БҮГІНГІ ТАҢДА АУДАН БОЙЫНША 1169 АДАМ БАЛАЛАРЫ ҮШІН АЛИМЕНТ ТӨЛЕУГЕ ТИІСТІ. ӘЙТСЕ ДЕ ОНЫҢ 53-І БАУЫР ЕТІ БАЛАСЫНАН БЕЗІП, АЛИМЕНТ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРЫП ЖҮРГЕНДЕР. БҰЛ ДЕГЕНІМІЗ, АТА-АНАСЫНЫҢ МАҚСАТ-МҮДДЕСІ БІР АРНАҒА ТОҒЫСПАҒАН, ШАҢЫРАҒЫ ШАЙҚАЛҒАН ОТБАСЫЛАРДЫҢ ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАУТАҢДАҒАН БАЛАЛАРЫ ӘКЕНІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ МЕН НАЗАРЫНА ЗӘРУ ДЕГЕН СӨЗ…
854 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ АЛИМЕНТТӨЛЕП ОТЫР
Мұғалжар ауданы бойынша қазіргі таңда 4 жеке сот орындаушысы жұмыс жасайды. Олар уәкілетті орган берген лицензия негізінде атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау бойынша өздеріне заңмен жүктелген функцияларды орындайды. Сот орындаушысы Гүлмаржан Рахимова бүгінде аудан бойынша жалпы алимент төлеушілердің саны 1169 адам екенін айтады. Оның 854-і балаларына уақытылы ай сайын қажетті бекітілген алимент мөлшерін еңбекақыларынан аударып отырады екен. Ал «көкек әке» атанған 53 борышкер өздерінің балаларына тиесілі алиментті төлемей жалтарып жүр. Қалған борышкерлер өз еріктерімен балаларына көмектерін көрсетеді.
—Алимент дегеніміз — бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат. «Неке және отбасы туралы» Заңының 138-бабына сәйкес ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағу жөніндегі міндеттері көзделген. Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы келісім, яғни, алимент төлеу туралы келісім жасасуға құқылы. Егер атааналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондайақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады. Біздің араласуымызбен алимент борышын өтеп жатқандар көп, — деді сот орындаушысы Гүлмаржан Рахимова.
Оның айтуынша, алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын бір балаға ата-анасы табысының және өзге де кірісінің төрттен бір бөлігін, екі балаға үштен бір бөлігін, үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.
АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ЖҮЙЕ — ЖАЛТАРУҒА ЖОЛ ЖОҚ
Бүгінде сот орындаушылары автоматтандырылған информациялық арнайы жүйемен жұмыс жасайды. Аталған жүйенің арқасында алимент төлеуден жалтарған борышкерлердің зейнетақы жарналарын, жылжымайтын және жылжымалы дүние-мүліктерін, тұрғылықты мекен-жайын анықтай алады. Жүйе арқылы алименттен жалтарғандардың банктердегі есеп-шоттарын бұғаттап, нотариалдық іс-әрекеттер жасауға және дүниемүліктерін сатуға тыйым сала алады.
Сонымен бірге ҚР аумағынан шығуға да шектеу қойып, жүргізуші куәліктерінің қолданылуын алимент бойынша бережағы өтелгенге дейін тоқтатып қояды.
— Айта кететін ең маңызды нәрсе — ол борышкердің, яғни алимент төлеу керек адамның ай сайынғы төленетін алимент мөлшері егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі еліміздегі орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады. Ал орташа айлық көрсеткіші тоқсан сайын, яғни 3 ай сайын өзгереді. Мысалы 2022 жылдың 2-тоқсанында яғни, сәуір, мамыр, маусым айларында 312 011 теңгені құрады. Сонда жұмыс жасамайтын борышкер 1 балаға 312 011 теңгенің 1/4 мөлшерінде — 78002 теңге, 2 балаға 312011- 1/3 — 104003 теңге, ал 3 және одан көп балаға 312011-1/2 мөлшері — 156005 теңге саналады. Сол себепті тұрақты жұмысы жоқ алимент төлейтін борышкерлердің алимент бойынша бережақтары өсе береді, — деді сот орындаушысы.
Гүлмаржан Рахимовадан алименттің қандай табыс көздерінен ұсталатынын сұрағанбыз. Оның сөзінше, еңбекақыдан, қосымша және үстеме ақылардан, сыйлықақылар мен сыйақылардан, өтемақылар мен комиссиялық сыйақылардан, зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардан, шәкіртақылар мен авторлық табыстар, кәсіпкерліктен түскен кірістерден ұсталады екен. Егер әкесінің баласына тиесілі алимент бойынша бережағы 3 айдан астам уақытқа жиналса, сот шешімімен жоғарыда айтылған шаралар толықтай қолданылады. Сонымен қатар ҚР ӘҚБК-нің 669 бабымен, ҚР Қылмыстық Кодексінің 139 бабымен жауапкершілікке тарту көзделген. Алимент төлемеген әке қайда барса да алдынан алимент төлемегендігін еске салатын ескерту кесе көлденең шықпақ.
БОРЫШКЕРДІҢ СЫЛТАУЫ — ЖҰМЫС ЖОҚ
Баласының ауызына түсетін асты міндетсіп, берешегін өтуден жалтарып, із-түссіз кететіндер де бар екен. Сот орындаушысының айтуынша, осы жылы ауданда алимент төлеуден бастап тартқан бір борышкерге іздеу жарияланыпты. Мұғалжар АПБ көші-қон қызметінің көмегімен борышкердің тұрғылықты мекен-жайы анықталып, сот актысын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бүгінде алименті өндірілу үстінде.
—Жұмыстың жоқтығын сылтау қылып, өз балаларын асыраудан бас тартатын борышкерлер жетерлік. Біз оларды жұмыспен қамтамасыз ету үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеуге жолдама береміз. Ал орталық өз тарапынан бар бос жұмыс орындарын ұсынады. Сонымен қатар ай сайын аудандық прокуратураның қолдауымен «Бос жұмыс орындар» жәрмеңкесі өткізіледі. Алимент төлеушілер өткізілетін жәрмеңкеден хабардар бола тұра сылтауларын айтып келмей қалады, — дейді Гүлмаржан Рахимова.
ҚАРТАЙҒАН ӘКЕ АЛИМЕНТТІ ҚАЙТА ӨНДІРЕ АЛАДЫ
Баласына жылдар бойы алимент төлеген әке қартайған шағында баласынан да алимент өндіруге құқылы. Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-ба ғуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
— Егер баласына алимент төлеп жүрген болса, кейін қажет болған жағдайда баласынан алимент талап ете алады. Алимент талап етуге зейнет жасына жету немесе жазатайым оқиғадан жұмысқа қабілетсіз болып қалу және басқа да жағдайлар себеп болуы мүмкін. Әкесі «осынша мөлшерде қаражат аударып тұруы керек» деп талап қойған кезде сот оның баласының материалдық жағдайын, жалақысын ескере отырып шешім қабылдайды. Осындай жағдайдың болуы мүмкін екенін білетін кейбір ана болашақта баласын әкесі мазаламас үшін бұрынғы жұбайынан алимент талап етпейтін жағдайлар да практикамызда кездесіп жатады, — дейді заңгер Гүлзия Иманбаева.
Дегенмен, сот ата-аналардың осы балаларына қатысты атааналық міндеттерін орындаудан бұрын жалтарғанын анықтаса, балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттерінен босатылуы мүмкін. Балалары ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарына алимент төлеуден босатылады.
АҚША АТА-АНА МЕЙІРІМІН АЛМАСТЫРА АЛМАЙДЫ
Алиментке қатысты істердің жылдан-жылға азаймай тұрғанын айтқан жеке заңгер, медиатор Гүлзия Иманбаева бұл мәселенің өзекті екенін айтады. Заңгердің қабылдауына алимент өндіріп беруді сұрап ай сайын 20-дан астам адам келеді екен.
—Мен өзімнен кеңес сұрап келгендерге барынша көмектесуге тырысамын, ақылымды айтамын. Баланың толыққанды отбасында өсуі қажет екенін түсіндіремін. Ақша әке берген тәрбиені, ана берген мейірімді бере алмайды. Ол тек тұтыну қажеттіліктерді өтеу үшін қажет. Бірақ ерлі-зайыптылардың тату-тәтті өмір сүре алмағаны балаға ауыр, психологиялық со ққы болады. Оны түсініп жатқандар аз. Біз заңгер болғаннан кейін заң аясында көмек көрсетуге тырысамыз. Ажырасудың, алимент алушылардың, ата-ана құқығынан айырудың көбеюі — отбасы құндылығының дағдарысқа ұшырауының басты белгісі. Ата-анасы тірі бола тұра балалардың жетім өскендері, бала кезінде ата-анасының мейірімі мен махаббатын көрмеуі олардың да ертең қатыгез болып өсуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бізді қынжылтатыны осы, — деді Гүлзия Мұханбетқызы.
P.S. БҮГІНДЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН БЕРІЛЕТІН ТҮРЛІ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ ҮШІН ЗАҢДЫ НЕКЕСІН БҰЗЫП, ЖАЛҒАН АЖЫРАСЫП, БІР ШАҢЫРАҚТЫҢ АСТЫНДА ТҰРЫП ЖАТҚАН ОТБАСЫЛАРДЫҢ БАРЫН ЕСТІП ТЕ, КӨРІП ТЕ ЖҮРМІЗ. БҰНДАЙ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ ОРЫН АЛАТЫНЫН СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫ МЕН МЕДИАТОРЛАР ДА ЖОҚҚА ШЫҒАРМАДЫ. СОНДА БІЗ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫНАН БАС ТАРТЫП, ҚАРЫННЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАП КЕТТІК ПЕ?.. ӘРИНЕ, «КҮЙБЕҢ ТІРЛІКТІҢ ҚАМЫ» ДЕП УӘЖ АЙТАТЫНДАР ДА ТАБЫЛАР, БӘЛКІМ…ТЕК… ЖАЛҒАН АЖЫРАСУ ЖАРҒА ЖЫҒЫП ЖҮРМЕСЕ БОЛҒАНЫ…
Нұргүл ҚАЛИЕВА