«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қазақстан Халық партиясының Парламенттік фракциясы «Жаңа Конституция: Қазақстанның бүгіні мен болашағының жаңа бейнесі» тақырыбында кеңейтілген отырыс өткізді

Жиынға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ сараптамалық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан іс-шараның модераторы, ҚХП Парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, депутат Магеррам Магеррамов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары елімізді жаңа Конституция жобасын әзірлеуге кезең-кезеңімен алып келгенін еске салды.

– Жоба еліміздің мемлекеттік саясатының жаңа бағдарын айқындайды, – деді мәжілісмен. – Бір палаталы Құрылтай құрылады, жаңа Жоғары консультативтік орган – Халық кеңесіне арналған жеке бөлім болады, сондай-ақ Вице-президент институты енгізіледі. Мұның барлығы мемлекеттік билік архитектурасының мүлде жаңа құрылымын қалыптастырады.

Қазақстан Халық партиясы ұсынылып отырған Конституция жобасын қолдайды. Спикерлер құжаттың адамға бағдарланған сипатын бірнеше рет атап өтті: онда өмір сүру құқығын абсолюттендіру, жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығын және цифрлық жеке деректердің сақталуын бекіту, сондай-ақ азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін және оның әлеуметтік құқығын, атап айтқанда, еңбек ету құқығын қорғауды күшейту көзделген.

– Біздің партия адам экономикалық көрсеткіштерге емес, экономика адамға қызмет етуі керек екенін үнемі айтып келеді, – деді ҚХП депутаты Ирина Смирнова. – Еңбек адамы – бұл ресурс та, бірлік те емес, ол – мемлекеттің негізі және күші.

ҚР Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова Конституцияның жаңа жобасы ел дамуының нақты көрінісі екенін түсіндірді.

– Азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне арналған бөлімде адамдардың құқығы мен бостандығын қорғауды іске асыру кепілдігін күшейтуге басымдық берілді, – деді вице-министр. – Бұл мәселеде халықаралық құжаттардың талабы толық ескерілген.

Отырыста Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев «Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңі, қоғам сұранысы мен уақыт талабы» деген тақырыпта баяндама жасады. Мәжілісмен Марат Башимов жаңа Конституцияның құқық қорғау әлеуеті туралы сөз қозғады. Астана халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры Исидор Борчашвили жаңа Конституция жобасының стратегиялық бағыттарын тілге тиек етті. ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова жаңа Конституция аясында елімізде қалыптасатын негізгі қағидаттар мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі ойын ортаға салды.

Отырыста «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, «Астана заңгерлер Лигасы» заң консультанттары палатасының төрайымы Айнұр Абатова және ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты Жеке заңнама орталығының басшысы Юлия Костяная сөз сөйледі.

Жиынды қорытындылағанда Магеррам Магеррамов ел азаматтары жобаға белсенді қатысқанын атап өтті.

– Конституцияға қатысты пікір білдірмеген, бейжай қалған бірде-бір адам жоқ, – деп қорытындылады ол. – Ұсынылып отырған жобада Ата заңның әрпі мен рухының тепе-теңдігі қазіргі кезеңнің шынай сұранысына сай сақталған.

«Әділетті Қазақстанның» талабына бейімделген Конституция жобасы бойынша жұмыс жалғасады.

Ұқсас ақпараттар

Биыл Ақтөбе облысында 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

admin_mugalzhar

ИМАМ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ

admin_mugalzhar

Қазақстанда колледждер онлайн оқытуға ауыса алады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.