ЖАҚЫНДА АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕ КІШІ ЖҮЗ НАЗАР КЕНЕГЕС РУЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ ЖИНАҚТАЛҒАН КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ. АТАЛҒАН ШАРА Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӨТТІ.
Ертеректе Мұғалжар ауданындағы Жем өзенінің бойына жағалай қоныстанған бір ру елдің шежіресін кітап авторлары ғылыми-танымдық басылым ретінде шығарып, белгілі ғалымдардан рецензия алған. Оған рецензия жазған ғалымдар — тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, С.Бәйішев атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұманазар Асанов.
Жұбаназар Асановтың айтуынша, шежіре бұл тарихтың бір бөлігі. Отбасы шағын мемлекет болса, рудың ауқымы өте кең. Ал шежіре түгендеу ежелгі салтымыз. Сол арқылы ұрпақты туыстыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелейді.
Осындай мазмұнда шыққан кітаптың тұсаукесерінде бірқатар азаматтар шежіре төңірегінде өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Кітапты құрастырып, жинақтаған жұмыс тобының еңбектерін әңгімеледі.
Аталған кітапты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бас ғылыми хатшысы, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мира Балтымова, Алға аудандық мәслихатының депутаты, Кенегес руы Үмбети ата ұрпақтарын ұйымдастырушы Арман Жылгелді, Наср Қонысов, Тасқынбай Жұмағазин тағы да басқа шығармашылық топ құрастырған. Жеті жүз данамен шыққан кітапта Назардан тараған Кенегес руына қатысты барлық деректер қамтылған. Бұл руға қатысты шежіре 1998 жылы жарық көрген шежіреден кейін жаңартылып, толықтырылып отыр. Шежірені құрастыру барысында тарихи, әдеби зерттеулер, публицистикалық мақалалар, қолжазбалар пайдаланылған.
Әнуар ЕСҚАРА