«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қазақстандағы реформалар – әлем назарында

Ата заңымыздың жаңа жобасы жарияланды. Консти­туциялық реформа – Мемлекет басшысының идеясымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаның заңды жалғасы. Былтыр қыркүйекте халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында Президент елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың маңызын атап өткені белгілі. Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік реформа аясында бастапқыда Ата заңның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу мүмкіндігін ескерткен. 

Алайда жұмыс барысында жұртшылық пен салалық мамандардың ұсыныстары ескеріліп, арнайы комиссияның ұйғарымымен жобада Ата заңымыздың 84 пайызы жаңарды. Елімізде қолға алынған кең көлемді реформалардан әлем елдері де хабардар болып, оның даму барысын жіті бақылап отыр. Осы орайда шетел сарапшыларының басын қосқан дөңгелек үстел ұйымдастырып, олардың пікірін білуді жөн көрдік. Конституциялық реформа төңірегіндегі сұрағымызға Пәкістан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Аймақтық зерттеулер институтының Орталық Азия бойынша сарапшысы Хамза РИФАТ, Оңтүстік Корея Ханкук шетел тілдері университетінің профессоры Сон Ён ХУН, Қырғызстан Жогорку Кенешінің экс-төрағасы, Дипломатиялық академияның проректоры Зайнидин ҚҰРМАНОВ, Сербия Скупщинасының (Парламент) мүшесі, Қазақстан – Сербия парламентаралық достық тобының мүшесі Александр ЧОТРИЧ, Малайзия Стратегиялық және халықаралық зерттеулер институтының сарапшысы Каррем КАССИМ жауап беріп, ойларын ортаға салды.

– Алғашқы сұрағымыз: Қазақ­станда қолға алынған сая­си реформа­ларға қандай баға бересіздер? Ерекше­ліктерін атап айта аласыз ба?

Хамза РИФАТ:

– Бұл конституциялық реформаны елдің ұзақмерзімді мемлекеттік құры­лыс үдерісінің заңды кезеңі ретін­де қа­рас­тыруға болады. Қазақстан тәуел­сіздік алғаннан бері тұрақтылықты, кезең-кезеңмен жаңғыруды әрі күрделі аймақтық жағдайда қоғамдық келісімді сақтауға басымдық берді. Бұл рефор­ма саяси институттарды неғұр­лым білім­паз халыққа, әрта­раптандырылған эконо­микаға және жаңа жаһандық шындық­қа барынша сәйкес келетіндей етіп жаңар­туға ба­ғытталған күш-жігерді көрсетеді. Сонымен бірге елдің дамуын қамтамасыз еткен қуатты мемлекеттік дәстүрді сақтайды.

Бұдан күтілетін өзгерістер институ­ционалдық жауапкер­шіліктерді нақ­тылау, құқықтық тетіктерді жетілдіру мен өкілдік құрылымдарды кү­шейту арқы­лы басқаруды тиім­дірек әрі келе­шегі зор тетікке айнал­дыру­ға бағытталған. Тосын сая­си өзгерістердің орнына, бұл ре­фор­ма жүйені болашақ сын-қа­тер­лерге бейімдейтін үздіксіздікті қамта­масыз етуге арналғаны көрініп тұр. Конс­титуциялық нормаларды жаң­ғырту арқылы Қазақстан өзі­нің тарихи тәжірибесі мен ұлт­тық басымдықтарына сәйкес келе­тіндей әкімшілік тиімділікті, құқықтық сенімділікті және жұрт­шы­лықтың қатысуын жақсартуға ниетті екенін көрсетеді.

Зайнидин ҚҰРМАНОВ:

– Осы реформалардың ерек­шелігіне келсек, Қазақстанда қолға алынған «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжы­рым­­­дамасының нақты іске асуын байқауға болады. Аталған тұ­жырымдама – билік пен халық арасындағы диалогті білдіреді. Бұл орайда билік тарапы азамат­тың қоғаммен және бизнес сектормен диалогті дұрыс жолға қоюы керек. Сонда мемлекет үйлесімді әрі теңгерімді дамиды. Тек билік тетіктеріне ғана сүйеніп мемлекет құру мүмкін емес. Бұл бюрократиялық төрешілдік стильдің қалыптасуына әкеп соқтырады. Ал мемлекет жасақ­тау ісіне азаматтық қоғам мен бизнестің қатысуы қоғам мен билік арасындағы теңгерімділікті сақтайды. Олар бір-біріне сүйеніп жұмыс істегенде ғана мемлекеттің ғұмыры баянды әрі ұзақ болатыны сөзсіз.

Сон Ёң ХУН:

– Қазақстанда кейінгі жылдары жүзеге асып жатқан конститу­циялық реформалар елдің сая­си дамуы жолындағы маңызды бет­бұрыс кезеңін айқындайды. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған маңызды бастама­лар­дың бірі – Ұлттық құрыл­тай мен Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының миссиясын аяқ­тап, олардың орнына жаңа консуль­тативті орган – Халық кеңесін құру идеясы ерекше назар аудар­тады. Халық кеңесі қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісім, ішкі саясат пен мемлекеттік идеология мәселелерін талқылайтын институционалдық алаң болмақ. Кеңес­тің заң шығару бастамасы құқы­ғына ие болуы бұл органды консуль­тативтік құрылымнан жоғары деңгейге көтереді. Алайда сырт көз ретінде атап өтетін жайт – Халық кеңесі­нің тиімділігі оның формалды мәртебесінде емес, қоғамдық пікірді шынайы жеткізе алу қабілетінде
деп ойлаймыз.

– Осы орайда азаматтық қоғамды дамыту мәселесінде Қазақстан мен Корея заңна­масында қандай ұқсастық бар?

Сон Ёң ХУН:

– Ерекше назар аударатын мәселе – Конституциялық соттың қайта құрылуы мен азаматтардың оған тікелей жүгіну құқығы. Кореяда да конституциялық бақылау институтының күшеюі азаматтардың құқықтық санасы­ның өсуі мен мемлекетке деген сенімнің артуына ықпал етті. Қазақстан үшін бұл реформа құқықтық мемлекетті нығайту жолындағы маңызды тетікке айналуы мүмкін.

Азаматтық қоғамды дамыту мәселесінде де ұқсастық бар. Қазақстанда саяси партияларды тіркеу талаптарының жеңілдеуі, жергілікті өзін-өзі басқару инс­титуттарына көңіл бөлінуі қо­ғамның саяси белсенділігін арттыруға бағытталған. Корея тәжірибесі көрсеткендей, дәл осы кезеңде қоғамдық ұйымдар мен жергілікті бастамалар демократиялық мәдениеттің негізін қалыптастырады.

Дегенмен сыртқы бақылаушы ретінде бір маңызды жайтты атап өткім келеді: конституциялық реформалардың табысы – олар­дың мәтінінде емес, іс жүзінде жүзеге асуында. Кореяда 1987 жылғы реформадан кейін де ұзақ уақыт бойы институционалдық дағдылар қалыптасты, саяси мәдениет өзгерді. Қазақстан үшін де бұл үдеріс бір күнде аяқталмайтыны анық.

Қорытындылай келе, Оңтүс­тік Кореяның тәжірибесі көрсет­кендей, мұндай реформалар тұрақты әрі дәйекті түрде жүзеге асқанда ғана өз нәтижесін береді. Егер Қазақстан осы бағытта жүйелі қадамдарын жалғастырса, қазіргі өзгерістер елді неғұрлым ашық, жауапты және сенімді сая­си жүйеге алып келетініне сенім бар.

Каррем КАССИМ:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары негі­зінен мемлекеттік әлеуетті арт­тыруға бағытталған. Бұл жерде дәйекті басқару, мемлекеттік сектордағы тәртіп пен әкімшілік тиімділікті жақсартуға баса назар аударылған. Бұл тәсіл Малай­зия сияқты көптеген орта табысты елдердің тәжірибесімен үндеседі, мұнда реформалардың беделі көбіне институттардың тұрақты, теңгерімді нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігімен анық­талады.

Экономикалық тұрғыдан алсақ, Қазақстан экономикалық жаңғыртуға, инфрақұрылымға, цифрландыру мен әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударып отырғаны көрінеді. Бұл басымдықтар да Малайзияның өзіндік даму мақсаттарымен үйлеседі, сонымен қатар саудаға бағыт­талған, көпұлтты, орта эконо­­мика ретінде өзара геоэко­номикалық позицияны бөліседі.

2024 жылдан бастап Қа­зақстанда малайзиялық 48 компания жұмыс істеп келеді. Қазір құны 410 млн АҚШ долларынан асатын 17 бірлескен кәсіпорын жобасы жүзеге асырылып жатыр. Премьер-министр Дато Сери Анвар Ибрагим 2024 жылы Орталық Азияға сапармен барды, нәтижесінде аймаққа 2,4 млрд АҚШ доллары көлемінде тауар экспортталды. Бұл Малайзия мен Қазақстан арасындағы сауда және инвестициялық байланыстарды жалғастыруда жақсы нәтиже береді.

Жалпы алғанда, Президент Қ.Тоқаев айтқандай, Қазақ­стан әлеммен үздіксіз ынтымақ­тастығын арттыра береді. Осы орайда, Малайзия – Қазақстан серіктестігі сындарлы негізде тереңдейді деп есептеймін.

Александр ЧОТРИЧ:

– Балқан түбегінің елдері де Қазақстанда болып жатқан саяси және экономикалық реформаларды жіті бақылап отыр, сон­дай-ақ қол жеткізіп жат­қан табыс­тарыңыз үшін қуаныш­ты­мыз. Мұның бәрі Қазақстан хал­қының өмір сүру деңгейін арт­­тыруға мүмкіндік жасап, ел­дің Ор­талық Азиядағы көшбас­шы­­лық мәртебесін одан сайын биік­тететіні сөзсіз.

Экономикалық реформалармен қоса, Президент Қ.Тоқаев  ұсынған саяси өзгерістерді де қалт жібермей қадағалап отырмыз. Конституцияның жаңа жо­басы жарияланды. Бұл елді де­мократияландыруға бағытталған нақты қадам деп айтуға негіз бар. Со­нымен бірге өзге елдер үшін үлгі болары хақ. Қазір Конс­титуция жобасын сарапшылар халықпен бірге талқылап жатыр. Егер көпшілік тарапынан қолдау тапса, өзгерістер өмірге еніп, нақты жұмыс істейтін болады.

Қазақстан әлдеқайда қара­пайым, тиімді Парламент жасақ­тау­ды таңдады. Бір палата­лы Парламент халыққа бұрын­ғыдан да жа­қындай түседі. Менің ойымша, осы өзгерістердің арқасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев демократиялық Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тарихта қалады.

– Бүгінгі конституциялық реформаға оның алдындағы парла­менттік реформаның көтерілуі түрткі болғаны рас. Елімізде бір палаталы Пар­ла­­менттің құрылуына қатыс­ты қандай пікір білдірер едіңіздер?

Зайнидин ҚҰРМАНОВ:

– Қазақстандағы Парла­мент реформасын дұрыс көз­қараспен қолға алынған жұмыс деп есептеймін. Парламент –  кадрлық резерв, яғни елдің басты кадрлық корпусы. Әдетте елдің болашақ министрлері, премьер-министр­лері, президенттері дәл осы жерден шығатыны белгілі. Сондықтан аталған институт қызметінің саяси тұрғыдан оңтайландырылуы дұрыс қадам.

Жалпы тек Қазақстан ғана емес, бұрынғы кеңестік республи­калардың барлығында да ХХ ғасырға дейін парламентаризм институты болмағаны белгілі. Біздің елдеріміз үшін бұл әлі де даму мен қалыптасу кезеңіндегі орган. Осы орайда, менің ойымша, парламент ең алдымен елді басқаруды үйренуі керек. Ол жерде отырған халықтың өкілдері – депутаттар бұл мәселеге сергек қарап, мемлекеттің саяси бағ­дарын қалыптастыруды, бағыт-бағдарын айқындауды, даму бағ­дар­ламаларын жасау мен оның орын­далуын қадағалауды, халық­ты алға бастауды меңгеруі шарт.

Менің пікірімше, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан­ның болашақ Парламентінің жұмысын, жалпы парламентаризм саласын жақсы түсінеді. Ол қай кезде де жақсы кадр­лар­мен қоса, сенімді саяси инс­титут­тарды қалыптастыруды көз­дейді. Ал Парламент – мемлекет табан тірейтін ең маңыз­ды саяси институттың бірі. Жал­пы Орталық Азия елдері­нің бұрынғы президенттері ел­дің Парламентіне байыпты қарамағанын көреміз. Соның салдарынан Парламенттер ел басқару ісінен шет қалды. Егер Парламент дұрыс құралып, жұмысы жүйеленсе, мемлекеттің басқа билік органдары да жасан­дылықтан арылып, шынайы жұмыс пен саясатты жүргізетін болады. Міне, осындай елдің болашағы бар.

Сонымен бірге Қазақстан Пар­ламентінің «Құрылтай» деп аталуын да қолдаймын. Бұл оған ұлттық реңк береді. Жал­пы, «құ­рылтай» – біздің халық­тарымыздың көне түркілік тари­хынан тамыр тартатын ұғым. Оның бүгінгі саяси өмірімізден де көрініс тапқаны – ұтымды қадам.

– Елімізде жаңа Конститу­ция­ның жобасы жарияланып, халық талқысына ұсынылды. Жал­пы, алдағы уақытта бұл өз­ге­рістердің ел өміріне ықпалы қа­лай болады деп ойлайсыздар?

Хамза РИФАТ:

– Елдің болашағына қатысты реформалар саяси тұрақтылық пен ұзақмерзімді орнықтылық­қа ықпал ете алады. Неғұрлым ай­қын конституциялық негіз қалып­тасса, әлеуметтік және эко­номикалық трансформация­ны оңай басқаруға, инвесторлардың сенімін қолдауға және Қазақ­станның Еуразиядағы сенімді серіктес ретіндегі рөлін арттыруға көмектеседі.

Егер реформа дәйекті түрде жүзеге асырылса, мемлекетке аза­маттардың қажеттіліктеріне тиімдірек жауап беруге және бірлік пен біртіндеп ілгерілеуді сақтауға көмектесері сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы конс­титуциялық реформа Қазақ­стан­ның бағытын өзгертуді емес, егемен, тұрақты және заманауи мемлекеттің іргетасын нығайтуды көздейді.

Зайнидин ҚҰРМАНОВ:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары ха­лық та­­ра­пынан қолдау тауып, әрі қа­­рай жалғасатынына сенім мол. Ал­­дағы уақытта Қазақ­стан Ор­­талық Азиядағы демо­кра­тия­­ның бесігіне айналады деп үміт­тенемін. Қазіргі жүргізіліп жатқан реформалар соның бір айғағы. Қ.Тоқаев Қазақстанның, жалпы біздің аймағымыздың келешегі демократиялық дамуда екенін анық көріп отыр. Шынайы саяси институттары, шынайы Парламенті мен Президенті, шынайы Үкіметі мен жергілікті өзін-өзі басқаруы бар елдің бола­шағы да зор. Бәлкім әзірге қоғам­ның бәрі бұл өзгерістің пар­қын түсінбейтін шығар. Өйт­кені кез келген реформаның қарсы­ластары да болатыны заңдылық. Бірақ біз сарапшы ретінде айтарымыз, Қазақстанда ескі жүйе­ден қалған пайдасыз тәжірибе­ден біртіндеп арылу үдерісі жүріп жатыр. Бұл – маңызды бетбұрыс.

 

Дөңгелек үстелді жүргізгендер –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Ұқсас ақпараттар

1910 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда биыл түлектерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға рұқсат беріледі

admin_mugalzhar

2 МЫҢЖАС ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫНА ТАРТЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.