке қарасты Шеңгелши ауылында жақында ғана футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Өткен жылы балалар ойын алаңы салынған еді. Бұл алаңдардың барлығын «ҚазақОЙЛ» ЖШС-і демеушілікпен жасап берді. Ал Қожасай ауылына 2022 жылы футбол алаңы салынса, биыл балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Айта кететін бір жайт, Қожасай ауылындағы білім ордасы типтік үлгідегі мектеп қатарына кірмейді. Сол себепті мектепте спорт зал жоқ. Біз Қожасайға осы алаңдарды салып, барынша осы мәселені шешуге тырысудамыз. Сонымен бірге Саға ауылындағы балалар ойын алаңы мен футбол алаңы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға салынды. Бұл алаңдар 2023 жылы салынып, балалар игілігіне берілген болатын, — деді ауыл әкімі.

Батпақкөлдік балалардың спортқа, оның ішінде футболға әуес екенін айтқан Мейрамбек Боқашев 2022 жылы округ орталығы Жағабұлақ ауылынан аудандағы ауылдар ішінен тұңғыш рет ангар типті спорт кешенінің ашылғанын мәлімдеді. Аталған кешен аудан әкімдігінің қолдауымен бой көтеріп, сол жылы аудандық спартакиаданы қабылдаған.

2018 жылы Жағабұлақ ауылынан workout және футбол алаңы салынды. Бұл ойын алаңдарының бой көтеруіне «Самұрық-Қазына» АҚ-ы қолдау көрсетті. Осы жылы аталған алаңдардың жасанды жасыл желегін «ҚазақОЙЛ» ЖШС-і демеушілікпен төсеп берді. Округке қарасты Жаркемер ауылында бала саны аз болуына байланысты ойын және спорт алаңдарын салу қажет етпейді, — деді ол.

Округ әкімі ауыл балалары үшін 2025 жылдың жазғы демалысы ерекше әсерлі өткенін жеткізді. Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебі жанынан ашылған «ЖазFest» жазғы лагері жұмыс істеп, оқушылардың көңілді әрі пайдалы уақыт өткізуіне мүмкіндік берілген. Округке қарасты ауылдардың балалары жиналып, әртүрлі ойындар, шығармашылық шеберлік сағаттарына, спорттық жарыстар мен танымдық іс-шараларға белсене қатысып, есте қаларлық жазғы сәттерге куә болған.

Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен ауылымыздың оқушылары Ақтөбе қаласындағы «Әсем» лагерінде, Алматы қаласындағы табиғат аясындағы «ТауLand» лагерінде, “Түркістан-Балдәурен” лагерінде демалып келді. Ал Батпақкөл ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы демеушілігімен алты оқушы округке қарасты «Нефтяник» лагерінде демалып, жаңа ортада қызықты демалыс өткізді. Бұл тәжірибе балалардың көкжиектерін кеңейтіп, жаңа достар табуға, өз мүмкіндіктерін тануға себеп болғаны анық, — деді Мейрамбек Боқашев.

Аудан іргесінде орналасқан ЕҢБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ балалары ұлттық спорт түрлеріне аса қызығушылық танытады. Себебі ауылда ат спортын насихаттап, төл өнерді көтеріп жүрген атбегі Айбек Нақбаев тұрады. Оның шабандоздары бірнеше мәрте халықаралық көшпенділер ойындарына қатысып, жүлделі орын алып, ауыл балаларына үлгі болуда. Ауыл әкімі Аманбай Каюпов ауылда осы шабандоздарға еліктеп, ат жалына жармасып өсіп келе жатқан ұландардың көп екенін тілге тиек етті.

Соңғы жылдары ауыл балалары ат спортынан бөлек, асық ату ойынына ерекше ықылас білдіріп жүр. Ауылдың жас жігіттері мектеп жанынан асық ату үйірмесін ашып, балаларды ұлттық спорт түріне баулуда. Осы өзгерістерге қарап, ауыл жастарының бойында ұлттық құндылықтарға деген үлкен ұмтылыстың барын байқауға болады. Ұлттық спорт түрлерінен бөлек ауылда бұқаралық спортпен шұғылдануға мүмкіндіктер бар. Сағашиліде жазғы спорт алаңы салынды. Сонымен бірге осы жылы ангар типті спорт кешені де ашылып, ауыл балалары баскетбол, футбол, күрес, асық ату секілді үйірмелерге белсенді қатысуда. Қазіргі таңда Басшилі ауылынан спорт алаңының құрылысы басталды. Бұл нысан ауыспалы кезең бойынша салынып жатыр, оны келер жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Темір-көпір ауылынан да спорт алаңын салу жоспарда бар, — деді ол.

Ауыл әкімі Аманбай Каюповтың айтуынша, Еңбек ауылдық округі бойынша үш балалар ойын алаңы бар. Олар — Сағашилі, Теміркөпір және Басшилі ауылдарында. Темір-көпір мен Басшилі ауылындағы балалар ойын ала-ңы ауыл кәсіпкерлерінің және белсенді жастарының демеушілігімен салынған. Ал Сағашилі ауылындағы балалар ойын алаңын салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Дегенмен бұл ауылға бір балалар ойын алаңы аздық етеді. Келер жылы тағы да ойын алаңын салуға жобалық-сметалық құжат дайындалған.

Ауыл балаларына жазғы мезгілде көңілді демалыс ұйымдастыруға барынша күшімізді саламыз. 1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай, ауылға аудан орталығынан батуттар алдырып, ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалық иелерінің демеушілігімен тегін ойындар ұйымдастырып, тәттілер мен балмұздақтар таратамыз. Сондай-ақ балалар өздері жүргізетін ойыншық көліктерді де әкелеміз. Бұл ойындарды ауылдағы көпбалалы, аз қамтылған отбасы балалары мен озат оқушылар 70 пайызға дейін жеңілдікпен ойнайды, — деді ол.

Мұғалжар тауының баурайынан орын тепкен ҚАЙЫҢДЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ жалпы саны үш балалар ойын алаңы бар. Оның екеуі — Алтынды ауылында болса, біреуі — Қайыңды ауылында. Қайыңды ауылының әкімі Жандос Құлбаев Қайыңды ауылына жаз мезгілінде кәсіпкерлер бір мәрте батут алаңын алып келіп, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлағанын мәлімдеді. Ол қысмезгілінде ауылдан мұз айдынын ұйымдастыру жоспарда жоғын жеткізді. Ал ауыл кітапханасы бекітілген жоспарға сай күнделікті жұмыс жасап тұр екен. Кітапханада ауыл балалары танымдық түрлі шараларға қатысып, көкжиектерін кеңейтуде.

АЩЫСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ балалары мен жастары да футбол ойынына аса қызығушылық танытуда екен. Бұл туралы айтқан Ащысай ауылдық округінің әкімі Баймұрат Оразов ауыл жастары екі мәрте футболдан Ақтөбе лигасына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүргенін жеткізді.

— Ауылдық округте балалар ойын алаңдарын салу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2023 жылы Сабындыкөл ауылынан, 2024 жылы Ақсу ауылынан балалар ойын алаңы салынды. Бүгінде ауыл балалары арнайы ойын алаңында бос уақыттарын өткізуде. Осы жылы Ащысай ауылындағы футбол алаңына жасанды жасыл желек төселді. Ал өткен жылы қыс мезгілінде Ащысай ауылының орталығынан ауылдағы шаруа қожалық иелері сырғанақ салып берді. Биыл да сырғанақ салуды жоспарлап отырмыз, — деді Баймұрат Оразов.

ЕГІНДІБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ әкімі Әлімжан Андакулов округ бойынша спорт алаңдары мен балалар ойын алаңы тек қана округ орталығы Бұлақтыда барын жеткізді. Аталған ауылдағы екі алаңның бірі 2013 жылы, екіншісі 2016 жылы бой көтерген. Сондай-ақ футбол алаңы да бар екен. — Ауылдағы мәдениет үйінде ауыл жастарына арналған бильярд және теннис үстелі бар. Жастарға осында келіп, уақыттарын тиімді өткізулеріне болады. Сонымен бірге ауыл кітапханасы оқушылардың кәдесіне жарап-ақ тұр. Осында келіп, түрлі қызықты мәліметтерді оқып, біле алады. Өткен жылы Бұлақты ауынан екі workout алаңы ашылды. Ал елді мекендерде ешқандай ойын және спорт алаңдары жоқ. Жаз мезгілінде Ембі қаласынан жеке кәсіпкерлер келіп, ақылы ойын алаңдарын ұйымдастырып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды, — деді ауыл әкімі Әлімжан Андакулов.

ҚҰМСАЙ АУЫЛЫНЫҢ балаларына заманауи ойын алаңы мен workout 2026 жылы салынбақ. Бұл туралы ауыл әкімі Нағыметтулла Сатаев айтты. Заманауи балалар ойын алаңына бюджеттен 15 млн 482 мың теңге, workout алаңына 11 млн теңге бөлінген.

Қазіргі уақытта ауылда балалар ойын алаңы жоқ. Екі жерде спорт алаңы бар. Ауыл балалары осы жерде бос уақыттарын өткізеді. Сонымен бірге мектептің жанынан спорттық үйірмелер жұмыс жасайды. Жыл сайын мектеп алаңынан мұз айдыны жасалып, балаларға тегін ойын ұйымдастырылады. Ауылда бұқаралық спорт жақсы дамыған деп айта аламын. Себебі жыл сайын ауылда дәстүрлі ауылдық спартакиада ұйымдастырылады. Балалар күнінде ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен балмұздақтар мен тәттілер таратылды, — деді ауыл әкімі Нағыметулла Сатаев. ҚҰМЖАРҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ бойынша осы жылдың жазында екі балалар ойын алаңы салынған. Оның бірі — округ орталығы Бірлік ауылында, екіншісі — округке қарасты Құмжарған ауылында. Балаларға базарлық болған бұл ойын алаңдарының кейбір бөлшектері бүгінде бүлініп үлгерген. Округ әкімі Қанағат Қалиевтің айтуынша, балаларға арналған ойын алаңына ересек балалар келіп, жауапсыздық танытып, сындырып кеткен.

Балалар ойын алаңының сынған жерлерін қайтадан жасап, қалпына келтіріп қойдық. Бұл балалардың игілігі үшін жасалған дүние. Осыны үнемі жастарға айтып, ата-аналарға ескертіп отырамыз. Бірақ нәтиже аз болып тұр. Ал спорт алаңдарына келетін болсақ, Бірлік ауылындағы 2023 жылы салынған спорт алаңының резеңке төсеніші тозығы жетіп, көнерген еді. Осы жылдың қыркүйегінде төсеніші жаңартылып, жасанды жасыл желек төселді. Құмжарған ауылында спорт алаңы жоқ. Құмжарғандық балалар ауыл мектебінің ауласындағы шағын спорт алаңына ойнайды, — деді ауыл әкімі Қанағат Қалиев.

Жаз мезгілінде ауыл балаларына барынша белсенді демалыс ұйымдастыруға тырысатынын айтқан ауыл әкімі жаз айларында мектеп ауласынан бассейн жасап, аудан орталығынан «батут» алаңдарын алдыртып, балаларға жақсы көңілкүй сыйлайтынын тілге тиек етті.

Міне, қыс та келіп қалды. Енді сырғанақтың маусымы ашылады. Біз жыл сайын мектеп ауласына мұз айдынын саламыз. Бұл үрдіс жыл сайын жалғасып отырады. Барынша балаларға уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік жасаймыз, — деді ол.

ТҮЙІН

Мақала жазу барысында ауыл балаларының уақытын тиімді өткізуге бағытталған жұмыстардың кезеңкезеңімен жасалып жатқанына көзіміз жетті. Дегенмен, әлі де атқарылар іс аз емес. Ауыл қарадомалақтары да қала балалары секілді заманауи ойын алаңдарында ойнап, типтік спорт алаңында дене шынықтыруға құқылы. Бұл заман талабы.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Алматыда үшінші теміржол вокзалы салынады

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады

admin_mugalzhar

ОСК мүшелері еліміздің 20 өңіріндегі сайлауға дайындық барысын тексеріп шығады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.