ҒАСЫР ҚАСЫРЕТІНЕ АЙНАЛҒАН БҰЛ ТАЖАЛ ЖЫЛ САЙЫН 17 МЫҢНАН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ӨМІРІН ЖАЛМАЙДЫ ЕКЕН. ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ТАРАТҚАН ДЕРЕГІНДЕ БҰЛ АУРУДЫҢ ЖАСАРЫП БАРА ЖАТҚАНЫ ДА НАҚТЫ АЙТЫЛҒАН. СОНДАЙ-АҚ АТЫ ЖАМАН АУРУДЫҢ ҮШТІГІН ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНДА КЕЗДЕСЕТІН ЖАТЫР МОЙНЫ ОБЫРЫ БАСТАП ТҰР. АУДАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ДА МӘЗ ЕМЕС. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АУДАНДА ҚАТЕРЛІ ДЕРТТІҢ ҚАМЫТЫН КИГЕНДЕР КӨБЕЙГЕН. 2022 ЖЫЛЫ 1 ҒАНА ӘЙЕЛ ОСЫ ДЕРТПЕН ЕСЕПКЕ АЛЫНСА, 2023 ЖЫЛЫ 7 ӘЙЕЛДЕН ҚАТЕРЛІ ІСІК АНЫҚТАЛҒАН.
АУРУДЫҢ АЛДЫҢ АЛУ – МАҢЫЗДЫ
Дәрігерлер жатыр мойнының обыры әйелдерде ең көп кездесетін онкологиялық дерт екенін, бұл дертке адам ағзасындағы папиллома вирусы себепкер болатынын айтады. Олардың сөзінше, бұрын бұл дертке 45-50 жас аралығындағы әйелдер көп шалдыққан. Алайда олар соңғы уақытта бұл аурудың жас әйелдерден де анықталып жатқанын айтып, дабыл қағуда.
—Жатыр мойны обырының басында қатерлі емес және обыралды процестер болады. Қарапайым эктопия, эндоцервикоз, лейкоплакия, эндометриоз, жатыр мойнының тыртықты дефформациясы қатерлі емес процестерге, түрлі деңгейдегі жатыр мойнының дисплазиясы — обыралды процеске жатқызылады. Сонымен бірге жатыр мойны обырының пайда болуына темекі шегу, бей-берекет төсек қатынасы, иммундық жүйенің әлсіреуі, жыныс жолымен берілетін түрлі инфекциялар, жыныстық қатынасқа ерте түсіп, ерте жүкті болу себепші болып жатады. Біз, гинеколог дәрігерлер, гинекологиялық ауруларды уақытында емдеп, асқынбауына жағдай жасаймыз. Егер әйелдің медициналық талдамаларында түрлі өзгерістер болып, күдікті жағдай орын алса, дереу онколог дәрігерге жібереміз, — деді аудандық аурухананың гинеколог-дәрігері Сабира Мамбетжанова.
Ол әйелдерде менструалды кезеңнен тыс уақытта қан кету жатыр мойны обырының негізгі белгілерінің бірі болып саналатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар иісі жағымсыз ақшыл бөлініс, іштің төменгі жағының аурулары, салмақ жоғалту, шаршаңқылық және кейде зәрде қан пайда болуы белгілері де болады екен.
ОБЫР ЕРТЕ АНЫҚТАЛСА, САУЫҒУҒА МҮМКІНДІК КӨП
Онкологиялық ауруларға күдікті науқас аудан онкологы Қуандық Мукашевтің қабылдауында болып, бақылауына алынады. Дәрігер қажетті тексерістер жасап, жатыр мойны обырының сатыларын анықтап, қосымша сараптамадан өткізіп, ем тағайындайды.
—Обырдың басқа түрлері секілді жатыр мойны обырының да төрт даму сатысы бар. Бірінші-екінші сатыларында анықталған жағдайда оны емдеп, жазып шығу әлдеқайда жеңіл болады. Бірақ көп науқастар ауруды өткізіп алып келеді. Обыр дегеннің өзі басында білдіртпей жүреді. Оның алдын алудың бір жолы – жыл сайын медициналық тексерістен тұрақты өтіп отыру. Сонымен бірге папиллома вирусына қарсы екпелерді алу да аурудың таралуына кедергі болады. Ол обыр дертіне шалдығу және АПВ жұқтыру қаупін едәуір төмендетеді, — деді онколог-дәрігер.
Онколог жатыр мойны обыры алдын алуға болатын аурулар қатарына жататынын жеткізді. Себебі бұл дерттің даму қарқыны өте төмен, преинвазивті мерзімі ұзаққа созылады екен. Дегенмен кез келген аурудың алдын алып, сақтанған абзал екенін де тілге тиек етіп, 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет дәрігерге қаралуы тиіс екенін қадап айтты.
—Онкоскринингтер қатерлі дертті анықтау және алдын алу мақсатында жүргізіледі, сол себепті тұрақты түрде өтіп тұру керек. Бүгінде скринингтен тіркелу орны бойынша емханадан тегін өтуге мүмкіндіктер қарастырылған. Тұрғындардың көпшілігі ауруды алдын алу қажеттігін түсінді. Бұрындары тексеруден өту қажеттігін айтып, соңында жүретін едік. Қазіргі таңда өздері келіп, тұрақты өтіп тұрады. Тұрғындар аурудың алдын алу, ерте диагноз қою, скрининг және емдеу — қатерлі ісікпен сәтті күресудің негізгі компоненттері екенін түсініп келеді. Әр адамның денсаулығы өзі үшін маңызды болуы шарт. Жалпы қатерлі ісікті ерте анықтау өмірді құтқарады, емдеу шығындарын азайтады және пациенттердің өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді, — деді ол.
ӨТКЕН ЖЫЛЫ 7 ӘЙЕЛДЕН ОБЫР АНЫҚТАЛҒАН
Дәрігер жатыр мойнының обырын емдеу әдісін науқастың жағдайы және аурудың сатысын есепке ала отырып белгілейтінін айтты. Негізінен жатыр мойнының обырына шалдыққандар хирургиялық, сәулелік терапия, химиотерапия сынды әдістермен емделеді екен.
—Химиотерапиямен емдеу — обырды азайтуға немесе көзін жоюға мүмкіндік береді. Оны науқас тамырына енгізу немесе дәрі түрінде қабылдайды. Бұл әдіс ауру қатты дендеген жағдайда, яғни, дерт қайталанса, немесе метастаз бар ісіктер денедегі шеткі аймақтарға енген болса, қолданылады. Ал хирургиялық емдеу — бүгінде ең кең таралған әдіс. Ол қатерлі жасушалар сол органның шегінде орналасқан жағдайда қолданылады. Сәулелік терапия да обыр жасушаларын өлтіру үшін жоғары энергетикалық сәулелер қолдану арқылы жасалады. Аурудың кеш сатысында осы аталған емдеу әдістері араластырылып қолданылады, — деді Қуандық Мукашев.
Оның сөзінше, 2022 жылы осы аурумен мұғалжарлық бір әйел науқастанып қалған. Ал 2023 жылы бұл дерттің көрсеткіші өсіп, науқастанып қалғандардың саны жетеуге жеткен. Бүгінде олардың барлығы да кешенді ем қабылдап жатқанын жеткізді.
— Біз науқастарды емдеп қана қоймай, психологиялық көмек те көрсетеміз. Обыр дертіне шалдыққан науқастар алғашында қатты күйзелісті бастан кешіреді. Бұл аурудың бірден бір жауы – күйзеліс. Егер диагноз анықталып, нақтыланса, науқасты қабылдауға шақырып, жайлап, жапсарлап айтуға тырысамыз. Барынша қолдау көрсетіп, жазылып кеткен науқастарды үлгі етіп, жұбатамыз. Осындайсәтте науқасқа өзінің ет жақындарының да қолдауы ауадай қажет. Тамақтану үрдісін дұрыстап, емді тұрақты қабылдаса, жаны тыныш болса, ауруды жеңіп шығуға болады, — деді ол.
Бірнеше жылдан бері онкология саласында еңбек етіп жүрген дәрігер Қуандық Мукашев аты жаман ауруды жеңіп, құлан таза айығып кеткендердің де көп екенін қуанышпен жеткізді.
— Науқастарымның ауыр дертті жеңіп шыққанын көру — үлкен қуаныш. Сол кездерде меннен артық бақытты адам болмайтын шығар. Біз дәрігер болғаннан кейін адамдардың ауырмағанын қалаймыз. Тұрғындар біздің қабылдауымызға ауырып ем іздеп келмей, тек алдын алу үшін медициналық тексерілуге келсе екен, — дейді денсаулық сақшысы.
ДЕРТ ЖАСТАРДЫ ДЕНДЕП БАРАДЫ
Бұрын «жаман ауру» деп атын атаудың өзі қорқынышты болған бұл аурудың дендегені соншалық, жастарға ауыз салуда. Аталған дерттің көбейгенімен қоймай жастарға жабысуының себебін дәрігерден сұрадық. Ол обыр дертінің көбею себебінің алғашқы қатарына табиғаттың таза еместігін, тыныстап жүрген ауамыздың экологиялық жағдайы нашар екенін кіргізді. Ал екінші себебін дұрыс тамақтанбағаннан деп атап көрсетті.
—Бүгінде жастардың көпшілігі салауатты өмір салтын дұрыс ұстанбайды. Жеміс-жидек пен көкөністі жеткілікті мөлшерде қолданбау, белсенді қозғалмау, темеке шегу, насыбай ату, алкогольді ішімдіктерді пайдалану сияқты әрекеттер ауруға себеп болады. Сонымен бірге артық салмақ та қатерлі ісіктің асқынуына әсер етеді. Әрбір жағымсыз әсер жай кетпейді, тінде із қалдырып кетеді. Міне осындай мутациялық өзгерістер жинақтала келе денеде ісіктің пайда болуына себепкер болады. Ісіктің өсіп, дамуына канцерогенді әсерлі заттар да себепші. Күнделікті тұтынып жүрген заттардың құрамында екі мыңнан астам осындай зиянды заттардың түрі барын ескеру керек, — деді ол.
Онколог жоғарыда аталғандардың барлығын ескеріп, денсаулықты ең басты орынға қою қою қажеттігін баса айтты. Оның сөзінше, толық емделмеген созылмалы дерттің де асқынып, ісікке айналуы мүмкін екен.
—Денсаулығын бірінші орынға қоятын адамдар салауатты өмір салтын ұстанып, мейлінше, табиғи өнімдермен тамақтанып, спортпен шұғылданып жүргені абзал. Сонымен бірге көңіл-күйдің де көтеріңкі болғаны жақсы. Атабабаларымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған ғой, — деп сөзін түйіндеді дәрігер.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ