Бүгін ауданда 1 қала және 3 ауылда әкім сайлауы өтуде. Ембі қаласы, Құмжарған, Талдысай ауылдық округтері және Мұғалжар ауылындағы сайлау учаскелері есіктерін таңмен бірге ашып, сайлаушыларды қабылдауда. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының берген мәліметі бойынша, бұл аймақтарда жалпы саны 9 сайлау учаскесі бар және 9849 сайлаушы тіркелген.
Атап айтатын болсақ, Ембі қаласы бойынша 6 сайлау учаскесі, 8089 сайлаушы бар. Қала әкіміне үміткерлікке жалпы саны үшін адам ұсыныс білдірген. Оның бірі — AMANAT партиясы ұсынған Наурызбек Сарбасов және өзін өзі ұсынушылар — Руслан Бисенбин мен Жанар Өтеғалиева. Ал Құмжарған ауылындағы сайлау учаскелері Бірлік және Құмжарған ауылдарында орналасқан. Бұл округтегі 488 сайлаушы өзін өзі ұсынушы үміткерлер Бекнұр Утеулин, Гүлшат Баймағамбетова және Әділет Аманжол арасында таңдау жасайды.
Ауыл әкімінің сайлауы өтіп жатқан тағы бір ауылдық округ – Талдысай. Бұл округте 430 сайлаушы, 2 сайлау учаскесі бар. Ауыл әкіміне үміткерлер Назгүл Жумаева, Жамбыл Жетпісбай және Айбек Мұханов.
Осыдан төрт жыл бұрын сайлау арқылы өз әкімдерін таңдаған Мұғалжар ауылының тұрғындары осы жолы да ауыл әкімін дауыс беру арқылы анықтайды. Мұғалжар ауылындағы жалғыз сайлау учаскесінде 842 сайлаушы тіркелген. Олар AMANAT партиясы ұсынған Әлімжан Қорғанбай, өзін өзі ұсынушылар Есет Көпберген мен Асланбек Самрат арасында таңдау жасап, өз дауыстарын беретін болады.

