«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қатыгез ұрпақ қайдан шықты?

Түркістанда 9 сыныптың он шақты оқушысы өзге мектепте оқитын қатарластарын тасада аяусыз ұрып-соғып, адам айтқысыз әлімжеттік жасаған. Ал Шалқар ауданында 17 жастағы жеткіншек 15 жастағы жасөспірімді пышақтап өлтірді. Жыл басталмай жатып осындай сарындағы жайсыз жаңалықтарды естіп жағамызды ұстап қалдық. Қаршадайынан қатыгезділікке барған жүгенсіз жасөспірімдердің мұндай іс-әрекеттері бүгінгі қоғамды толғандырып тастады.

Кім кінәлі?

Жасырып қайтеміз, тентегін тезге, тентірегенін  жөнге салатын, қасиеті қалың елге қазық, өсиеті қауым елге азық болатын қазыналы қарттарға зәру болып қалғандығымыз осындайда анық аңғарылады. Әсілінде, бір қарияның кесімді сөзі елді, бір кемпірдің кесімді сөзі келінді тәрбиелеген текті халық едік. Ал қазір жаһандық жаңғыру кезеңі деп, өткенімізді ескі заманның босағасына қалдырып, рухани құндылығымыз көмескіленіп қалды. Тәрбиенің ең осал тұсы осы жерден босады. Бесік жырын естімей өскен баланың бұғанасы қатпай жатып қылмыс жасауы, ертегі естімей өскен баланың ерте есеюінің ең бір себебі содан. Капитализм дейміз бе, нарықтық заман дейміз бе, әйтеуір, қарап отырсаң, екінің бірі күнкөрістің қамын күйттеп кетті. «Кедей «Бай», бай «Құдай» болсам» дегеннің кебін кейдік десек артық болмас, сірә. Ақиқатында, рухани азықтан гөрі, материалдық құндылықтар маңызды болып тұр. Өкініштісі сол, көп ата-ана бала тәрбиесін жоғын жамаумен өлшеп жүр. Қатарынан қалдырмай, «не ішем, не жеймін» дегізбейді. Ал балаға беретін одан да маңызды дүниені ұмыт қалдырып жатыр. Психолог мамандардың айтуынша, көптеген балалар ата-аналарының көңіл бөлулеріне мұқтаж. Олар ардақты жандарымен сырласуды, тілдесуді, өзіне зейін қойып, уақыт бөлулерін қалайды. Бірақ кейбірінің ата-анасы жоқ, ал кейбірінің жұмысбасты ата-аналардың оған уақыттары тапшы көрінеді.

-Бұрын колледж студенттерін өздеріміз іздеп тауып, оларды әңгімелесуге әзер шақыратынбыз. Ал қазір студенттердің өздері сырласуға сұранады. Осыдан-ақ, оларға ата-аналарының көңіл бөлмей жүргендері байқалады. Тіпті, кейбір ата-аналар балаларының қандай күй кешіп жүргендерінен бейхабар болуы былай тұрсын, «бізге ештеңе айтпайды, сіздерге айтатын шығар» деп бейқамдық танытады. Олардың балаларының қаншалықты дәрменсіз күй кешіп жүргендерімен шаруалары жоқ. Мұндай жағдай қолайсыз, отбасысы бүтін емес отбасылардың балаларынан емес, кәдімгі жағдайы бар отбасының балаларынан да байқалады, — дейді Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің психолог мұғалімі Айгүл Ділимова.

…Әлгі бір бейнероликті көріп пе едіңіздер? Кішкентай қыз бала телефонға байланып, интернет иеленіп алған ата-аналарының назарын өзіне аударуы үшін телефонға айналып кетуді армандайды. Келесі бір ер бала уақыт бөлуге мұршасы жоқ әкесіне өзінің азғантай ақшасын ұсынып, оның уақытын сатып алғысы келеді. Бұл жай ғана бейнероликтер емес, бүгінгі шынайы өмірде болып жатқан көрініс. Бала тәрбиесін қадағалаудың орнына қаққан қазықтай телефонға байланып алатын ата-аналардың «уақыт жоқ» деп айтуларына осы себеп. Салдарынан, ұрпақ тәрбиені интернеттен алып жатыр, көшеден алып жатыр.

-Қазір жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа бейімділігі, қатыгез болып бара жатқандығы ортасы мен отбасысына байланысты. Бұл менің жұмыс тәжірибемде түйген өз ойым. Себебі, ата-аналар балаларының немен айналысатындығымен, қандай ортамен араласатындығымен бас ауыртпайды. Сабақтан кейінгі уақыттарында қадағаламайтын ата-аналар бар. Мұның әсері көп. Жақсы деген балалардың өзін баурап алатын теріс пыйғылды орта басым қазір. Кімге еліктерін білмей өткінші шақта жүрген жасөспірімдер үшін бұл өте қауіпті. Оған қоса, ұялы телефон, интернет, түрлі қатыгезділікке бейімдейтін ойындар да баланың психикасын бұзады. Бұрын біздер жеткіншектік шақты 13-15 жас аралығы деп алатын едік, ал бүгінде, 10-11 жастан басталады. Балалардың еліктеушілік, бір-бірін балағаттауы, қатыгездік көрсету де осы жаста. Биылғы жылдан бастап біз 5-6-кластың оқушыларымен қатты жұмыс істеп жатырмыз.  Яғни, кішкентай бала дегенмен, бұлардың да тәрбиесі ойландырады, — дейді Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінің психолог мұғалімі Бейбіт Бекетова.

Мектеп оқушысының тарапынан мейлі сабақ уақытында болсын, сабақтан тыс болсын қандай да бір түйткіл орын алса, мектеп директорынан бастап, мұғалімдерге дейін сұралады, жазаланады. Өйткені, мектеп білім мен тәрбие беретін ошақ. Сондықтан таяқтың бір ұшы тиюінің де жөні бар. Өкінішке орай, баласы қателік жасаған ата-аналар сан соғып, кешірім сұраумен ғана шектеліп қалады. Ал олардың балаларына дұрыс тәрбие бере алмағандығы үшін шара қолдануға заң әлсіз.

34 бала есепте

Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша өткен жылы 33 қолайсыз отбасының балалар және түнгі мезгілде заңды өкілдерінсіз мезгілсіз уақытта көше кезген, қылмыс жасаған, сабаққа бармаған 34  жасөсіпірім есепке алынған. Оның ішінде (34 баланың ішінде) 9 жасөспірім ұрлық, бұзақылық баптары бойынша тіркеуде.

Тіпті біреуі шартты түрде жазасын өтеп жатыр. Құқық қорғау органдарының көзіне іліккен жеткіншектердің дені Қандыағаш пен Ембі қалаларында. Ал Қандыағаш стан- сасындағы желілік ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ержан Сырлыбаевтың айтуынша, өткен жылы желілік органдарға заңды өкілдерінің қадағалауынсыз жүргені үшін 81 кәмелетке толмағандар жеткізілді (бұл көрсеткіш тек Мұғалжар ауданы бойынша ғана емес. Ред.). Оның ішінде 1 жасөспірім Ақтөбе облысы бойынша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналас- тырылды. Жасөспірімдер тарапынан болып жатқан қылмыстық жағдай- ларға байланысты жақында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасының ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Онда жеткіншектердің тәрбиесін қалай тізгінге алудың жолдары жан-жақты қаралды. Дәл осыдан кейін барлық жалпы білім беру мекемелерінде жаппай қамқоршылық кеңестерінің отырыстары өткізілді. Жүктелген міндет болған соң, айтылды, талқыланды, өтті кетті. Атқарылған іс-шаралар жайында сол баяғы құрғақ баяндамалар баяндалды. Мұндай сарындағы жиындар бұған дейін де талай өтіп жүр. Бірақ сонда да тентектеріміз түзелмей отыр.

Құлықсыздарды құлшындырғанмен пайда бар ма?

Кәмелеттік жасқа толмағандардың арасындағы келеңсіздіктердің орын алуын көп жағдай да олардың бос уақыттарының көптігімен байланыстырамыз. Қазіргі таңда, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, қоғамдық мәдени іс-шаралар, спорттық жарыстардың ұйымдастырылуында шек жоқ. Мәселен, аудандық спорт бөлімінің басшысы Талғар Әбдірзақтың айтуынша, 2018-2019 оқу жылында 11 561 оқушының 4 608-і спортқа тартылып отыр. Одан бөлек әрбір білім беру мекемелерінің өздерінде салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізіледі.

Аудандық жастар ресурстық орталығы да өз тараптарынан бекітілген жоспарларға сәйкес жұмыс істеп отыр. Есепте тұрған балаларды қоғамдық іс-шараларға тартып, белсенді болуға бейімдейміз дейді орталық басшысының міндетін атқарушы Сәнім Уәли. Әйтеуір, барлық жерде жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Бірақ кежегесі кері тартқан құлықсыздарды құлшындырғанның нәтижесі көрінбейді. Мұнымыз жастардың тәрбиесімен айналысып отырған мекемелердің жұмыстарын сынағандығымыз емес, тағы да сол балалардың қызығушылығының жоқтығы мен оларды үйде құлшындырып отыратын ата-аналардың тәрбиесінің көңіл көншітпейтіндігін айтқымыз келгені.

P.S. Қоғамның алдындағы ең маңызды міндеттің бірі – бала тәрбиесі болғандықтан бұған бәріміз кінәліміз. Өйткені, ұрпақтың рухани қажеттілігін толықтыра алмай отырғандығымыз өзімізге сын болып отыр. Ал одан да зоры идеологияның әлсіздігі. Жазушы Қалтай Мұхамеджанов айтқандай «Идеологиясы жоқ мемлекет, құбылнамасы жоқ кемемен бірдей». Біздің ең кемшілігіміз осы жерде. Жаһандану көшіне ілескеніміз құптарлық іс, әрине. Бірақ бесігімізді түземесек, ел болып қалуымыз қиын іс болмақ. Бүгін отбасына абырой әкелмеген баланың ертеңгі күні Отанына абырой әкелуі екіталай…

Әнуар ЕСҚАРА

Ұқсас ақпараттар

Коронавирустың ауыр формасын жұқтырудың тағы бір себебі аталды

admin_mugalzhar

Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі лауазымына қайта тағайындалды

admin_mugalzhar

Синоптиктер +10°С-қа дейін күн жылынады деп болжады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.