«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Бір жылда атқарылған жұмыс қағазсыз баяндалды

Қаңтардың бел ортасында басталған Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұловтың тұрғындар алдындағы есебі кеше Қандыағаш қаласында қорытындыланды. Қаладағы «Сұлтан» мәдени-демалыс кешенінде өткен есептік кездесуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Тахталифум Есенгулов қатысты. Аудан басшысы төрт жүзге жуық тұрғынның алдында ауданда 2018 жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылға белгіленген нақты жоспарларды қағаз бетіне қарамай-ақ, жіпке тізген моншақтай баяндап берді.

Сонымен…

Инвестиция…

…Бұл ауданға келген жұмыс көлемі. Осы уақытқа дейін ауданға құйылған инвестицияның игілігінің арқасында жұмыс орындары құрылып, әлеуметтік-экономикамыздың дамуына он серпін берді. 2017 жылы осы бағытта 90 млрд жуық жұмыс жасалса, ал 2018 жылы 75 млрд дейін түсіп қалды. Дегенмен, бұл аз көрсеткіш емес. Бірақ, биылғы жылға жоба мен жоспар көбейтілетін болады. Қазіргі таңда, бірнеше инвесторлармен ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, биыл ауданда қосымша газ стансасы салынғалы жатыр. Осыған орай, құрылыс жүргізілетін нысанға арнайы жер учаскесі де қарастырылып қойылған. Құрылыс жұмысы басталса 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Қазақстанда алтын шығатын нүктелер санаулы жерде болса, соның бірі Мұғалжар ауданындағы Қайыңды ауылдық округіне қарасты Алтынды елді мекенінде шығады. Жер асты қазба байлығының бұл түрі бұрыннан қазып алынып жатқанымен, шикізат күйінде шет ел асып кете беретін еді. Ал қазір шикізат өнімін өзіміз өңдеп, алтынды өзімізде шығаратын зауыт ашылғалы отыр. Зауыт іске қосылса 800-ге жуық адам жұмыс істейтін болады. Мұның барлығы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалар.

Ауылшаруашылық…

…саласында көрсеткіштеріміз жаман емес. Ауданда 408 шаруа қожалығы, 19 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 11 ауылшаруашылық кооперативі, 1 сервистік пункт ауылшаруашылығы бағытында жұмыс істеуде. Есептік көрсеткіштер бойынша 45 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 150 мыңға жуық қой-ешкі, 272 түйе, 15 мың жылқы өрісімізде жайылады. Одан бөлек, 200-ге жуық шошқа, 70 мыңға жуық құсымыз тағы бар. Жыл сайын мал басын бірдейлендіру, асылдандыру міндеттерін орындау ауданда жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ет пен сүт өңдейтін, өндіретін өндіріс орындарын ашу жөніндегі өңір басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, биыл екі сүт өңдейтін цех ашу жоспарланып отыр. Оның бірі Ембі қаласында, бірі Ақкемер ауылдық округінде ашылады. Ал ет өңдейтін цех 2017 жылы Қандыағаш қаласынан ашылды. Аудандағы шаруа қожалық иелеріне серпіліс жасалып, оларға мемлекет тарапынан берілетін көмектер көрсетіліп, қазіргі уақытта 408 шаруа қожалықтың белсенділігі артып келеді. Мал шаруашылығын дамытамын деген шаруаларға жер беріп, жайылымын кеңейтемін дегенге қолдау көрсетілуде.

Кәсіпкерлер…

…бәсекеге қабілетті. Бұрын аудан тұрғындары ішкі сауда рыногының жұтаңдығынан облыс орталығына сабылатын болса, қазір аудандағы кәсіпкерлер тұтынушылардың қажеттілігін қанағаттандырып отыр. Жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен үлкен сауда нысандары ашылып, көптеген дүниеге қолжетімді болды. Жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілер көбейген сайын, мемлекеттің салық қоржыны да салмақтылана түседі. Сондықтан бұл жағдай назарға алынып, кәсібін дөңгелете алмай отырғандарға кәсіптің келесі бір түрімен шұғылдануға кеңес берілуде. Осыған байланысты республикадан, облыстан кәсіпкерлік саласының майталмандары шақырылып, семинар-тренингтер, бизнес-форумдар ұйымдастырылуда. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы жақсы жұмыс істеп тұр. Бағдарлама арқылы ауданда құны 1137,0 млн. теңгеге 25 жоба мақұлданып, тиісті қаржылық несиелер алынған. Нәтижесінде 200-ге жуық адамды жұмыспен қамту межеленіп отыр.

Жұмыссыздық…

..жайы тұрғындарды алаңдатпауы тиіс. Сонда ғана әлеуметтік тұрақтылық болады. Еңбекке қабілетті әр мұғалжарлықтардың үйіне кем дегенде 35-45 мың теңге көлемінде кіріс кіру керек. Әрине, қазіргі қымбатшылық қысып тұрған кезде бұл мардымды жалақы емес. Алайда, табыссыз жатқан жандарға біраз талғажау. Сол себепті, жергілікті атқарушы билік жұмыс талғамай отбасын асырауға құлықты жандарды далаға қалдырмайды. Ал еңбекке қабілеті жоқ жандар мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек арқылы күн көреді. Әйтеуір, қалай болғанда да отбасына азын-аулақ табыс кіруіне мүмкіндік жасалады. Былтырғы жылы 2000-ға жуық адам еңбекпен қамтылды. Жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс, жаңадан жұмыс орындарын ашу, тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша Мұғалжар ауданы облыста алдыңғы қатарға шықты. Алдағы үш жылдың ішінде ауданда «кедейшілік», «жұмыссыздық» терминдері айтылмауы керек деген меже қойылды.

Білім…

…саласына аудан бюджетінің 80 пайызы бөлінеді. Жақсы да, жаман да, шеті де, шегі де жоқ жұмыс осы салада көп. Бір жағын бүтіндесең, келесі бір жағының жыртығы көрініп тұрады. Сондықтан да бюджет қаражатының көп бөлігі білімге құйылады. Ауданда 24 орта, 11 негізгі, 3 бастауыш мектеп бар. Жыл сайын бала санының аздығына байланысты аудандағы білім беру мекемелерінің қатары азайып келеді. Әсіресе, болашағы бұлыңғыр көп елді мекендердің мектептері жабылып қалды. Кейбір мектептер жергілікті тұрғындардың өтінішімен әлі де болса әупірімдеп тұр. Дегенмен бұл бюджетке едәуір шы- ғын әкеледі. Оған қоса, мұндай мектептерде білім сапасының көрсеткіші де төмендейді. Сондықтан, болашақта бұл мектептер Үкімет қаулысымен түбі жабылады. Керісінше, қажетті жерлерге заман талабына сай жаңа мектептер салынады. Жөндеуді қажет етіп тұрған мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соңғы екі жылда ауданда 4 жаңа мектептің құрылысы басталып, бірқатары пайдалануға берілді. Олар Қандыағаш қалалық №1 орта мектебі, Еңбек ауылдық округінің орталығындағы Сағашилі орта мектебі. Ал Құмжарған ауылдық округіне қарасты Құмжарған елді мекені мен Ақкемер ауылдық округіне қарасты Елек елді мекенінде мектеп құрылыстары жүруде. Айта кету керек, Електегі мектеп аудан тарихында бірінші рет жергілікті бюджет қаражатымен салынып жатыр. Бұдан бөлек, Еңбек ауылдық округіне қарасты Темір-көпір бекетіне, Ащысай мен Талдысай ауылдық округтерінің орталықтарына жаңа мектеп салу үшін жоба әзірленуде. Бірте-бірте аудандағы ескі мектептердің барлығы жаңартылатын болады. Бұл елдің ертеңі үшін жасалып жатқан қарекет. Өркенетті ел боламыз деп алдыға қарай ұмтылуымыз үшін әуелі сауатты, білімді ұрпақ тәрбиелеп шығаруға тиіспіз. Ол үшін оқушыларға жағдай жасалуы керек. Соңғы бір-екі жылдықта мектеп оқушылары оқулықпен толыққанды қамтылып, бұрын 16 оқушы бір компьютермен жұмыс істеуге мәжбүр болса, қазір 1 компьютерге жеті баладан келеді. Болашақта 1 компьютер 4 балаға тиесілі болады. Білім саласындағы көрсеткіштердің бірі — ұлттық бірыңғай тест. 2018 жылы ҰБТ бойынша орташа балл 91,8-ді құрады. Қатысқан 378 түлектің 192-і грант иегері атанды. 50-ге жуық түлек «Алтын белгіге» иеленді. Бұл көрсеткішпен мектеп оқушыларының білім деңгейі, оларға білім үйретіп жатқан ұстаздардың еңбектерінің жемісі көрінеді. Осыған орай, мұғалімдердің мәртебісі көтеріліп, еңбектері еленетін болады. Ауданда соңғы жылдары мемлекеттік жеке меншік серіктестігі аясында 5 балабақша ашылып, балабақша кезегінде тұрған балалардың саны азайды. Биыл және екі балабақша ашу жобалануда. Оның біреуі 150 орындық, екіншісі 100 орындық. Осы жылдың ішінде оқушылар сарайы, өнер орталығы сынды мектептен тыс мемлекеттік мекемелерді де ашу жоспарда бар. Жалпы мемлекеттік жеке меншік серіктестігі арқылы Қандыағашта екі спорттық кешен салынады. Және бір жергілікті кәсіпкер Бақытжан Қадыралин аудан орталығынан үлкен спорттық сауықтыру орталығын салуға ниет білдіруде.

Денсаулық…

…саласы үлкен саланың бірі болғандықтан, ауданда бұған ерекше көңіл бөлінеді. Елді мекендерге дәрігерлік амбулатория, медпункт салу қолға алынған. Биылғы жылдың басында мемлекеттік жеке меншік серіктестігі аясында Жұрын ауылында салынған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Өткен жылы «Туған жерге тағзым» акциясының аясында мұғалжарлық азамат Қуаныш Жәлімбетов Құмжарған елді мекеніне медпункт салып беріп, мемлекет меншігіне тапсырды. Денсаулық саласында мамандар жеткілікті. Десек те, бірнеше жердегі дәрігер мамандар зейнеткерлік жасқа жетіп қалды. Олардың орнын басатын мамандарды тарту міндеті бар. Жастарды «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға әкеліп, оларға жағдай жасау маңызды. Ауылда тұрақты түрде кем дегенде бес жыл жұмыс істеген мамандарға бір бұзаулы сиыр, 10 қойды қорасына алып беруді жергілікті атқарушы билік өз мойнына алып отыр. Тіпті ауылдағы тұрғын үйлерін жекешелендіріп беруге де құлықты. Халықтың денсаулығын жақсарту және медициналық көмектің қолжетілімділігін арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Ендігі кезекте тек жергілікті халықтың өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауының маңыздылығы жоғары. Түрлі дерттің алдын алу үшін дер кезінде медициналық тексерістен өтіп, өлім көрсеткішін азайту керек.

Мәдениет…

…саласы ауданның ақсап тұр. Округтердегі мәдениет ошақтарының көбі көңілді күпті етеді. Газдандырылған елді мекендердің өзінде Мәдениет үйлері жылусыз. Қатты, сұйық отын пайдаланып отырған мұндай мәдени ошақтар бюджетке едәуір шығын әкеледі, қиындықтар туғызады. Мысалы, Жұрын ауылындағы мәдениет үйі 19 жылдан бері жылу көрмеген. Шешімі болса да, мәселе ескерілмей келіпті. Бұл осыған жауапты мамандардың кемшілігі көрінеді. Алдағы уақытта бұл кемшіліктер жойылып, ауылдағы мәдениет ошақтары заман талабына сай жаңартылады. Бірақ, облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, ең әуелі жолдар жөнделіп, мектептің мәселелері шешілуі тиіс.

Саябақтар…

…салу жайы жақсы қолға алынғандығы көпшіліктің көз алдында. Қазір Қандыағаштағы аумағы кең бос жатқан орындардың барлығы халықтың демалатын орындарына айналды. Мұндай демалыс орындары әлі де салынады. Биылдан бастап Ембі қаласында саябақтар салу ісі қолға алынбақ. Өкінішке орай, салынған демалыс орындарындағы орнатылған бұйымдарды қала тұрғындары бұзып жатыр. Барды бағалай алмай, мәдениеттілігінің төмендігін көрсетуде. Жабайы әрекетке барған мұндай тұрғындар міндетті түрде жазаланады. Тіпті бас бостандықтарынан айырылуы да мүмкін.

Спортты…

…дамыту үшін барлық елді мекендерде «Туған жерге тағзым» акциясын негізге ала отырып «WorkOut» алаңдары, бюджет қаражатымен спорт алаңдары салынды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында жергілікті халықтың спортпен шұғылдануы 31 пайызды құрап отыр.

Баспана…

…мәселесі ретімен шешімін тауып келеді. Өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен Қандыағаш қаласында екі көпқабатты тұрғын үй салынып, қазір тұрғындар тұрып жатыр. Одан бөлек жеке кәсіпкер Бақытжан Қадыралин жаңғыртқан екі көпқабатты тұрғын үй бюджет қаражатымен сатып алынып, баспана кезегінде тұрғандарға берілді. «Самал» мөлтек ауданында екі қабатты 8 пәтерлік 3 тұрғын үй салынуда. Есет батыр көшесіндегі 90 пәтерлік жатақхананы жаңғырту жұмысы да жоспарда. Баспанаға мұқтаж жандардың мәселесін шешу мақсатында бүгінгі таңда Қандыағаш қаласынан 9 қабатты тұрғын үй салудың жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Егер мақұлданса, қала тарихында болмаған 9 қабатты тұрғын үй бой көтеретін болады. Сондай-ақ, 5 қабатты тағы да екі үй салу межеленді.

Полиция…

…жұмыс істесе, қылмыс көрсеткіші төмендейтін болады. Учаскелік полиция инспекторларының жұмыстары ендігі кезекте ауданның алқа мәжілісінде тыңдалып, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында толтырған хаттамалары есептеледі. Жақсы жұмыс көрсеткен, қызметіне жауапкершілікпен қараған құқық қорғау органдарының қызметкерлері марапатталады.

Коммуналдық…

…мәселе өзекті болса да, жылда шешімін табуда. 2016-2018 жылдар аралығында 10 елді мекенге ауызсу кіргізілді. Қандыағаш қаласындағы ауызсу мәселесі де шешілді. Өткен жылдары Талдысай, Алтынды елді мекендері мен Темір-көпір бекеті газдандырылды. Әлі де болса өзге елді мекендерді газдандыру ісі жалғасын табады. Болашақта ауданда ауызсу, көгілдір отынан мәселе болмайды.

Межелі міндеттер…

…өте көп. Елді мекендерді ауызсумен, көгілдір отынмен қамту, 4 елді мекенге амбулатория салу мәселесін шешу, мектеп салу, кем дегенде 3000-ға жуық адамды жұмыспен қамту, жұмысшылардың жұмыстарынан қысқартылмауын қадағалау, жалақыларын арттыру, спорт алаңдарын салу жұмыстары жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар бір-ақ жылдың ішінде ғана емес, бір-екі жылдықта атқарылатын істер. Ең бірінші кезекте Қандыағаш, Ембі қалаларының көшелерінің жолдарын жөндеу тұр. Аудан әкімінің айтуынша, жалпы бұл екі қалаға ерекше көңіл бөлінетін болады. Былтырғы жылы екі қаладағы біраз көшелердің жолдары қалыпқа келді. Дегенмен, жұмыстар жалғасады.

 Әнуар ЕСҚАРА

 

Ұқсас ақпараттар

АУДАНДА 511 ТҮЛЕК МЕКТЕП БІТІРДІ

admin_mugalzhar

Елімізде биатлоннан жасөспірімдер арасында қысқы Азия чемпионаты өтеді

admin_mugalzhar

154 БАЛА ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНА ЖІБЕРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.