«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Шетелдік нөмірлі көлігіңізді тіркедіңіз бе?

Елімізге әкелініп жатқан шетелдік нөмірлі көліктерді Қазақстанда заңды түрде тіркеу үшін не істеу керек? Көлік иелеріне қандай талаптар қойылады? Тіркеу барысында жүргізушілер жиі кездесетін қиындық немесе кедергі бар ма? Оларды шешу жолдары қандай? Шетелдік көліктерді тіркеу мерзімін өткізіп алған азаматтарға қандай жауапкершілік немесе айыппұл түрлері қарастырылған?
Бұл сұрақтар шетелдік нөмірлі көлік тізгіндеген кез келген жүргізушіні ойландырары сөзсіз. Біз осы сұрақтарды Ақтөбе облысы полиция департаменті Процессинг орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы, полиция капитаны Айгүл Сармурзинаға көлденең тартқан едік…
— Жыл басынан бері облыста 18 157 көлік тіркеуге қойылды, шетелдік көліктер, негізінен, Қытай (12 861), Грузия (4 421), Біріккен Араб Әмірліктерінен (685), Германия (61), Америка құрама штаттарынан (67), Корея (58), ТМД (4) елдерінен әкелінген. Қытайдан, Грузиядан әкелінетін көлік саны көп. Көлікті қай елден сатып алып келсе де, мемлекеттік тіркеу үшін қойылатын талап пен ұсынылатын құжаттар саны бірдей.
Мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №862 бұйрығына (2024 жылғы 10 сәуірдегі №315 бұйрықпен өзгерістер енгізілген) сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бұйрықта көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу және есепке алу, сондай-ақ жүргізуші куәліктерін беру тәртібі нақты көрсетілген.
Бұйрық талаптарына сәйкес көлікті тіркеу үшін оның иесі немесе өкілі бірнеше құжат ұсынуы керек: біріншіден, жеке куәлігі немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі электрондық құжаты болуы қажет. Сондай-ақ тіркеу алымы мен мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжаттар керек. Кей жағдайларда, мысалы, дипломатиялық өкілдіктер мен олардың қызметкерлері бастапқы тіркеу үшін бұл төлемдерден босатылады.
Бастапқы тіркеу кезінде кәдеге жарату төлемін растайтын сертификат, көліктің паспорты немесе электронды паспорты, бұрынғы тіркеу нөмірлері заңды тұлға болса, ұйымның мөрімен расталған бұйрығы, меншік құқығын растайтын құжат, кедендік рәсімдеуді растайтын құжаттар, конструкция өзгерістеріне қатысты сертификат және көлікті қарап тексеру актісі де қажет.
Осы құжаттар толық жинақталған кезде ғана көлік ресми түрде тіркеледі. Бұл заңды орындау және өзіміздің, сондай-ақ жолда жүрген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Аталған бұйрықтың толық нұсқасын интернеттен тауып алып оқуға болады, ашық түрде қолжетімді, — дейді ол.
Сонымен бірге Айгүл Сармурзина бізге Қазақстан Республикасының 2014 жылдың 17 сәуіріндегі №194 «Жол жүрісі туралы» Заңның 62-64 баптары туралы да айтты.
62-63 баптарда көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің мақсаттары мен міндеттері туралы айтылған. Заңға сәйкес (62-бап) Қазақстанда көлікті тіркеудің негізгі үш мақсаты бар, олар — көліктің Қазақстан аумағында және шекарадан тыс жолда жүруіне немесе қолданылуына заңды рұқсат беру; барлық көлікті мемлекеттік есепке алу, яғни олардың деректерін тіркеу және көлікті пайдалану кезінде жасалған қылмыс пен құқықбұзушылықтарды анықтау және алдын алу.
Заң бойынша (63-бап), басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген, халықаралық жол жүрісіне қатысатын және Қазақстан Республикасына бір жылдан аспайтын мерзімге әкелінетін механикалық көлік құралдарын қоспағанда, Қазақстанда жасалған немесе елімізге әкелінген механикалық көлік құралдары міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Егер көлік заң бойынша тіркелмесе, оны Қазақстан жолдарында пайдалану мүмкін емес.
Аталған заңның 66-бабына сәйкес көлік құралдары иелерінің уәкілетті органнан көлік құралдары мен олардың тіркемелерін мемлекеттік тіркеу тәртібі туралы ақпарат және түсіндірме алуға, көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің цифрлық, әріптік белгіленуін таңдауға құқығы бар.
Егер көлікті Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сатып алған немесе жеке пайдалану, ішкі тұтыну немесе уақытша әкелген болса, көлік иелері темір тұлпарын он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға тіркеуге тиіс.

М.ТАБЫН.

Ұқсас ақпараттар

АҚКЕМЕРЛІК “ШАМШЫРАҚ” ТЕАТРЫ ҮЗДІК АТАНДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстан 4 сала бойынша жаһандық ауқымда ықпалын жүргізе алады – Ұлттық құрылтай

admin_mugalzhar

ТУҒАН ЖЕРІМ — ӨЗ МЕКЕНІМ, ӨЗ ӨЛКЕМ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.