«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«АҢСАҒАН СӘБИ»: АУДАНДА ТӨРТ ЖЫЛДА 32 БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

 «РЕСМИ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, 2021 ЖЫЛЫ ІСКЕ ҚОСЫЛҒАН «АҢСАҒАН СӘБИ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 2025 ЖЫЛДЫҢ АҚПАНЫНА ДЕЙІН ЕЛІМІЗДЕ 10 МЫҢНАН АСТАМ СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. БАҒДАРЛАМА БАСТАПҚЫДА ҮШ ЖЫЛҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ЕДІ. АЛАЙДА, ОНЫҢ ТИІМДІЛІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ 2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛДЫ. БЕДЕУЛІКПЕН КҮРЕСКЕ БАҒЫТТАЛҒАН БАҒДАРЛАМАНЫҢ ИГІЛІГІН МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ДА КӨРУДЕ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АТАЛҒАН БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА АУДАНДА 32 БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП, СҮЙКІМДІ БҮЛДІРШІННІҢ КҮЛКІСІН АҢСАҒАН ОТБАСЫЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ.

БАҒДАРЛАМА БАҚЫТҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, жыл сайын экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасына 7 мыңға жуық квота бөлінеді. Бедеулікке шалдыққан отбасылардың ата-ана болуы мемлекет есебінен тегін жүзеге асырылуда. Мұғалжар аудандық ауруханасы әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісі Сабира Мамбетжанова «Аңсаған сәби» бағдарламасы ұзақ жыл бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылардың соңғы үміті екенін айтады.

Бағдарлама мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Бұл бағдарламаға бедеулік диагнозы қойылған пациенттер қатыса алады. Ол үшін Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді. Ал балалы бола алмай жүрген келіншектер бірден ЭКОға жүгіне алмайды. Біріншіден, емханаға есепке тұрып, Жанұяны жоспарлау орталығынан толық тексеруден өтуі шарт. Соның нәтижесі бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатыса алады.

Жалпы жасанды ұрықтандыру жобасы елімізде 2010 жылдан жүзеге асырылып келеді. Бастапқыда квота саны шектеулі болды. Ол кездері ел бойынша жылына бар-жоғы 40-45 бала ЭКО арқылы дүниеге келетін. Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасының басталғанына төрт жыл болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, бүгінде квота саны жеті есеге көбейіп, үміттері үзілуге аз қалған мыңдаған отбасының бақытқа кенелуіне мүмкіндік ашылды. 2024 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысына 319 квота берілді. Соның ішінде Мұғалжар ауданына берілген квота саны – 12. Біз жоспарды асыра орындап, 14 әйелді ЭКО-ға жолдадық. Бүгінде оның 9-ы жүктілік кезеңін сәтті өткізіп, ана атанды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды, — деді гинеколог дәрігер Сабира Мамбетжанова.

Оның сөзінше, 2025 жылдың жартыжылдығына еліміз бойынша 3500 квота жоспарланған. Соның 170-сі Ақтөбе облысына тиісілі. Ал Мұғалжар аудандық ауруханасына 5 квота беріліпті. Бүгінде 3 әйел жасанды ұрықтандыруға дайындық үстінде екен. Дәрігер жасанды ұрықтандыруға жолданған әйелдердің көпшілігі жүктілік кезеңінде түрлі сәтсіздіктерге ұшырап, балаларын жоғалтып алатынын жеткізді.

Біз әйелдердің денсаулығын толықтай тексеріп, құжаттарын дайындап, облыс орталығындағы ЭКО орталыққа жолдаймыз. Ол жақтағы дәрігерлер, ұрықты жатырға салып бергеннен кейін, тексеру-бақылау жұмыстарын біз жүргіземіз. Денсаулығы жақсы әйелдердің жүктілігі сәтті өтеді. Ал денсаулығында кінәраты бар әйелдерде жүктілік кезеңінде асқынулар орын алып, балаларын түсіріп алатын жағдайлар көптеп кездеседі. Бастапқы жылдары осындай оқиғалар жиі орын алатын. Дегенмен соңғы жылдары заманауи зерттеулер мен құрылғылардың арқасында мұндай оқиғалар азайды, — деді ол.

РЕПРОДУКТИВТІ САНАЛАТЫН 42 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ӘЙЕЛДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ

Дәрігер бағдарламаға бедеулік диагнозы қойылған репродуктивті саналатын 18 бен 42 жас аралығындағы, соматикалық және эндокриндік көрсеткіштері қалыпты, фолликулярлық резерві жоғары әйелдер қатыса алатынын мәлімдеді. Олардың сөзінше, егер әйел тұрмыс құрғаннан кейін бір жылдың ішінде жүкті болмаса, «бедеулік» деген диагнозы қойылып, есепке алынады. Содан кейін барып, түрлі медициналық тексерістен өткізіледі.

Елімізде әр алтыншы отбасы бедеуліктен зардап шегеді. Оған экологияның нашарлығы, әйел мен еркек денсаулығының төмендігі себеп болуда. Сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, жатырдың өспеуі, аналық бездің ұрықты дұрыс шығармауы, түтікшелердің бітеліп қалуы бедеулікке алып келеді. Біз тексеру барысында осылардың барлығын толықтай анықтаймыз. 12 айдың ішінде бейінді дәрігердің қорытындысы негізінде науқастың құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереміз. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Науқас экстракорпоралды ұрықтандыру клиникасына жолдаймыз. Естеріңізге сала кетейік, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасы жылына бір рет тегін жасалады, — деді Сабира Шайхқызы.

Соңғы жылдары ерлі-зайыптылар арасында бедеуліктің белең алып отырғанын айтқан гинеколог-дәрігері Сабира Мамбетжанова аудандық ауруханаға жыл басынан бері 39 ерлі-зайыптының бедеулік диагнозымен тіркелгенін жеткізді. Бүгінде олар медициналық тексерістен өтуде.

ЕМБІДЕ 9 БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 4 жыл ішінде ЭКО арқылы 9 бала дүниеге келгенін, бүгінде аналардың да, балалардың жағдайы жақсы екенін айтты.

Бүгінде Ембі аудандық ауруханасы бойынша 32 әйел бедеулік есебінде тұр екен. Аудандық акушер-гинеколог дәрігері әйелді репродуктологқа қабылдауға жібереді, онда олар тексеруден өтіп және ЭКО-ға дайындалу керек құжаттардың тізімін алады. Қажетті тексерілулерден соң әйелдің ЭКО жасауға көрсеткіштері сай келсе, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді.

Бүгінде денсаулығындағы кінәратына байланысты кейбір әйелдер ана бақытын сезіне алмай жүр. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл игі бастама көптеген жанның жүрегін нұрға бөлеп, үзілген үміттерін жалғауда. Квота иеленгісі келетін әйелдер жергілікті денсаулық сақтау басқармасына тіркелуі қажет. Бұдан соң арнайы комиссия мүшелері шешім шығарады. Себебі ана атану қабілеті төмен нәзік жандар үшін мемлекет қаржысы босқа жұмсалмауы тиіс. Негізінен жасы егде тартқандар мен аталық, аналық ұрығы жоқ адамдарға квота берілмейді. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Ем сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұра алады, — деді бас дәрігер Ерлан Телағысұлы.

Квота МӘМС төлегендерге беріледі

Дәрігерлер «Аңсаған сәби» бағдарламасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылатынын жеткізді. Сондықтан бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың денсаулығы сақтандырылғаны аса маңызды. Қазір елімізде 19 клиника (1 мемлекеттік және 18 жекеменшік) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жұмыс істейді.

Жыл сайын квоталар аймақтарға сәйкес бөлінеді. 2024 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысына 319 квота берілді. Ал 2025 жылдың жартыжылдығына еліміз бойынша 3500 квота жоспарланған. Соның 170-сі Ақтөбе облысына тиісілі. Айта кету керек, пациент Қор сайтына кіріп, клиниканы өзі таңдай алады. Ол үшін fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін», ары қарай «Клиниканы таңдау» батырмасын басып, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» ашу керек. Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген.

Қандай жағдайдаквотаберілмеуі мүмкін?

Мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Ондай бірнеше мәселе ескеріледі. Айталық, жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы, денедегі қатерлі өскіндер кезінде әйел адам ЭКО-ға жіберілмейді.

Жасанды жолмен ұрықтандыруға бір адамға қанша қаражат жұмсалады?

Бағдарлама аясында бір адамға МӘМС есебінен орта есеппен 1 млн теңге бөлінеді. Репродуктологтардың айтуынша, оның 600 мың теңгесі стимуляциялауға арналған гормондық препараттарға жұмсалады. 200-300 мың теңге шығын материалдарын жабуға кетеді. Кейде құны 1 млн теңгеден асып жығылатын мұндай процедураны кез келген отбасының қалтасы көтермейтіні рас. Оған қоса ЭКҰ әдісіне бірнеше мәрте жүгініп барып, сәбилі болғандар көп. Ал қазір бұған жұмсалатын шығынды Қор МӘМС есебінен төлейді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

Жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл: Қазақстанда алдағы күндері ауа райы қалай болады

admin_mugalzhar

СЕРДЦЕ ВЕСНЫ – НАУРЫЗ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.