АЛАШОРДАШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІ МҮШЕСІ БОЛЫП, ҰЛТ ҮШІН КҮРЕСКЕНДЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА ЖҰБАНОВТАРДАН БӨЛЕК МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ОМАР ЕСЕНҒҰЛОВ ЕСІМДІ АРЫСТЫҢ БОЛҒАНЫН КӨПШІЛІКТІҢ БІЛЕ БЕРМЕЙТІНІ АНЫҚ.
Жерлесіміз қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігер. Халқының қамы үшін қызмет еткен, білім мен ұлт азаттығын қатар ту еткен тұлғалардың бірі. Ол 1886 жылы 15 мамырда Орал облысы, Темір уезінде дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған Омар Есенғұлов алдымен облыстық Романов атындағы орыс-қазақ училищесін тәмамдап, кейін Орал әскери училищесінде оқиды. Арабша, орысша сауатын өз бетінше жетілдірген жас жігіт 1910 жылы Б.Бисенов және Ы.Шұғыловтармен бірге Саратов университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. 1914 жылы дәрігерлік дипломын алып, Саратовтағы Земгор лазареттер одағында ординатор болып қызмет етеді.
1917 жылы ел тағдыры шешілер сын сәтте Орынборда өткен Торғай және Орал облыстарының қазақтарының съезіне қатысады. Бұл съезд кейін Алаш партиясының құрылуына жол ашқан маңызды жиын еді. Сол съезде Омар Есенғұлов ұйымдастыру бюросының мүшесі болып сайланып, ұлттық мәселелерді талқылау ісіне белсене атсалысты. Кей деректер бойынша, ол Жәлімбет батырдың тікелей ұрпағы – шөбересі болған. Ел тағдырына алаңдаған ұлт қайраткері Алаш партиясының жұмысына белсене араласты. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларымен бірге партия бағдарламасын жасауға атсалысты. 1917 жылғы бірінші жалпықазақ съезінің ұйымдастырушыларының бірі болды. Кейін кеңестік қуғын-сүргін жылдары Есенғұлов 1929 жылы тұтқындалып, Воронеж қаласына жер аударылады. Елге 1930 жылы ғана оралып, 1955–1965 жылдар аралығында Ақтөбе маңындағы Қурайлы ауылында дәрігерлік қызмет атқарды.
Өмір жолында қиындық көп болсада, оладамгершілік пен адалдықтың үлгісін көрсетіп өтті. Есенғұлов отбасылық өмірінде де тағдырдың талай соқпағын бастан өткерді. Татар әйелінен туған балалары – Әнуар, Талғат, Нәпиза, Қапиза, Әлия. Олар – бүгінде ұлт руханиятының үнсіз ізбасарындай. 2012 жылы «Ана тілі» газетінде журналист Жұмабек Кенжалин өзінің мақаласында Алаш қайраткерлерінің қатарында Омар Есенғұловтың есімін ерекше атап өткен болатын. Бұл – оның ұлт тарихындағы орнын айқындай түскен дерек. Бүгінде Алаш арысының мәңгілік тыныс тапқан жері – қазіргі Құмжарған ауылдық округінің Ащы өзенінің бойындағы Жаманбұйрат қыстауы маңы. Біз, музей қызметкерлері бастаған зерттеушілер мен жергілікті азаматтар Темірхан Нұрмағамбетов менполицияағалейтенантыАзизхан Елғондин ауыл ақсақалдарының көмегімен оның бейітіне барып, құран бағыштап, қайттық. Омар Есенғұлов – елінің азаттығы мен білім жолында аянбай еңбек еткен ұлттың ұлы перзенті. Оның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, елге адал қызметтің айқын үлгісі.
Лилия ШАМҒАЛИЕВА, музейдің ғылыми қызметкері
Келесі
