«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«КЕРЕМЕТ МАХАББАТЫҢ» ҮЛГІСІ

ЖАС ОТБАСЫЛАРДЫҢ ӨМІРГЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ МЕН МАХАББАТҚА АДАЛДЫҒЫН КӨРСЕТУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫПТАРЫНЫҢ БІРІ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ЕРТАЙ МЕН МАРЖАНГҮЛ САРМАНОВТАР. ОЛАРДЫҢ ОТАУ ҚҰРҒАНЫНА 25 ЖЫЛДАН АСТЫ.
Ертай Шалқар ауданы Ақтоғай ауылдық округіне қарасты Сарытөбе жерінде дүниеге келіп, Бершігүр стансасының маңындағы Сарысай ауылында өсіпөнген. Бүгінде Ембі қаласының тұрғыны. Ал жары Маржангүл – өзімен ауылдас, көрші қыз. Екі жастың махаббат хикаясы мектеп қабырғасында басталған.
Бір ауылда, бір көшеде өстік. Маржангүл 11-сыныпта оқып жүргенде бір-бірімізге деген сезіміміз оянды. Мектеп бітірген соң қалаға оқуға кетсе, айырылып қаламын ба деген ой болды. Сол себепті де көп ойланбай, 1999 жылдың 6 қарашасында отау құрдық, – дейді Ертай.
Ол кезеңнің жастық шағыда ерекше естеліктерге толы. Ауылдағы кештер, пионерлер күніне арналған мерекелер, костёр жағылған думанды басқосулар – бәрі де екі жастың арасындағы сезімді тереңдете түскен. Отбасылық өмірдің алғашқы жылдары ата-ананың қолында өтеді.
Алты жыл әке-шешеміздің жанында болдық. Қаржылық қиындықтарды қатты сезінбедік. Кейін інім үйленіп, қазақы дәстүрмен еншімізді алып, бөлек шықтық. Сол кезде ғана өз алдымызға үйрену барысында аздаған қиындықтар болды. Бірақ бір-бірімізді түсініп, ауызбіршілікпен бәрін еңсердік, – дейді кейіпкер.
Бүгінде бұл отбасы – берекелі, өнегелі шаңырақтардың бірі. Ерлі зайыптылар алты ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкені 25 жаста болса, кенжесі небәрі 5 жаста. Жақында ғана шаңырақтарына келін түсіріп, әулеттері кеңейе түскен.
Ертай Аманғалиұлы отбасы бақытының негізі – сенім мен сыйластықта деп біледі.
Бақытты отбасы болу үшін ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сенімі мен махаббаты берік болуы керек. Ұрыс-керіссіз өмір болмайды, бірақ біреуің ашулы болсаң, екіншің сабыр сақтай білсең, бәрін жеңуге болады, — дейді ол.
Бала тәрбиесіне де ерекше мән береді. Өзінің тәрбие қағидасын ол халық даналығымен байланыстырады. — Баланы 7 жасқа дейін патшадай күт, 7-13 жас аралығында еңбекке баулы, ал 13-тен кейін досыңдай сырлас” дегенді ұстанамын. Өзіміз де әкеміздің темірдей тәртібімен өстік. Сол тәртіп бізді шыңдады. Кейіпкер махаббат ұғымына да өзіндік көзқараспен қарайды.
Махаббатты әркім әрқалай түсінеді. Бір ақын оныүшке бөліпті: “көбелек махаббат”, “сүмелек махаббат” және “керемет махаббат” деп. Керемет махаббат – бір-біріне сеніммен қарап, түсіністікпен өмір сүретін жандардың махаббаты. Біз сол жолды таңдадық, – дейді ол.
Жас отбасыларға айтар ақыл-кеңесі де қарапайым: “Шаңырақ көтергелі отырған жастарға айтарым – ауызбіршілік, сыйластық, сенім болса, бәрі болады. Сонда ғана махаббаттарың баянды, отбасыларың бақытты болады”. Ертай мен Маржангүл үшін ең бақытты сәттер – отау құрған күнмен тұңғыш сәбиінің дүниеге келген кезі. Сол сәттер – олардың жүрегінде мәңгі сақталған ең қымбат естелік. Махабат деген – тек сезім деп ғана емес, ол – сеніммен сабырдың, түсіністік пен құрметтің үйлесімі. Осындай «керемет махаббаттың» иелері көбейе берсе, қоғам да берік, ұрпақ та өнегелі болады деп сенеміз.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Елімізде баспана бағасы 4 пайызға қымбаттады

admin_mugalzhar

КЕЛІНДЕР СЫНҒА ТҮСТІ

admin_mugalzhar

«САМАЛДЫҢ» БҮЛДІРШІНДЕРІ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.