«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАНДАР ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Бүгін «Алатау» сауда үйінде Мұғалжар ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Кәсіпкерлік шеберханасы» атты ауқымды ақпараттық кездесу өтті. Аталған шараны «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Мұғалжар аудандық филиалы мен Іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды. Кездесудің негізгі мақсаты – мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, кәсіп ашуға ниетті азаматтарға қолдау көрсету және тәжірибе алмасу болды.

Кездесуді палата директоры Көмекбай Бектұрғанов ашып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен “Бір ауыл – бір өнім” жобасының маңызына тоқталды. Ол ауыл кәсіпкерлігін дамыту арқылы жергілікті өнімнің сапасын арттыруға болатынын айтты. «Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Әсіресе “Бір ауыл – бір өнім” жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жергілікті өнімді дамытуға бағытталған. Әр ауылдың өзіндік бренді қалыптасса, бұл – ел экономикасына да серпін береді. Сондықтан әрбір азамат мүмкіндікті жібермей, өз ісін бастауға қадам жасауы керек», – деп атап өтті.
Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлсара Кенжебаева қызмет көрсету саласындағы кәсіптің мүмкіндіктері туралы жан-жақты баяндап, бұл бағыттың бүгінгі нарықтағы сұранысы жоғары екенін жеткізді. «Қазіргі таңда ең сұранысқа ие салалардың бірі – қызмет көрсету. Бұл бағытта үлкен қаржысыз-ақ кәсіп бастауға болады. Ең бастысы – сапа мен жауапкершілік. Кез келген істі адал атқарсаңыз, тұтынушыңыз да көбейеді. Біз, әйелдер қауымдастығы ретінде әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді ол.
Ал аудандық мәслихат депутаты Илияш Ниязова қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер алу жолдары, сондай-ақ бизнес-жобаны дұрыс әзірлеу тетіктері жөнінде нақты ақпараттармен бөлісті. Бұл мәліметтер кәсіп ашуға ниетті тұрғындар үшін аса маңызды болды. «Қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер – кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік. Бірақ ең маңыздысы дұрыс жасалған бизнес-жоспар. Жобаңыз нақты, есепке негізделген болса, қаржы алу мүмкіндігі де жоғары болады. Біз кәсіп ашамын деген азаматтарға бағыт-бағдар беруге әрқашан дайынбыз»,- дей отырып, бизнес-жобаларды тегін жасап беру міндетін өз мойындарына алатынын жеткізді.
Шара барысында тәжірибелі кәсіпкерлер де өз жетістіктерімен бөлісті. Мысалы, жеке кәсіпкер Гүлсім Кенжебаева табиғи “қара сабын” өндіру ісін таныстырып, оның емдік қасиеттері мен дайындалу жолдарын көрсетті. Оның айтыунша, бұл өнім тұрмыста ғана емес, денсаулыққа да пайдалы табиғи тауар ретінде сұранысқа ие. «Мен қара сабын жасауды шағын тәжірибе ретінде бастаған едім. Қазір бұл – табыс көзіне айналды. Табиғи өнімге сұраныс жоғары. Қара сабын түрлі тері ауруларына, шаш күтіміне және тұрмыстық қажеттіліктерге қолданылады. Ең бастысы – өнімнің сапасын сақтау. Сонда ғана халықтың сеніміне ие боласыз», — деп, өнім дайындау жолдарын тәжірибе жүзінде көрсетті.
Сонымен қатар “Томирис” шығармашылық орталығының директоры Гүлнұр Альжанова шығармашылық бағыттың да табыс көзіне айнала алатынын айтты. «Қазіргі заманда шығармашылық та кәсіп көзіне айналып отыр. Балалардың қабілетін дамыту арқылы да табыс табуға болады. Ол үшін жаңа идеялардан қорықпау керек және өз ісіңді сүйіп жасау қажет. Біз бүгінде би әлемінен бөлек, мобилографияны да үйретеміз», — деді.
Ал “Зерде” оқу орталығының жетекшісі Ләззат Алмашева білім беру саласында кәсіп ашу тәжірибесімен бөлісіп, орталықтың бүгінде бірнеше бағытты қамтып, үш филиалға дейін кеңейгенін атап өтті. «Біз алғашында тек ағылшын тілі курсымен бастадық. Уақыт өте келе сұранысқа қарай бағыттарды көбейттік. Қазір орталығымызда мектепке дейінгі дайындық, мәнерлеп оқу, робототехника, ҰБТ және НИШ-қа дайындық курстары бар. Айтарым, сапалы білім бергенде ғана ата-ананың сеніміне ие боласыз, себебі кез келген ата-ана баласы үшін ештене аянбайды. Тіпті көпбалалы аналар да соңғы ақшасына дейін баласының жақсы білім алуын қалап, қосымшаларға алып келеді. Менің соған көзім жетті», — деді оқу орталығының жетекшісі.
Ауыл шаруашылығы бағыты бойынша сөз алған кәсіпкер Гүлсезім Агиманова да өз тәжірибесімен бөлісіп, табысқа жету жолындағы қиындықтарды жасырмады. «Біз отбасымызбен бірге қарбыз егіп, осы бағытта кәсіп бастап кеттік. Әрине, алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Табиғат жағдайы, қаржы мәселесі, тәжірибенің аздығы – бәрі де әсер еті. Бірақ соған қарамастан істі тоқтатпай, еңбектендік. Бастысы, бастаған ісіңді тастамау. Бүгінде сол еңбегіміздің жемісін көріп, тұрақты табыс тауып отырмыз», – деді ол. Кәсіпкердің айтуынша, ауыл шаруашылығы – табанды еңбекті талап ететін сала. Дегенмен шаруаны дұрыс ұйымдастыра білсе, отбасыға нәпақа тауып қана қоймай, өз кәсібіңді дамытуға толық мүмкіндік береді.
Сонымен кәсіп ашуға ниетті азаматтарға қолдау көрсету және тәжірибе алмасу бағытында өткен шараға қатысушылар көкейдегі сұрақтарына жауап алып, жаңа идеяларға шабыттанды. «Осындай кездесулер сіздерге титтей де болса пайдасын тигізеді деген үміттеміз. Басты мақсатымыз — сіздерге бағыт-бағдар беру, қолдау көрсету», — деді сөз соңында Көмекбай Бектұрғанов.

Ұқсас ақпараттар

«ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІ»: 128 МАМАН ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

admin_mugalzhar

Шілдеден бастап интернет тарифтері қымбаттайды

admin_mugalzhar

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.