«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АРХИВ: САРҒАЙҒАН ҚҰЖАТТАРДЫ САҚТАЙДЫ…

АРХИВ – ЕЖЕЛДЕН ЖЕТКЕН ТАҢБАЛЫ ТАС СЕКІЛДІ ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТАМЫРЫ, РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ. ОСЫ ТАРИХЫМЫЗ ТАСАДА ҚАЛМАУ ҮШІН 1998 ЖЫЛЫ «ҰЛТТЫҚ АРХИВ ҚОРЫ ЖӘНЕ АРХИВТЕР ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАБЫЛДАНҒАН БОЛАТЫН. ӘЙТСЕ ДЕ, АТАЛ-ҒАН САЛАҒА НАҚТЫ КӨҢІЛ БӨЛІНБЕЙ, КЕНЖЕЛЕП ҚАЛҒАНЫ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. БҮГІНДЕ ОСЫ ОЛҚЫЛЫҚТЫҢ ОРНЫН ТОЛТЫРУ МАҚСАТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА. 2019 ЖЫЛЫ ҮКІМЕТТІҢ ҚАУЛЫСЫ НЕГІЗІНДЕ 22 ЖЕЛТОҚСАННЫҢ АРХИВШІЛЕР КҮНІ БОЛЫП, МЕРЕКЕЛІК КҮНТІЗБЕЛЕР ҚАТАРЫНА ЕНУІ ДЕ СОНЫҢ БІР ЖОЛЫ БОЛАР, СІРӘ. СОНЫМЕН БІРГЕ СОЛ ЖЫЛЫ «АРХИВ-2025» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАСАЛЫП, АРХИВТЕРДІҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛЫП, ӨРКЕНДЕУІНЕ ЖОЛ АШЫЛҒАНДАЙ… ОСЫ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ БІЗДІҢ АУДАНДА ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАНЫ ТУРАЛЫ БІЛМЕК НИЕТТЕ АРХИВКЕ АРНАЙЫ БАРЫП, АУДАН ТАРИХЫНА ҮҢІЛІП, ТЫНЫСТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСЫП ҚАЙТТЫҚ.

Қандыағаш қалалық әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан Мұғалжар аудандық мемлекеттік архиві 1993 жылы 21 мамырда құрылған. Ал Ембі қаласындағы архивтің бөлімшесі 1991 жылы құрылған. Бүгінде штат бойынша аталған мекемелерде 5 адам жұмыс жасайды. Алғаш мекеменің басшылық қызметін Құсайын Дастанов атқарды. Кейінгі жылдарда Бауыржан Бахатов, Жәнібек Қылышбаев, Кенжалы Мұсаев. Әлім Ахметов, Құралбай Байсұлтановтар аудандық архивті басқарды. 2018 жылдан бастап архивке Жали Әбдиев меңгерушілік етеді. Оның берген мәліметіне сүйенсек, аудандық архивте 130 қор, 33140 сақтау бірлігі бар.

Ұрпақтар ауысса да, архив құжаттары қалады. Өйткені архив — мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының сақтаушысы. Мемлекеттік архив — құжаттарды қабылдап және пайдаланушылардың мүдделеріне сай пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме. Біздегі деректер аудан аумағындағы мемлекеттік мекеме мен мәслихаттың құжаттары. Бүгінде мекемеде үлкен жауапкершілікті сезінетін, өз ісін жақсы білетін мұрағатшылар қызмет етеді. Олар қорға түскен әр құжатты сақтауға өткізген соң, көздің қарашығындай қорғап, сол қалпында ұстап отырады. Архив құрылғалы Дина Жармағамбетова мен Назгүл Жәлімбетова елеулі еңбек етіп келеді. Сонымен бірге Анар Ереева, Гүлназ Есенова қызмет етеді, — деді Ж.Әбдиев.

Қазіргі таңда аудандық архивте әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени құжаттар жинақталған. Архив қызметкерлерінің мақсаты құжаттарды сақтау, қоғам мен мемлекет мүддесі үшін пайдалануды жан-жақты қамтамасыз ету. Дегенмен архив меңгерушісі архивтің қоймаларында құжаттарды сақтайтын орын тапшы екенін, соның салдарынан мекемелерден келген құжаттарды қоятын жер таппай отырғандарын жеткізді.

Құжат қоймаларындағы ауаның бірқалыпты болуы мен уақытылы алмасуы құжаттардың дұрыс сақталуына толық мүмкіндік жасайды. Өкінішке орай, бүгінде біздің архивте бұндай жағдай болмай тұр. Облыстық құрылыс басқармасы архив пен музейге арнап талапқа сай ғимарат салуды жоспарланған еді. Алдағы уақытта ғимарат салынатын болса, біз де архив ішін бүгінгі стандартқа сай жасақтаймыз. Оның ішінде құжаттар қоймасы, оқу залы, т.б. қосалқы бөлмелері болады деп жоспарлануда, — деді архив меңгерушісі.

Құжаттар әлеуметтік-құқықтық сипаттағы азаматтардың өтінішін қанағаттандыру үшін кеңінен пайдаланылады. Сақтаудағы құжаттардан адамдарға еңбек өтілі, еңбек ақысы жөнінде анықтамалар беріледі. Тіпті архивке келмей-ақ сұрауды электрондық пошта, интернет арқылы жолдап, архивтік анықтама алуда.

Қазіргі таңда архив ішінде өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы жұмыс жасайды. Бұл жер жеке дара web камерасы бар компьютермен, сканермен, принтермен жасақталған. Архивке келушілер ЭЦҚ кілтімен Egov порталы арқылы архивке өтініш беріп, іздеген құжаттарын табуға мүмкіндік алады, — деді архив меңгерушісі.

Аудандық архивке бас сұққан біз құжаттар қоймасын аралап көруді жөн көрдік. Аудандық архивте аудан тарихы үшін маңызды саналатын құнды құжаттардың сақталмағанын айтқан архив меңгерушісі, аудан тұрғындарының көпшілігі құнды құжаттарды музейге тапсыратынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда архив саласының дамуына «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заң жобасы серпін беріп, үлесін қосып келеді. Осы заңға сәйкес, аудандық мемлекеттік архивінде мемлекеттік сақтауға өткен құжаттардың тізімдері, тізімдемелері мен сақтау бірліктері, қор карточкалары электрондық жүйеге көшірілуде. Архивтің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығаюда. Принтер мен сканер алынып, құжаттарды көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Оның айтуынша, құжаттар 100 жылдан кейін сыртқы факторлардың әсерінен түпнұсқалығын жояды. Ал оларды сканерлеп, түпнұсқаны сақтауға болады. Себебі электронды цифрлы нұсқаға көшу — заман талабы. Бүгінде А3 форматтағы қағаздарды сканерлейтін құрылғы алынған.

Қазіргі таңда электронды құжаттардың бірыңғай айналым жүйесіне енудеміз. Архив материалдары қолжетімді болу үшін мұрағатшылар жұмыс жасауда. Осы уақытқа дейін архив құжаттарының 5 пайызы сканерден өтті. « Ақпаратты Қазақстан – 2025» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі құрылып, архив қорларындағы құжаттарды цифрлау жұмысы кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Сканерленген құжаттар «Е-архив» порталына енгізілуде. Цифрландыру жүйесінің архив саласында мамандарға уақыт үнемдеуге, құжаттарды сақтауға, сұраным берушілерге қолжетімділікті арттыруда тигізетін пайдасы зор, — деді Жали Әбдиев.

Аудандық архивтегі ең көне құжат 1930 жылдардың тарихынан сыр шертеді. Сол жылдардан ауданның дамып-өркендеуіне үлес қосқан әрбір мекеменің қатталған тарихының ізі архивтегі сары қағаздарда сайрап тұр. Білім бөлімінің құжаттары сонау бұрынғы Темір ауданы болған кезден бастап сақталған. 1935 жылғы АХАТ құжаттары да бар. Ал қаржы бөлімінің құжаттары 1938 жылдан басталады. Бұл жерден мәдениет бөлімінің де құжаттарын табуға болады. Мұрағатшы Назгүл Жәлімбетованың айтуынша, аудандағы кезінде үлкен мекеме болған бірқатар совхоздар мен кәсіпорындардың құжаттары сақталмаған.

Архив алғаш ашылған жылдары тек қана жеке құрам бойынша құжаттар қабылдады. Кейін мемлекеттік архив болғаннан кейін барлық құжаттарды қабылдап жатырмыз. Бүгінде аудан аумағындағы мекемелердің құжаттарын жинап отырамыз. Олар әр бес жыл сайын құжаттарын тапсыруы қажет. Архив басшылығы өз тарапынан мекемелерге хат жолдап, құжаттарын тапсыруға сұраныс жібереді. Бір өкініштісі, Октябрь ауданы бойынша көп құжаттар кезінде тапсырылмаған. Айталық, бұрынғы Шилісай кен орнының, ОРС НОД-2, Димитров, Пролетар, Ильичев секілді ірі совхоздарының құжаттары облыстық архивте де жоқ. Біз сұраныс жібереміз, іздейміз, өкінішке орай, өздері келіп тапсыратын мекемелер аз. Ал Ембі, Жұрын аумағы бойынша құжаттардың басымы сақталған. Бүгін де архивте тұрған құжаттардың көпшілігі іздеумен, сұраныспен келген құжаттар. Бұлардың барлығы біздің тарихымыз. Тұрғындар осыны ескеріп, құжаттарын тапсырса екен, — деді Назгүл Жәлімбетова.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ…

Жазба деректерді жинастырып сақтау ісі тұңғыш рет Мысырда, Қытайда, Ежелгі Грекияда, Римде, тағы басқа елдерде мемлекеттік дәрежеде қолға алынды. Ал Қазақстанда дербес архив XVIII ғасырда Бөкей ордасы архивімен байланысты. Қазақстандағы архив жүйесі (республика, салалық, аймақтық, т.с.с.) негізінен ХХ-ғасырдың 20–30-жылдары қалыптасты. Ұлттық архив ісінің бастауында А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сынды мәдениет қайраткерлері тұрды. Мемлекеттік архив 1921–38 жылдары Қазақ АКСР-і Халық ағарту халкоматының, 1938–58 жылдары Қазақ КСР-і Ішкі Істер халкоматының қарамағында болды, 1958 жылдан Министрлер кеңесіне бағындырылды. Облыс, аудан архивтері жергілікті әкімшіліктерге қарады.

Архив қызметінің басты бағыттары: қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылым анықтамалар мен көрсеткіштер жасау; құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету. КСРО дәуірінде архив социализмді дәріптеудің идеологиялық құралы болды. Республикадағы барлық құжаттар айналымының 10%-ға жуығы коммунистік құндылықтар тұрғысынан мұқият сұрыпталып, мемлекет сақтауға – архивке жинақталды. Құжаттардың біржақты іріктелуінің салдарынан Қазақстанның шынайы тарихын бейнелейтін аса бағалы деректер архивке түспей, біржола жойылып отырды.

Ал архив қорындағы құжаттардың басым бөлігі түрлі жасанды шектеулер қою арқылы зерттеушілерге берілмеді. Қазіргі архивтерде дәстүрлі қағаз құжаттардың түпнұсқаларымен және көшірмелерімен қатар фото-киноматериалдар, дыбыстық және бейнежазбалар, ақпараттың барлық жәдігер түрлері сақталады. Архивтерде мәңгілік мерзімге сақталып, қорғалатын тарихи деректер – мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайы, экономика, саяси-идеология қатынастары туралы құжаттар Ұлттық байлықтың бір бөлігі болып табылады. Тәуелсіз Қазақстан архивінің қызметіне халықаралық байланыстардың артуы оң ықпалын тигізіп отыр.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ОҚУШЫЛАР ҚАЙТА МЕКТЕПКЕ БАРДЫ

admin_mugalzhar

ОБЛЫС БАСШЫСЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

admin_mugalzhar

БІЛІМ САЛАСЫ: ӨЗГЕРІСТЕР БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.