«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАСКЕТБОЛ: ЖЕҢІС ЖОЛЫНДАҒЫ ЖІГЕРЛІ КОМАНДА

МЕКТЕП ІШІ. САБАҚ АЯҚТАЛЫП, ҚОҢЫРАУДЫҢ ҮНІ ТЫНҒАН ШАҚ. МЕКТЕП ДӘЛІЗІНДЕГІ ОСЫ ТЫНЫШТЫҚТЫ СПОРТ ЗАЛЫНА ҚАРАЙ БЕТТЕГЕН ОҚУШЫЛАРЫ БҰЗДЫ. ҚОЛДАРЫНА ҚЫЗҒЫЛТ САРЫ ДОП ҰСТАҒАН, КӨЗДЕРІНДЕ МАҚСАТ ПЕН СЕНІМ БАР ЖАСӨСПІРІМДЕР БІРІНЕН СОҢ БІРІ ЗАЛҒА ЕНІП ЖАТЫР. БҰЛ – ЖАЙ ҒАНА МЕКТЕП КОМАНДАСЫ ЕМЕС, ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ НАМЫСЫН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРЕНАЛАРДА ҚОРҒАП ЖҮРГЕН №5 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕПТІҢ БАСКЕТБОЛ КОМАНДАСЫ. КӨПШІЛІК ҮШІН БАСКЕТБОЛ – ОЙЫН ҒАНА. АЛ БҰЛ СПОРТШЫ ЖАСТАР ҮШІН ОЛ — МІНЕЗ, ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖӘНЕ ТУҒАН ЖЕР АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ.

КОМАНДАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ЖОЛЫ

№5 мектептің баскетбол командасы 2022 жылы осы білім ордасының оқушылары арасынан арнайы іріктеу кезеңінен өткізіліп, жасақталған. Бүгінде команда құрамында 13–16 жас аралығындағы 40-тан астам оқушы бар. Оның 30-ы ер бала, 13-і қыз бала. Қысқа уақыт ішінде бұл ұжым аудан, облыс көлемінде ғана емес, республика мен халықаралық деңгейде де танылып үлгерді. Жаттықтырушы Айдын Жәнібектің айтуынша, алғашқы кезеңде ең басты мақсат — балалардың бойына сенім ұялату болған.


Ең басында балаларға еңбек болса ғана нәтиже болатынын айттым. Біз бірден жеңіске жетеміз деп ойлаған жоқпыз, бірақ жүйелі жұмыс өз жемісін беретінін білдік, — дейді ол.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЕҢІСТЕР

Команданың ең үлкен жетістігі – 2024 жылы Семей қаласында өткен Ұлттық мектеп лигасындағы тарихи жеңіс. 5–6 сыныптар арасында алғаш рет қатысқан қандыағаштық жасөспірімдер чемпион атанып, Мұғалжар ауданы мен Ақтөбе облысы үшін баскетболдан тұңғыш әрі жалғыз жеңісті сыйлады. Сол жылы Шымкент қаласында өткен гимназиялар арасындағы республикалық спартакиадада команда ІІ орын иеленді. Бұл нәтиже ұжымның тұрақты деңгейге көтерілгенін көрсетті.
Халықаралық жарыстарда да жетістіктер аз емес. 2024 жылы Атырау қаласында өткен халықаралық турнирде 2009–2010 жылы туған жасөспірімдер арасында команда жүлделі ІІІ орынды, ал 2011–2012 жылғы жас ерекшелігі бойынша І орынды жеңіп алды. Бұл додаға Армения, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Қазақстанның әр өңірінен келген командалар қатысқан.
Жанымызда Армения, Әзірбайжан, Грузия құрамалары тұрады. Не айтып жатқанын түсінбейсің, бірақ сол сәтте-ақ халықаралық деңгей екенін сезесің. Ал тақтада “Қандыағаш қаласы, №5 мектеп” деп шыққанда, жауапкершілік екі есе артады, — дейді бапкер.

ТӘРТІП, ТӘРБИЕ ЖӘНЕ БІРЛІК

Командадағы жетістіктің басты негізі – тәртіп пен бірлік. Айдын бапкер балаларға үнемі ел тарихынан мысал келтіріп, ұлттық құндылықтарды алға тартады.
Қазақтың үш жүзі біріккенде, Кенесарыхан тұсында елді ешкім жеңе алмаған. Бірлік бар жерде – жеңіс бар. Осыны балалардың санасына сіңіремін, – дейді бапкер.
Қиын сәттерде спортшылар жалғыз қалмайды. Әр мәселе ашық әңгіме арқылы шешіледі.
Ұтылып жүрген бала спорттан тез кетіп қалады. Сондықтан біз баланы міндетті түрде мақтаймыз және қолдаймыз. Түрлі мотивациялық тәсілдер қолданамыз. Жеңілістің де сабақ екенін барынша түсін-діреміз. Бастысы – баланың өзіне деген сенімін жоғалтпау, — дейді жаттықтырушы.


Командада оқу үлгерімі қатаң бақылауда. Жаттықтырушы балалардың сабақ үлгерімін үнемі тек-
серіп отырады. Себебі дайындықтар ұзақ уақыт алуы мүмкін. Ал ол сабақ үлгеріміне әсер етпеуі қажет. Мәселен алғашқы жарысқа дайындық алты айға созылған. Қазір жаттығулар аптасына 3–5 рет өткізіледі, жарыс алдында қарқын одан әрі күшейеді. Сол себепті сабақ пен жарысқа дайындықты қатар алып жүру керектігін балалар жақсы біледі.
— Біз үшін жарақаттың алдын алу да басты назарда. Ойын алдында міндетті түрде 15 минуттай қыздыру, созылу жаттығуларын жасаймыз. Көбіне тізе мен тобық жарақат алады. Сондықтан бәрі уақытпен, жүйемен орындалады, – дейді бапкер.

КӨШБАСШЫЛЫҚ – ТАЛАП ҚОЮДАН ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Бұл команданың табысы кез дейсоқ емес. Оның артында жүйелі еңбек пен бапкердің тынбай балаларды үйретуі жатыр. Бапкер Айдын үшін жеңіс — тек есеп тақтасында көрінетін нәтиже емес, ең алдымен адам тәрбиелеу. Жаттығу барысында ол әр спортшыдан тәртіп пен жауапкершілік талап етеді. Бірақ бұл қатаңдық қорқыту арқылы емес, сенім мен үлгі көрсету арқылы қалыптасқан. Команда мүшелері бапкерді жай жаттықтырушы ретінде емес, бағыт-бағдар беретін аға ретінде қабылдайды.
— Бапкер болу — дауысты көтеру емес. Ол ең қиын сәтте бірінші болып жауапкершілікті өз мойныңа алу. Балалар соны көруі керек, — дейді бапкер Айдын.
Оның бастамасымен командада ішкі тәртіп, өзара қолдау мәдениеті қалыптасты. Үлкені кішісіне қамқор, тәжірибелі ойыншы жаңадан келген спортшыға жол көрсетеді. Сондай-ақ команданың табысы бір ғана бапкердің еңбегімен шектелмейді. Алаңда әр ойынның тағдырын шешетін, өзгелерге бағыт беретін нағыз көшбасшы оқушылар бар. Олар есептен бұрын рухты, жеңістен бұрын
сенімді алып жүреді.
— Команданың капитандарымен тәжірибелі ойыншылары қиын сәттерде жауапкершілікті өз мойнына алады. Ойын барысындағы тактикалық өзгерістерді бірден қабылдап, жас ойыншыларға бағыт-бағдар беріп отырады. Әсіресе, шешуші минуттарда допты өз қолына алып, тәуекелге барудан тайынбайтын ойыншылар бар, — деген жаттықтырушы олардың бірінің алаңда ойынды жүргізсе, енді
бірінің қосалқы құрамда отырып-ақ команданы рухтандыратынын мақтанышпен айтып өтті. Айтуынша, кейбір ойыншылар жарыстарда көрген тактикаларын айтып, жаттықтырушыға көмектесіп те отырады екен.
Кейде мен үндемей қаламын. Сол кезде алаңдағы көшбасшылар өздері-ақ ойынды реттеп
алады. Бұл — нағыз команда қалыптасқанының белгісі. Бұл балалардың өскенін көрсетеді.
Олар тек орындаушы емес, ойлай алатын спортшыға айналып келеді, — дейді Айдын.
Команда көшбасшылары тек жақсы ойнаумен шектелмейді. Олар сабақ үлгерімімен, тәртібімен, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болуымен де өзгелерге үлгі. Жарыс кезінде қарсыласқа құрмет көрсету, төреші шешіміне сабырмен қарау осы көшбасшылардың мінезінен көрінеді. Мысалы, бір жарыста шешуші сәтте әділетсіз деп бағалаған шешім шыққан кезде команда ішіндегі көшбасшы ойыншы эмоцияға берілмей, өзгелерді сабырға шақырып, ойын тәртібін сақтауға үндеген. Соның нәтижесінде команда ойынды жалғастырып, жүлделі орынға ие болған.
16 ЖАСТАҒЫ ТӨРЕШІ ИГНАТ
Ұжым тек ойыншы ғана емес, болашақ төрешілерді де тәрбиелеп отыр. Соның айқын дәлелі небәрі 16 жастағы Игнат Бадыла. Ол бүгінде балалар мен жасөспірімдер лигасында екінші санатты төреші ретінде балалар мен жасөспірімдер баскетбол лигасында 5 мәрте төрелік етіп үлгерген. Алдағы екі жылда келісімшартқа отырып, кәсіби төреші болуға мүмкіндік алады. Бұл – спортта жүріп, төрешілік
арқылы да табыс табуға болатынын көрсететін жарқын мысал.
Қазірдің өзінде ол әр төрелігі үшін еңбекақы алып, ата-анасына қолғанат болып жүр. Ол дегеніміз спорттағы тағы бір үлкен бағыттың ашылғанын көрсетеді.
ШӘКІРТТЕРІ – ЕҢ ҮЛКЕН ЖЕТІСТІК
Бүгінде бұл командадан шыққан көптеген жасөспірімдер республикалық деңгейде танылып, кәсіби
спортқа қадам басып отыр. Қазіргі таңда команданың үш шәкірті спорт интернатында білім алуда,
олардың бірі – Бәйіш Бақытжан, Қазақстанның жастар құрамасының ойыншысы. Сонымен қатар команда құрамында Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер сегіз оқушы бар. Олардың басым бөлігі облыстық және республикалық турнирлердің жеңімпаздары мен
жүлдегерлері. Бапкердің айтуынша, әр шәкірт – жеке тағдыр, жеке жауапкершілік.
— Мен үшін әр баланың жолы маңызды. Бірі кәсіби спортқа кетеді, бірі төреші болады, бірі спорт арқылы мінезін қалыптастырады. Бастысы – спорт оларды адам ретінде өсіреді, — дейді ол.
Командадан түлеп ұшқан шәкірттердің арасында бүгінде жоғары лигада ойнап жүрген кәсіби спортшылар да бар. Атап айтқанда, 2022 жылғы мектеп түлегі Нұрсұлтан Жаппар қазіргі таңда кәсіби клубпен келісімшартқа отырып, ел біріншілігінде өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ Бәйіш Бақытжан кәсіби деңгейде ойнап, жоғары лигадағы командалар сапында ел намысын қорғауда. Екі шәкірттің де алаңда қарсылас командада кездесіп қалуы– бапкер үшін үлкен мақтаныш. Шәкірттердің жетістігі – күнделікті еңбектің, сенімнің және бірліктің жемісі. Олар қай қала-
да, қай лигада ойнаса да, туған жерін ұмытпайды. Формасындағы «Қандыағаш» деген жазу – соның дәлелі. Бапкер Айқын да үнемі: «Қайда жүрсеңдер де, туған қалаларыңды ұмытпаңдар. Сендерді осы жер өсірді», — деп айтып отырады екен.
АТА-АНА – КОМАНДАНЫҢ КӨРІНБЕЙТІН ТІРЕГІ
Бұл баскетбол командасының артында тек жаттығу мен жарыс қана емес, үлкен сенім мен жанашырлық тұр. Ол – ата-аналардың қолдауы. Команданың қалыптасуынан бастап бүгінгі жетістіктеріне дейін ата-аналар бір сәт те шет қалған емес. Ең алғашқы күннен-ақ ата-аналар бапкерге толық сенім артып, балаларын спортқа баулуды бірге қолға алды.
«Еті сенікі, сүйегі біздікі» деп, балаларының тағдырын сеніп тапсырған ата-аналар үшін бастысы – жеңіс емес, баланың тәртіпті, жауапкершілігі мол жан болып өсуі. Жарыстарға барғанда да ата-аналар қасында. Жол шығыны, қажетті құрал-жабдық, балалардың киімі мен керек-жарағына
дейін назардан тыс қалмайды. Жеңіспен оралған сәттерде мектепке баннер ілдіріп, балалардың
жетістігін көпшілікке үлгі етіп көрсетуі соның айғағы.
— Ата-ананың сенімі болмаса, бұл деңгейге жету қиын. Олар маған да, балаларға да әрдай-
ым тірек болды. Қандай қиын сәт болса да, бірге көтердік, — дейді ол.
ДЕМЕУШІЛЕРДІҢ ДЕМЕУІ – ЖЕҢІСКЕ БАСТАР ЖОЛ
Кез келген спорттық жетістіктің артында материалдық қолдау да тұратыны белгілі. Қандыағаш қаласындағы №5 мектептің баскетбол командасы да бұл тұрғыда жанашыр жандардың көмегін
көріп келеді.
— Команданың негізгі демеушілерінің бірі – Сұлтан Асанов, «Ақтөбе металл зауытының» Бас директоры, осы мектептің 2005 жылғы түлегі. Ол командаға екі комплектіден тұратын 24 дана ойын формасын сыйға тартқан. Жалпы құны жарты миллион теңгеге жуық бұл демеушілік – жас спортшылар үшін үлкен қолдау ғана емес, рухани серпіліс болды. Сонымен қатар жарыс сапарларында да үнемі көмектесіп келеді. Тағы бір айтарым, команданы әрдайым қолдап, қолдан келген көмегін аямай жүрген азаматтардың бірі – Эрнст Исмағанбетов. Сондай-ақ аудан көлемінде баскетбол спортының дамуына зор үлес қосып жүрген азаматтар қатарында аудандық спорт әдіскері Талғар Әдбірзақ және Қандыағаш қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрсұлтан Иманғазин бар. Олар жарыстарды ұйымдастыруға, қаржылай қолдау бөлуге, команданың түрлі деңгейдегі бәсекелерге қатысуына нақты көмек көрсетіп келеді, — дейді Айдын Батырханұлы.
Бапкер дегенмен командаға әлі де спорттық жабдықтардың қажет екенін жасрымады. Айтуынша, ең алдымен, баскетбол доптары мен қол жаттығуларына арналған гірлер жетіспейді. Әр баланың
жас ерекшелігіне сай құрал болуы басты қажеттілік.Қандыағаш қаласында арнайы баскетбол алаңының жоқтығы да көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осыған байланысты№5 жалпы білім беретін орта мектептің баскетбол командасының ойыншылары, жаттықтырушысы, ата-
аналар аудан әкіміне арнайы барып, мәселені ресми түрде көтерген. Кездесу барысында жас спортшылардың республикалық және халықаралық жарыстардағы жетістіктері команданың әлеуеті, сондай-ақ балалардың қауіпсіз әрі жүйелі түрде жаттығуы үшін заманауи баскетбол алаңының ауадай қажет екені ашық айтылды. Алаңның жоқтығы жаттығу процесін қиындатып қана қоймай, жасөспірімдердің кәсіби деңгейде өсуіне кедергі келтіріп отырғаны да назарға ұсынылды.
— Біз бұл мәселені іште сақтап қалған жоқпыз. Аудан әкіміне арнайы кіріп, ата-аналармен бірге
балалардың жетістіктерін, жоспарымызды толық жеткіздік. Футбол алаңдары бар, бірақ футбол ойнап жатқан жерде баскетбол ойнау мүмкін емес. Бізге тек баскетболға арналған жеке алаң керек. Бұл – балалардың қауіпсіздігі мен спорттың дамуы үшін өте маңызды. Қолдау болса, Қандыағаштан
әлі талай чемпион шығатынына сенімдіміз, — дейді ол.
БОЛАШАҚҚА БАҒДАР
— Әр спортшы өз елін, туған жерін мақтан тұтуы керек. Қай қалада жүрсе де, Қандыағашты
ұмытпасын деп үнемі айтып отырамын. Бүгінде Қандыағаш командасын батыс аймақ түгел
таниды, – дейді Айдын. Кешкісін спорт залда басталатын жаттығу бұл жай ғана доп
қуалау емес. Бұл – болашақ чемпиондардың, төрешілердің, ел мақтанышы болатын азаматтардың қалыптасу жолы. Қандыағаштың жас баскетболшылары бүгінде өз қаласының атын асқақтатып жүр. Ал ертең олардың жетістігі одан да биік белестерге жетері сөзсіз.

ӘЛІ ТАЛАЙ БИІКТІ БАҒЫНДЫРАМЫН

Бекжан ЕШНИЯЗ, баскетболшы

Мен баскетбол үйірмесі-е 2022 жылдан бастап қатысып келемін. Қазіргі таңда баскетболдан спорт
шеберіне үміткермін. Қазақстан Республикасы бойынша 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер ара-
сында үш дүркін чемпион атандым, сондай-ақ халықаралық турнирдің жеңімпазымын.Алғашында баскетбол үйірмесінің бар екенін білмедім. Футбол ойнап жүрген кезде бапкерім Жәнібек Батырханұлы менің допқа икемімді байқап, баскетбол үйірмесіне шақырды. Сол сәттен бастап бұл спорт түріне деген қызығушылығым арта түсті. Қазіргі уақытта жаттығуымыз аптасына 5 рет өтеді. Алдағы уақытта да тынымсыз еңбектеніп, өзімді дамыта отырып, әлі талай биікті бағындырмын деп сенемін.


Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар

ТЕМІРЖОЛ ӨТПЕЛЕРІ УАҚЫТША ЖАБЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

СПОРТТЫҚ ДОДАДА ЖҮЛДЕ АЛДЫ

admin_mugalzhar

ТАЛДЫСАЙЛЫҚТАР МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar