«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Әділеттілік тұжырымдамасы

15 наурызда жалпыхалықтық дауыс беруге шығарылатын жаңа Конституция жобасы мемлекеттік құрылысты жай ғана құқықтық жаңарту емес, мұнда бұдан да терең міндет тұр. Ол – қазіргі қоғамда мемлекет қалай жұмыс істеуі керек және бұл жүйеде адам мен азаматтың орны қандай болуға тиіс деген мәселені айқындау. Негізгі идея қарапайым – мемлекет азамат, адам үшін қызмет етеді.

Осы логикадан Конституцияның бүкіл архитектурасы туындайды. Жаңа модельдің өзегінде адамға бағдарланған тәсіл тұр. Мемлекеттің ең жоғары құн­дылықтары ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тіке­лей аталады. Бұл – саяси ұран емес, бүкіл құқықтық жүйенің бағытын айқын­дайтын заңды қағида. Заңдар, мем­ле­кет­тік органдардың шешімдері және саяси институттардың қызметі жеке тұлғаның мүддесімен және адам қадір-қасиетін қорғаумен үндесуге тиіс.

Алайда адам құндылығын мойындау нақты қорғау тетіктерімен қамта­ма­сыз етілгенде ғана мәнге ие болады. Сондықтан жаңа Конституция тек қағи­дат­тарды емес, нақты құралдарды да белгілейді. Сот арқылы қорғану құқығы күшейтіліп, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті мемлекетке толықтай жүктеліп жатыр. Азамат үшін бұл түсінікті жайт: егер оның құқықтары бұ­зылса, оларды қалпына келтірудің заңды жолдары бар. Құқықтық мемлекет дәл осы жерден – адамның өз құқығын қорғай алу мүмкіндігінен бас­та­лады.

Келесі логикалық қадам – ереже­лер­дің болжамдылығы. Құқықтар қанша мықты болғанымен, егер заң тұрақсыз болса, олардың мәні әлсірейді. Сондықтан азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшіне ты­йым салу ерекше маңызға ие. Ережелер өткенге қарай өзгермеуге тиіс. Бұл – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің іргетасы. Адам мемлекет түсінікті әрі тұрақты нормалармен әрекет ететініне сенімді болуы керек. Мұндай сенімсіз экономикалық даму да, инвестиция да, ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлау да мүмкін емес.

Құқықтар қорғалып, ережелер тұ­рақты болған кезде азаматтардың ел бас­қаруға қалай қатысатыны туралы сұрақ туындайды. Бұған демократиялық институттарды дамыту жауап береді. Жаңа Конституция демократияның бей­берекеттік те, анархия да емес екенін ай­­қындайды. Бұл жүйе – қоғам өз еркін құқықтық нысанда білдіретін рә­сімдер мен кепілдіктер жүйесі. Халық биліктің қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар егемендіктің иесі ретінде бекітіледі. Мемлекеттік органдар азамат­тар­дың өкілеттік беруі негізінде және Конституциямен белгіленген қатаң шектерде әрекет етеді.

Бұл жүйеде жалпыхалықтық референдум ерекше орын алады. Мемлекет басшысы жалпы алғанда халық пен ел үшін айрықша маңызы бар түйінді мәсе­лелер референдум арқылы ше­шілу­ге тиіс екенін бірнеше рет атап өткен еді. Референдум азаматтардың тікелей ерік білдіруін көрсетеді және олардың өмірлік маңызды шешімдерді қабылдауға қатысуын қамтамасыз етеді. Осы ұстанымның қисынды жалғасы – енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер тек референдум арқылы жүзеге асырылуға тиіс деген бастама. Бұл ұсыныс Конституция жобасының 92-бабын­да көрініс тапты.

Осылайша, жалпыхалықтық референдум тікелей демократияның не­гіз­гі құралына айналады. Оның рә­сімі шешімдердің орнықтылығы мен кең қолдауына бағытталған. Конс­титуциялық өзгерістер сайлау құқығына ие азаматтардың нақты көпшілігінің ке­лісімін талап етеді. Құқықтық құры­лым­ның негіздерін қорғайтын қо­сымша конституциялық бақылау жұмыс істейді. Бұл қарапайым шындықты білдіреді: демократия эмоция арқылы емес, нақты ережелер арқылы жұмыс істейді.

Негізгі түйін айқын: демократиялық жүйенің тұрақтылығы құқықтық тәртіп­тің сапасымен айқындалады. Демокра­тия­ның негізі – Конституция, ол құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырудың айқын әрі әділ қағидаларын белгілейді. Бұл қағидалар мүдделердің үйлесімділігі мен баршаға ортақ теңдікті қамтамасыз етіп, әрбір адамның құқықтарын өзге тұлғалардың құқықтары мен қоғамдық мүдделерді құрметтей отырып іске асыруға мүмкіндік береді. Дәл осындай құқықтық негіз қоғам мен мемлекеттің ортақ мүдделеріне сүйене отырып, де­мо­кратияның тұрақтылығы мен саяси бағыт­тың келісімділігін қамтамасыз етеді.

Осы тұста жауапкершілік мәселесі туындайды. Егер құқықтар қорғалып, институттар жұмыс істеп, ережелер түсі­нікті болса, азаматтың өзі қандай рөл атқарады? Бұған жауап – жасампаз патриотизм идеясы. Жаңа Конституция жобасы жауапты патриотизмді ілге­рілетуді мемлекет қызметінің қағи­даты ретінде бекітеді. Бұл – азаматтық кемелдік туралы ұғым. Нағыз патриот – заңды, өзге азаматтардың құқықтарын құрметтейтін және ел болашағының дамуына жауап­кер­шілікпен қарайтын адам.

Жасампаз патриотизм құқықтар мен міндеттерді біріктіреді. Жауап­кер­шіліксіз құқықтар мүдделер қақтығысына және құқық­тық нигилизмге әкеледі. Құқық­сыз жауапкершілік қысымға айналады. Жаңа Конституция жобасы азаматты мемлекеттің серіктесі ретінде қарастыратын теңгерімді ұсынады. Ол – сырттай бақылаушы емес, құқықтық тәртіптің толыққанды қатысушысы. Дәл осындай модель қоғамдық сенімге сүйенетін орнықты демократияны қалыптастырады.

Сенім – абстрактті ұғым емес, бұл дамудың басты ресурсы. Азамат өз құ­қықтарының қорғалатынына сенімді бол­ған жерде ол қоғамдық өмірге қаты­суға, болашаққа инвестиция салуға және ұзақмерзімді жоспар құруға да­йын болады. Құқықтық мемлекет – адам өз құқық­тарының қорғалғанын және ере­же­­­лердің баршаға бірдей екенін түсі­не­тін сенімділік кеңістігі.

Сондықтан жаңа Негізгі заң арқылы Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы нақты мазмұнға ие болады. Әділеттілік – заң алдындағы теңдік, сот төрелігіне қол­жетімділік және адам қадір-қасие­тін құрметтеу. Мемлекет білім мен ғылымды, адам капиталын дамытуды стра­тегиялық бағыт ретінде мойындайды. Бұл – тұлғаны дамыту арқылы ел болашағына салынған инвестиция.

Жаңа Конституция жобасы мемле­кет­тің құқық қорғау әлеуетін күшей­теді. Жеке тұлғаның қол сұғылмау­шылығы кепіл­дендіріледі, процессуалдық кепіл­діктер нығайтылады, дербес дерек­тер­ді қорғау тетіктері кеңейтіледі. Заң көмегіне құқық әділетке қол жет­кізу­дің әмбебап құралы ретінде қа­растырылады. Цифрлық дәуір жағ­­дайында мұндай кепілдіктердің маңы­зы ерекше.

Осылайша, жаңа Конституция жобасы құқыққа құрмет мәдениеті қалып­тасатын тиісті жағдайларды жасайды. Адам ережелер кеңістігінде өмір сүруді, еркіндік шегін және қоғамдық диалог құндылығын түсінуді үйренеді. Кемел қоғам қорқынышқа емес, құқықтық мәдениетке негізделеді.

Күшті мемлекет құқықтық тәртіптің сапасымен айқындалады. Заң адам мүд­десіне қызмет еткен жерде сенім пайда болады. Сенім бар жерде экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық және инновациялар мүмкіндігі туады. Жасампаз патриотизм – мемлекеттілікті дамытуға қатысу, жауапкершілік пен құқыққа құрмет арқылы күнделікті өмір тәжіри­бесіне айналады.

Жаңа Конституция жобасы кемел қоғамның моделін ұсынады: мемлекет адам үшін, демократия институттар арқылы, еркіндік заң арқылы, ал патриотизм жауапкершілік арқылы жүзеге асады. Бұл – азамат пен мемлекет әділетті, жасампаз әрі прогрессивті Қазақстанды бірлесе құратын бүгін мен болашақтың стра­тегиялық көрінісі. Басқаша айт­қанда, бұл – еркіндік құқыққа сүйенетін, ал даму жауапкершілік пен азамат­тар­дың белсенді қатысуына негізделетін Қазақ­стан. Жасампаздық – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегі, ал прог­ресс – болжамды ережелер, әділ құқық қол­дану және әрбір адамның құқығын қор­ғау.

Түптеп келгенде, еліміздің бүгіні мен болашағы өз қолымызда – жауап­кер­шілік, мемлекетті дамытуға қатысу және құқыққа деген құрмет көрсету деңгейінде. Бұл – біздің ортақ тарихи миссиямыз: құқықтық мемлекетті нығайту және Әділетті Қазақстанды дамыту.

 

Ерлан СӘРСЕМБАЕВ,

Әділет министрі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі

Ұқсас ақпараттар

ЖАҒАБҰЛАҚТА БАЛАБАҚШАНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНУДА

admin_mugalzhar

Бауыржан АЛҒАЗИН: ҚАЛАМЫЗДЫҢ КӨРІКТІ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН

admin_mugalzhar

Гендерлік теңдік — тұрақтылық тірегі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.