АСТАНА.KAZINFORM — ️Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғамда тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін орнықтырудың мән-маңызы зор.
Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын айрықша атап өткен жөн. Бұл бастама қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектелмейді. Оның түпкі мәні — қоғамдық сананы жаңғырту.
Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Отанымыз — Қазақстанның тағдырына бей-жай қарамай, болашақтың іргесін бірге қалауға шақыру, — деді Президент.
Мемлекет басшысы жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналғанымызды атап өтті.
— Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана өсіп-өркендеуге, дамуға жол ашылады. Бұл — өркениетті мемлекеттер мен халықтардың барлығына ортақ ұстаным. Осы құндылықтар жаңа Халық Конституциясына арқау болып отыр.
Біз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналдық. Нақты жетістіктеріміз бар. Бұл — ең алдымен, сапалы адам капиталы, — деді ол.

