ГАЗЕТІМІЗДІҢ ТҰРАҚТЫ АЙДАРЫ «МҰҒАЛЖАР» КОНФЕРЕНЦИЯСЫ» АЯСЫНДА ГАЗЕТ РЕДАКЦИЯСЫНДА «ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ. АТАЛҒАН ШАРАҒА ТҮРЛІ САЛА МАМАНДАРЫ, АТА-АНАЛАР МЕН ОҚУШЫЛАР ШАҚЫРЫЛЫП, ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННЫҢ ҚОҒАМҒА, ОНЫҢ ІШІНДЕ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ, ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ПСИХОЛОГИЯҒА ӘСЕРІ ТУРАЛЫ АШЫҚ ПІКІР АЛМАСТЫ. СОНДАЙ-АҚ ОНЫ ТИІМДІ ӘРІ ҚАУІПСІЗ ПАЙДАЛАНУ ЖОЛДАРЫН ТАЛҚЫЛАП, ТӘЖІРИБЕЛЕРІМЕН БӨЛІСТІ. ТОЛЫҒЫРАҚ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ. СОНЫМЕН…
«МҰҒАЛЖАР»: — Ұялы телефон – қазіргі уақытта баршамыз үшін өте қажетті құрал. Дегенмен адам денсаулығына тигізетін зиянын да жоққа шығаруға болмас. Осы орайда көз дәрігері ретінде телефонды ұзақ пайдалану көздің көру қабілетіне қалай әсер ететінін айтып өтсеңіз?
Арайлым ТАСМАҒАМБЕТОВА, Мұғалжар аудандық ауруханасының көз дәрігері:
КӨЗДІ САҚТАУҒА «20-20-20» ЕРЕЖЕСІ КӨМЕКТЕСЕДІ
-Біз цифрландыру жүйесі дамыған ХХІ ғасырдың ұрпағымыз. Бүгінде ұялы телефонды еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолданады. Шындығына келгенде, ұялы телефонсыз ешқандай мәселе шешілмейтін жағдайға жеттік. Телефон бізге жау емес. Ең бастысы – дұрыс қолдана білуіміз қажет. Ұзақ уақыт телефонға қарау көздің шырышты қабатын құрғатып, «миопия» деген көз ауруына алып келеді. Алыстағы жазуды анық көрмеу, көздің шаршауы, бұлшық еттердің әлсіреуі – осы аурудың белгілері болып саналады. Сондай-ақ миопия кезінде көз алмасының ұзындығы қалыпты жағдайдан сәл ұзын болады. Соның нәтижесінде алыстағы заттың бейнесі тор қабықтың үстіне емес, оның алдына түседі. Сондықтан алыстағы заттар бұлыңғыр көрінеді. Жалпы адам көзі табиғатынан алыстан көруге арналған. Телефоннан шығатын көк жарық көз жанарын әлсіретіп қана қоймай, оған үлкен салмақ түсіреді. Бүгінде көзінің нашар көруіне шағымданатын жандардың қатары өте көп. Бұрын менің қабылдауыма үлкен жастағы адамдар келетін болса, қазіргі уақытта жасөспірімдерден бастап балабақшаға баратын балалар да жиі келеді. Әрбір қабылдауға келген ата-ана мен балаға бірінші кезекте беретін кеңесім – «20-20-20» ережесін ұстану. Ол дегеніміз – 20 минут телефон қарағаннан кейін 20 секунд бойы 20 метр қашықтыққа қарау. Бұл жаттығуды үнемі жасап тұру – көзімізді сақтауға көп көмегін тигізіп, баланста ұстап тұрады. Сонымен бірге көз жанарымызды сақтау үшін таза ауаға шығып, жаяу серуендеп, күннің сәулесінен энергия алудың маңызы өте зор. Қазіргі уақытта көп адам ұялы телефонды төсекке жатып алып, қараңғы жерде қарауды әдетке айналдырған. Бұл өте қауіпті. Қараңғыда телефон немесе теледидар қарау көзге екі есе салмақ түсіреді. Тағы бір айта кететін жайт – ұялы телефонды балаларға жеті жастан бастап берген дұрыс. Себебі телефон баланың көзінің көруін нашарлатып қана қоймай, ойлау және сөйлеу қабілетіне кедергі келтіреді.
«МҰҒАЛЖАР»: — Қазіргі уақытта компьютер мен телефонның жарығына қарсы көзілдіріктер бар. Оны өзіміз де пайдаланып жүрміз. Осы көзілдіріктер шынымен көмектесе ме, әлде маркетинг пе?
-Сұрағыңыз орынды. Компьютер, телефон, планшет секілді электронды құрылғылардың экрандары күн сәулесіне қарағанда әлдеқайда көп жарық шығарады. Күні бойы компьютермен жұмыс жасайтын мамандарға компьютерге арналған көзілдірік киюге кеңес беремін. Себебі экранға ұзақ қараған кезде адам көзін аз жыпылықтатады, соның салдарынан көз жеткілікті ылғалданбайды. Осыған байланысты көздің шырышты қабығы құрғап, экранның электромагниттік сәулесі көру қабілетіне кері әсер етеді. Ал көзілдірік көк жарықтың бір бөлігін сүзгіден өткізіп, экранның контрастын жұмсартады. Кей адамдарда ол көздің шаршауын азайтуы әбден мүмкін. Тағы бір айта кететін кеңесім – әрбір адам жылына бір рет көз дәрігеріне қаралып, тексеруден өтіп тұрғаны абзал.
«МҰҒАЛЖАР»: — Ұялы телефонды шамадан тыс пайдалану — адамның психологиясына кері әсерін тигізетінін естіп жүрміз. Тіпті телефон үшін аналарына қарсылық танытып, ұруға дейін барып жатқан жасөспірімдер туралы естіген құлақта жазық жоқ. Соған қарағанда, телефонды көп қолдану агрессия немесе тұйықтық тудыратын болып тұр ғой. Психолог маман ретінде осы мәселе төңірегінде айтып өтіңізші? Жалпы ұялы телефонға психологиялық тәуелділіктің белгілері қандай?
Света ЖӘНІБЕКОВА, Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінің педагог-психологі:
ШЫНАЙЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ПЕН ВИРТУАЛДЫ ӨМІРДІ ШАТ АСТЫРМАУ ҚАЖЕТ
-Бүгін өте маңызды тақырып төңірегінде сөз қозғалып жатыр. Бұл – барлығымыз үшін өзекті. Мойындау керек, таңертең көзімізді аша сала ұялы телефонды қолымызға алып, әлем желісін бір шолып шығатынымыз рас. Бұл процесс кешке дейін жалғасады. Бірақ біз оны байқамаймыз. Қазіргі уақытта адамдар арасында ашушаңдық, мазасыздық, ұмытшақтық өте көп. Уақыттың жоқтығы мен жұмыстың көптігін айтып, мәселелерімізді күрделендіріп жатамыз. Бірақ мұның астарынан өзіміздің әлеуметтік желіде ұзақ отыруымыздың мәні жатыр. Жалпы барлық адам әлеуметтік желіде өте белсенді. Солардың көпшілігі өмірінің жақсы жақтарын, әдемі киімін, тәтті тамағын, қызықты саяхатын жариялап жатады. Ал ұялы телефонның арғы жағынан қарап отырған өзге адам қызығып, тіпті қызғанып та қалады. Оның ойында «менде жоқ», «менің өмірім неге осындай емес?» деген өзін кемсіту сұрақ тары туындайды. Осы сұрақтарды өзіне қою арқылы ол өзінің ішінде психикалық созылмалы қысым тудырады. Оны өзі байқамауы мүмкін. Бірақ бұл жағдай елеусіз күйзеліске алып келеді. Бұл ересек адамдарға қатысты жағдай. Ал оқушылар әлеуметтік желіде өздерінің фотолары мен видеоларын жариялайды. Егер оған лүпіл аз басылса, жасөспірім өзін төмен санайды. Ал егер лүпіл көп жинап, белсенділік артса, өзінің мәртебесі өскендей сезімде болады. Қазіргі жасөспірімдер өздерін солай бағалайды. Тіпті кей кездері кибербуллингке ұшырап жатады. Ұялы телефонды кеш мезгілде ұзақ қарауының тағы бір зиянды жағы – баланың ұйқысына қатты әсер етуі. Ұйқысы қанбаған баланың сабаққа деген белсенділігі төмендеп, ештеңеге зауқы болмайды. Зейіні төмендейді. Ұйықтар алдында телефон қарау кез келген жастағы адамға сергектік әкеледі. Ал ішіндегі түрлі бейнелер түрлі эмоция туғызады. Соның салдарынан ұйқысыздық пайда болады. Әлеуметтік желіге тәуелді болып қалатындардың ең осал тобы – жасөспірімдер. Соның салдарынан олар тұйықталып, ашушаң болып, түрлі агрессия көрсетуі мүмкін. Осы уақытта кейбір атааналар балаларының мінезінің өзгеруін өтпелі кезеңмен шатастырып жатады. Сондықтан баламен сөйлесіп, жан-дүниесіне үңіліп, тыңдай білу керек. Мен жоғарыда ұялы телефонның зиянды жақтарын айтып өттім. Енді пайдалы жағына тоқталсам, біз ұялы телефоннан көп нәрсені үйреніп жатырмыз. Ол таптырмас байланыс құралына айналды. Кейбір адамдар телефоннан қолдау тауып, табыс көзіне айналдырып жүр. Телефонның көмегімен мүмкін емес нәрселерді жасап, түрлі ғажайыптарға жол ашып жатырмыз. Қазіргі уақытта жасанды интеллект те дамып, заманауи белеске өтудеміз. Енді телефоннан бас тартып, ажырай алмайтынымыз анық. Сондықтан телефонды саналы түрде қолдануымыз қажет. Шынайы қарым-қатынас пен виртуалды өмірді шатастырмау – өте маңызды. Демалыс күні бір күн телефонсыз уақыт өткізіп, тепе-теңдікті ұстауымыз керек. Біз телефонға тәуелді балалармен сөйлесіп, кеңес беріп қана қоймаймыз. Балалардың ойын тыңдаймыз, қолдау білдіреміз. Қандай да бір қызығушылығын оятуға көмектесеміз. Бір ғана жылы сөздің өзі кейбір балаға үлкен демеу болуы мүмкін. Біз тәуелді балаларды емдеу жұмыстарын жүргізбейміз, тиісті мамандарға жолдаймыз.
«МҰҒАЛЖАР»: — Жоғарыда көз дәрігері балаларға ұялы телефонды жеті жастан бастап беру қажеттігін айтып кетті. Осы орайда сіз жұмыс жасайтын балабақшада балаларға ұялы телефон беріле ме? Айталық, танымдық видеолар мен қосымшалар көрсетіле ме? Жалпы балабақшада бұл мәселе қалай жолға қойылған?
Гүлмара СӘРСЕНОВА, «Күншуақ» балабақшасының әдіскері:
БАЛА БЕЛГІЛІ БІР ТӘРТІПКЕ ҮЙРЕНУІ ҚАЖЕТ
Мен де сіздер сияқты ата-анамын. Ата-ана ретінде баламның ұялы телефон ұстауына түбегейлі қарсымын. Себебі бұл кейін баланың телефонға тәуелділігіне алып келіп, денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Бүгінгі балалар кешегіден басқаша десе де болады. Өйткені оларға бүгінде жапондық үлгіге ұқсас тәрбие беріп жатырмыз. Баланы қақпаймыз, ұрыспаймыз, дегенін жасаймыз. Соған үйренген бала «манипулятор» болып алады. Қай кезде не айтып, қалай сұрап, қалай жылауды жақсы біледі. Сондықтан әр ата-ана бала тәрбиесіне аса мән беріп, балаға арнайы уақыт бөліп, сөйлесіп, сырласып, тікелей қарым-қатынас жасай білуі қажет. Сол себепті де біз қазіргі таңда балабақшада балаға мультфильм қаратпаймыз десе де болады. Тек анда-санда ғана балабақшадағы үлкен экраннан әр топқа 10 минуттан қарауға рұқсат бар. Өйткені балабақшада тек ойын арқылы немесе тікелей қарым-қатынас жасауға тырысу керек. Бала балабақшада таңертеңнен кешке дейін тәрбиешімен бірге түрлі баланы дамытуға арналған тапсырмаларды орындайды, жеке де, топпен де еркін ойын ойнайды. Сосын ата-аналарға айтарым, шамаға келсе, баланы балабақшадан қалдырмау керек. Себебі балабақшада белгілі бір тәртіп бар. Бала сол тәртіпке үйреніп қалады. Бірақ үйге барғаннан кейін, немесе 2-3 күндеп балабақшаға келмей қалса, сол тәртіпті ұмытып, бізге бәрін қайта бастауға тура келеді. Мысалы, 2 жастағы баланы балабақшаға алып келеді. Ол баланың жөргегі бар. Ол баланы біз жөргектен шығарамыз, түбекке (горшок) отыруға үйретеміз. Сондай-ақ баланы телефонға жолатпай, ойнатып, бірбірімен араласуға мүмкіндік жасап, тәртіпке үйретіп жібереміз. Бірақ өкінішке орай, шамалы уақыттан кейін бұл режим бұзылады. Себебі кейбір ата-аналар балаларын бірнеше күн балабақшаға жібермей қалады, немесе үйде бұл режимді ұстанбайды. Сондықтан бұл жерде көп нәрсе ата-аналардың жауапкершілігіне байланысты. Ал ұялы телефон мәселесіне келсек, үйде телефонды көп қолданатын, соның кесірінен кеш жататын балалар таңертең балабақшаға келгенде ұйқысы қанбай келеді. Ата-аналары кейде «ұйқысы қанбай тұр, ұйықтап алсын» деп жатады. Бірақ тәрбиешілер балалардың ұйқысын ашып, ортаға қосып жіберу үшін жұмыстанады. Себебі балабақшаға келгеннен кейін ол бала біздің қарауымызда. Балабақшаның ережесіне сәйкес баланың режимін дұрыстауымыз керек, өзіндей балаларға алаңдап, ойнап, ортаға қосылуы қажет. Десе де ұйқысы қанбаған баланың белсенділігі аз болады. Бірқатары түске таман барып шақ деп қатарға қосылады. Бұдан басқа тағы бір үлкен мәселе — баланың тілінің кеш шығуы. Оған да осы ұялы телефонның әсері бар десем, артық болмас. Сол себепті өзіміз де ұялы телефоннан бас көтеріп, баламызға назар аударып, ертең кеш болмауы үшін бүгін қамданайық дегім келеді.
«МҰҒАЛЖАР»: — Өткен жылдың аяғында елімізде мектеп оқушыларына сабақ кезінде смартфондар ұстауға тыйым салу жөніндегі заң күшіне енді. Бұдан былай оқушылар сабақ барысында телефон ұстай алмайтын болады. Осы заң сіз қызмет атқаратын мектепте қалай жүзеге асырылуда?
Жанат ӨМІРЗАҚОВА, Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясының әлеуметтік педагогі:
САБАҚ ПРОЦЕСІ КЕЗІНДЕ ТЕЛЕФОН ҰСТАУҒА БОЛМАЙДЫ
-Бұл заңның қабылданғанына көп бола қойған жоқ. Қазіргі уақытта ата-аналар мен оқушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Заң бойынша оқушы мектепке телефонын әкеле алады, бірақ оны тек қоңырау кезінде пайдалануға болады. Тек оқу процесі кезінде ұялы телефонды пайдалануға тыйым салынады. Оқу-ағарту министрлігі оқушылар сабақта телефон пайдаланғаны үшін ата-аналарға айыппұл салынатынын да ескертті. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы бойынша алдымен ескерту жасалады. Ал құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл салынады. Кодексте айыппұл 5 АЕК көлемінде белгіленген. Дегенмен тек телефонның көмегімен жасалуы тиіс тапсырмаларды орындау кезінде ғана аз уақытқа ұялы телефонды қолдануға рұқсат берілген. Жалпы ата-аналар балаларына телефонды мектепке қауіпсіздік үшін беретіндерін алға тартады. Сонымен бірге кей уақыттарда түрлі жағдайларға байланысты оқушыларды қашықтан оқыту кезінде ұялы телефон пайдаланылады. Жалпы ұялы телефонды жұмыс барысында жиі қолданамыз. Себебі ол өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Ішіндегі қызылды-жасылды әлемді тамашалап отырып, уақыттың өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Қазіргі уақытта кішкентай немерелеріміз де осы құрылғыға әуес. Қай нәрсенің де екі жағы болады. Сол секілді ұялы телефонның да пайдасы мен зияны қатар жүреді. Уақытымызды ұрлап қана қоймай, көзіміз бен жүйкемізге де күш түсіреді. Ең алдымен балаларымызды қорғауымыз керек деп ойлаймын. Біздің мектепте ұялы телефонға тәуелді болып қалған бір бала тіркелді. Зерттеу барысында оның телефонға тәуелділігі кішкене кезінен басталғаны анықталды. Ол ұялы телефон үшін ата-анасына қарсы шығып, оғаш мінез көрсеткен. Мектеп әкімшілігі жүйелі жұмыс жасап, баланы арнайы мамандарға көрсетті. Бүгінде психиатрдың қарауында, кешенді ем қабылдап жүр. Виртуалды өмірден шығып, балаларға қосылып, жағдайы жақсарып келеді. Біз бұндай балаларға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетіп, барынша көмек береміз.
«МҰҒАЛЖАР»: — Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы жасалатын қауіпті әрекеттердің санында шек жоқ. Осындай жағдайларда полиция мамандары қандай шара қолданады? Жалпы ұялы телефонға байланысты қандай құқық бұзушылықтар жиі кездеседі? Ата-ана мен балаға қандай сақтық шараларын ұсынар едіңіз?
Миржан ТАҢАТАР, Мұғалжар ауданы полиция бөлімінің аға жедел уәкілі:
ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖИІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
-Елімізде цифрландыру мен интернет желісі қарқынды дамып келеді. Соған сай әлеуметтік желілерде алаяқтықтың түрлері көбеюде. Соңғы уақытта жасанды интеллект арқылы алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болды. Олар кез келген маманның кейіпіне еніп, тұрғындарды алдап жатыр. Қазіргі уақытта ел бойынша әлеуметтік желі арқылы ұялы телефонмен жасалатын қылмыстарға тосқауыл бола алмай отырмыз. Ұрланған ақшалар табу мүмкін болмай тұр, себебі олар шетелге шығып кетеді. Ал оны қайтару мүмкін емес. Біз осы жағдайларды түсіндіру мақсатында мектептер мен мекемелерде түсіндіру жұмыстарын жүйелі атқарамыз. Соның өзінде алданып қалушылар саны азаймай отыр. Сонымен бірге түрлі құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында мектеп оқушыларымен жиі кездесіп, пікір алмасамыз. Бірақ қазіргі балалармен сөйлесу қиындау. Оларға ақыл айтқан ұнамайды. Сондықтан өздерінің тілінде сөйлесуге тура келеді. Бүгінгі қоғамда тәрбие мәселесі ақсап тұр. Балалары тентек бола тұра, ата-аналар балаларының сөзін сөйлеп, айтқанын дұрыс санайды. Сөйтіп, балаларының болашағына зиянын тигізуі мүмкін екенін түсіне бермейді. Қазіргі балалар сөз көтере алмайды. Рухани тұрғыда тым әлсіз. Үнемі атаанасына сүйеніп өскен бала өскенде жауапкершілікті өзіне ала алмайды. Соны ескергеніміз жөн. Қазіргі уақытта балалар арасында буллинг, кибербуллинг әрекеттері жиі кездеседі. Осындай жағдайлар орын алған жағдайда балалармен сөйлесіп, оларға барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Оларға QR код арқылы құпия түрде өздеріне жасалған қысым туралы хабарламалар қалдыруға болатынын айтамыз. Бұл ақпаратты ата-аналар да, оқушылар да біліп жүрсе екен деймін. Бұл QR код бүгінде мектептерде ілулі тұр. Сондай-ақ Мәдениет министрлігі «105» атты жасөспірімдерге арналған сериал түсірді. Бұл сериалдың мақсаты – жастардың арасында құқық бұзушылық пен буллингті азайту. Ал «105» деп аталуы – ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабындағы «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабымен байланысты. Осындай дүниелерді балалар көріп, өздеріне қажетін алса екен.
«МҰҒАЛЖАР»: — Балаларға мектепте ұялы телефон туралы жалпы мағлұмат беріле ме? Айталық, пайдасы мен зияны жөнінде қандай ақпараттар айтасыздар?
Жансая АЗАТОВА, Қандыағаш қалалық №4 мектеп орта мектебінің мұғалімі, жас маман:
ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДА СҮЗГІ ЖОҚ
— Көз дәрігерінің «ұялы телефон жау да емес, дос та емес» деген пікірімен толықтай келісемін. Қай нәрсені де өз мөлшерінде пайдалансақ, ол пайдалы болады. Ал артық пайдаланса, зияны тиеді. Қазіргі уақытта ұялы телефонда сүзгі жоқ. Әлеуметтік желіде балалар қарауға болмайтын қауіпті бейнежазбалар өте көп. Біз балаларды барынша қорғауымыз керек. Бұндай видеолар баланың психологиясына кері әсерін беріп, ой-санасын бұзады. Ашушаңдықты оятып, баланың зейініне теріс ықпал етеді. Мен қазіргі уақытта 5-сыныпқа жетекшілік етемін. Оқушыларымның телефондарын тексеріп, ішіндегі қауіпті ойындарды өшіртемін. Сондай-ақ ата-аналарына да түсіндіріп, балаларының телефонын қадағалап отыру қажеттігін айтамын. Мен де балалардың ұялы телефонына атааналық бақылау қосымшаларын енгізіп қоюды жөн санаймын. Сабақ кезінде оқушылардың ұялы телефондарын жинап аламын. Сондай-ақ оқушыларыма кешкілік сағат 10:30-дан қалмай ұйықтап қалу қажеттігін үнемі айтып отырамын. Себебі ұйқысы қанбаған баланың сабаққа деген қызығушылығы болмайды, өтіп жатқан тақырыпты қорытпайды. Менің оқушыларым ұялы телефонды сабақта мүлде қолданбайды. Бірақ қауіпсіздік үшін балаларға телефон қажет деп есептеймін. Айталық, алыста тұратын оқушылар бар. Олардың үйлеріне аман баруы – өте маңызды.
«МҰҒАЛЖАР»: — Сіз бірнеше бала тәрбиелеп отырған көпбалалы анасыз. Сіздің үйде балаларыңыз ұялы телефонды қалай пайдаланады? Жалпы балаңызды қадағалайсыз ба?
Анар АБУБАКИРОВА, атаана: МЕКТЕПКЕ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН АПАРУҒА ТЫЙЫМ САЛУ ҚАЖЕТ
-Ұялы телефонның пайдасы мен зияны туралы балаларыма үнемі айтып отырамын. Дегенмен, балалар осы құрылғыға тым үйір. Кішкентайларым ұялы телефон бермесең жылап, мазамызды алады. Көңілдерін қимай бір сағат уақытқа беремін. Біз — балаларымыздың айнасымыз. Олар бізге қарап бой түзейді. Мойындауымыз керек, өзіміз де ұялы телефонға телміріп, ұзақ қарап қалатын уақытымыз болады. Жаңа психолог айтпақшы, «ұялы телефонға қарап, диванда жатқанымызды демалып жатырмыз» деп есептейміз. Сондықтан ұялы телефонға себепсіз үңілуде өзімізден бастауымыз қажет. Содан кейін барып қана баладан талап еткеніміз жөн. Дәрігердің көзді сақтаудағы айтқан 20-20-20 ережесін күнделікті әдетімізге айналдыруды ойлап отырмын. Бұл жақсы кеңес болды. Менің айтайын дегенім, мектепке телефон апаруды шектеу керек. Жаңа мұғалімдер сабақ кезінде ғана пайдалануға болмайтынын айтып отыр. Бірақ қолында ұялы телефоны бар бала бәрібір алаңдап отырады. Үзіліс кезінде ойын ойнайды. Ол телефоны жоқ басқа балаларға кері әсерін тигізеді. Мен осы мәселені үнемі көтеремін. Кейбір ата-аналар қауіпсіздік мәселесін алға тартады. Бірақ бұл мәселені қарапайым, бұрынғы «кнопкалы» телефон алып беру арқылы шешуге болады. Сонда әлеуметтік теңсіздік те болмас еді. Ата-ана мұғалімдермен үнемі жақсы қарым-қатынаста болып, баланың дұрыс тәрбие алуына мүмкіндік жасауы қажет. Сонда жасап жатқан ісіміз нәтижелі болмақ.
«МҰҒАЛЖАР»: — Маман балаларды ұялы телефоннан алыстатудың бір жолы – баланы спортқа беру деп айтады. Осы орайда спорт саласының маманы ретінде спорттың балалардың дамуына қаншалықты әсер ететінін айтып өтесіз бе? Жалпы ұялы телефон туралы ойыңызды білгіміз келеді.
Жандос АЙТЖАНОВ, Қандыағаш қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері: СПОРТТА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН ТАЛАП ПЕН ТӘРТІП ҚАЖЕТ
-Бүгінде аудан аумағында үш спорт мектебі бар. Соның бірі – Қандыағаш қалалық балаларжасөспірімдер спорт мектебі. Бұл мектепте 14 секция бойынша 1500-ға жуық оқушы тәрбиеленуде. Күн сайын мектепке 10-нан астам ата-ана келіп, балаларын телефоннан алыстату үшін спортқа бергісі келетіндерін айтады. Әр бала өзін қызықтырған спортқа жазылып, шынығады. Дегенмен кейбір балалар үйінен ерте келіп, ағайын күткен болып, мектеп фойесінде ойын ойнап отырады. Бұл да баланың телефонға деген тәуелділігін көрсетеді. Біз аудандық аурухананың психолог дәрігерлерін шақырып, балаларға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен бірге аудандық полиция бөлімінің мамандарының қатысуымен де осындай тақырыпта түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Спортта жетістікке жету үшін тәртіп пен талап керек. Жарысқа баратын баланың ата-анасынан қолхат аламыз. Ол қолхатта балаларының телефон ұстамау, түрлі ойындарды ойнамау қажет тігі жазылады. Телефонға тәуелді бала жарыста нәтиже көрсете алмайды. Себебі оның ойы телефондағы түрлі ойындарда болады. Мен бүгінде үш ұл тәрбиелеп отырмын. Арнайы телефон сатып алып берген емеспін. Әжесінің алып берген телефонын үлкен екеуі күніне бір мезгіл ғана қарайды. Мектептегі қашықтан оқу кезінде осы телефонды пайдаланады. Балаларға барынша көп уақыт бөлуге тырысамын. Футбол ойнап, түрлі дене шынықтыру жаттығуларын жасаймыз. Сондай-ақ есеп шығаруға ынталандырып, логикасын дамытқанды жөн санаймын. Ал өзім әлеуметтік желіде көп отырамын, себебі жұмысым ұялы телефонға тікелей байланысты. Кеше ғана әлеуметтік желіден әлемде бір жылда 5 мыңға жуық бала ұялы телефоннан зардап шегіп, көз жұматынын көрдім. Сондықтан балаларымызды қорғауымыз қажет.
«МҰҒАЛЖАР»: — Бүгінде кітапханаға барып, кітап оқитын баладан ұялы телефонға телміріп отыратын бала саны көп. Осы орайда кітапхана ұжымы оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында қандай жұмыстар атқаруда? Болашақта ұялы телефон кітапхананың рөлін өзгертеді деп ойлайсыз ба?
Гүлназ АБИЕВА, Мұғалжар аудандық орталықтандырылған кітапхананың кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі:
CHATGPT — БАЛАЛАРДЫҢ ІЗДЕНУІНЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ
Бүгін өте маңызды тақырып төңірегінде әңгіме болып жатыр. Бұл тақырыпты талқылау үшін бір күн жетпейтін шығар. Қазіргі таңда телефон біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Ұялы телефон арқылы сауда жасаймыз, түрлі төлемдерді төлейміз. Жұмыс барысында да тапсырмалардың барлығы осы телефон арқылы беріледі. Бұл енді пайдалы жағы. Ал зияны туралы жоғарыда көп нәрселер айтылды. Менің де екі балам бар. Ата-аналық бақылау қосымшасын балаларымның телефонына қондырып қойдым. Үнемі қадағалап отырамын, себебі бақылауға тура келеді. Әлеуметтік желілерден қорқынышты жайттарды көп көреміз, сосын қорқамыз. Мен бар мүмкіндігім келгенше балаларыммен жеке серуенге шығып, сырласамын. Сол кезде бала ашылып, саған жан-дүниесін ақтарады. Баланы шектеп тастауға да болмайды. Сол себепті бұл мәселені екі жақты тең ұстап тұруға тырысамын. Енді кітапхана саласына келетін болсам, кітапханаға келіп, кітап оқитын бала аз. Көбіне үлкен адамдар келеді. Қазіргідей жасанды интеллект дамыған шақта балалар керегін ChatGPT-ден сұрап алады. Бұл балалардың ізденуіне кері әсерін тигізеді. Біз бұрын қандай да бір жоба жасайтын болсақ, кітапханаларға барып ізденетін едік. Сол арқылы білімімізді толықтырдық. Ал қазір балалар мүлде ізденбейді. «Дайын асқа тік қасықтың» кебін киюде деп айта аламын. Кітапхана ұжымы үнемі оқушылардың кітапқа қызығушылығын ояту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырады. Мектептермен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Қазіргі уақытта кітапхана қорындағы кітаптарды электронды нұсқаға көшіріп, заманауи үлгісіне енгізіп жатырмыз. Мұндағы мақсат – кітапханаға келмейтін оқырманды қолындағы ұялы телефоны арқылы кітап оқуға қызықтыру.
«МҰҒАЛЖАР»: — Айда, манадан бері үлкендер ұялы телефонның зияны мен пайдасы туралы, балалардың телефонын қадағалау туралы айтып жатыр. Жалпы, өзің телефонды жиі пайдаланасың ба? Атаанаңның телефоныңды қадағалағанына қалай қарайсың?
Айда ЗИЯЕВА, Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінің 9-сынып оқушысы:
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕН КІТАПТАН ТЫС АҚПАРАТТАР АЛАМЫН
-Сабақ кезінде телефон ұстайтын, мұғалімге қарсы шығатын оқушылардың бары рас. Менің сыныптастарымның арасында үй тапсырмасын ChatGPT арқылы орындап келетіндер де жоқ емес. Бұл оқушылар сабақты ауызша айтуға келгенде ақсап жатады. Себебі олар адамдармен еркін байланысқа түсе алмайды. Сөздік қоры жоқ деп айтуға болады. Мен өзім бір-екі парақ болса да кітап оқуға, сабаққа дайындық кезінде интернеттен көшірмеуге тырысамын. Шамадан тыс көп қолданбаймын. Бір сағат уақытымды ғана ұялы телефонға арнаймын. Ал ұялы телефон мен интернеттің пайдалы жағына келетін болсам, әлеуметтік желіден кітаптан тыс қосымша ақпараттарды табуға болады. Байланыс құралы ретінде пайдаланып, қарым-қатынас орнатуға болады. Ал ата-анамның шамадан тыс бақылауы маған ыңғайсыздық туғызады. Бірақ атаананы да түсінуге болады. Себебі олар біздің амандығымызды ойлайды. Мектебімізде үнемі ұялы байланыстың пайдасы мен зияны туралы түсіндірме жұмыстары өтіп тұрады. Оны түсінетін де, түсінбейтін де оқушылар бар.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

