«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Рәміздерді құрметтеу — әр азамат парызы

Тұғырлы тәуелсіздігін еншілегеніне жиырма жеті жылдан асқан Қазақстан Республикасының еркіндігін сипаттап, елдігін танытатын, егемендігі мен біртұтастығын мейлінше нақтылай түсетін мемлекеттік рәміздердің бүгінгі күні стандарты қандай? Осынау жауапты іске аудандағы мемлекеттік мекемелер мұқият мән беріп жүр ме? Өйткені, еліміздің елдігінің айғағын көрсететін мемлекеттің бұл құндылығының да сұрауы бар.

Негізі мемлекеттік рәміздерді қолданудың жай-күйін толық қамтитын мұндай сауалдардың салмағын аудан бойынша «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңы талаптарының орындалуын қадағалау мақсатында құрылған мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиясы көтереді. Комиссия отырыстарында мемлекеттік мекемелерде рәміздердің өзіндік стандарттарына сай болуы және соған сәйкес орналасуы жіті ескеріледі. Егер заң талаптарына қайшы келсе, онда ондай мекеме басшылығы әкімшілік құқық бұзғандығы үшін жауапкершілікке тартылады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын бір және көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі. Мәселен, бір мен бесінші қабат аралығындағы (20 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Ту (1 х 2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады. Қазіргі кезде Мемлекеттік Тудың ҚР СТ 988-2007, ал Елтаңбаның ҚР СТ 989-2014 ұлттық стандарттары қолданыста. Еске салсақ, өткен жылдың бірінші шілдесінен бастап Елтаңбаның жаңа стандарты туралы заңнама күшіне енген еді. Жаңа стандарт бойынша Елтаңбаның түсі, көлемі және кейбір тұстары өзгерді. Сондай-ақ, ондағы әр бөлікке атау беріліп, бұрынғы 36 элементтің саны 41-ге артты. Мемлекеттік рәміздердің белгіленген осы стандарттарын қатаң сақтау — аудандағы барлық елді мекендердегі мекемелер үшін аса маңызды іс. Аудандық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, ҚР СТ 989-2014 стандартты Мемлекеттік Елтаңбаны ауыстыруға былтырғы жылы аудан бойынша 4 млн. 425 мың теңге қаржы жұмсалып, мекемелердегі Елтаңбалар жаңа стандартқа сай өзгертілді. Ал мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссияның мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану жұмыстарына сәйкес, биылғы жылы үш мәрте мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өткізілді. Осыған орай, мемлекеттік мекемелердің өкілдеріне арналып, рәміздердің орналасу тәртібі, олардың стандартқа сәйкестігін тексеру бойынша түсіндірме жұмыстары да жүргізілді. Мемлекеттік рәміздердің мемлекеттік мекемелерде дұрыс қолдану ережелері талқыланды. Осы ретте, Ақкемер ауылы мен Қандыағаш қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарында кемшіліктер байқалған болатын. Оның біріне нысандардағы маңдайша атауларының дұрыс болмауы себеп болса, енді бірі ондағы Мемлекеттік Тудың ескіруімен байланысты. Ескерту алғандар бір аптаның ішінде бұл олқылықтарын қалыпқа келтіріп, түзету енгізді.

-Мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мемлекеттік органдар, білім және мәдениет мекемелері үшін стратегиялық маңызды міндеттердің бірі саналады. Бүгінде мемлекеттік рәміздерді дайындау және пайдалану кезіндегі орын алған кемшіліктерге  деген жауапкершілік күшейді. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 418-бабында Қазақстан Республикасының Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасына қойылатын ұлттық стандартты бұзған жағдайда, соның ішінде ұлттық стандартқа сай келмейтін Ту мен Елтаңбаны дайындаған жеке тұлғаларға – жиырма бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — елу, орта кәсіпкерлік субъектілерге – жетпіс бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — екі жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатындығы көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді еліміздің мемлекеттік нышандар туралы заңнамасын бұза отырып орналастырғандарға, мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қолданылатын жаза қатаңдатылды. Айта кетсек, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлаған азаматтарға екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, алты жүз сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартылып, сондай-ақ, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектелініп не сол мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы бар, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы және аудан әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлназ Серікқалиқызы.

Барлығымызға мәлім болғандай, мемлекеттік Ту, Әнұран, Елтаңба —  бабалар аңсаған асқақ арман мен асыл мұраттың ең бағалы нышандары саналады. Сондықтан да егемен елдің тағылымды тарихын әрдайым айшықтап тұрар мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс. Мұны әрбір қазақстандық «азаматтық борышым» деп түсінгені абзал.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

 

 

Ұқсас ақпараттар

2022 жылдан бастап 1 сынып оқушыларына «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізіледі

admin_mugalzhar

КВИ заразился ребенок

admin_mugalzhar

17,7 мың отбасы өткен жылы неке бұзды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.