Кейде бала өз сезімін сөзбен жеткізе алмайды. Бірақ оның мінез‑құлқындағы өзгерістер — ең басты белгілердің бірі. Кешегі күліп жүрген, сабаққа қуана барған бала бүгін тұйық, үндемей қалуы мүмкін. Мұндай өзгерістер көбінесе оның өміріне психологиялық қысым түскенін білдіреді — бұл буллингтің немесе жүйелі эмоционалдық қысымның белгісі болуы ықтимал.
Халықаралық және отандық зерттеу деректеріне сүйенсек, Қазақстанда мектеп жасындағы балалардың арасындағы буллингтің көрсеткіштері айтарлықтай жоғары. Қазақстанда 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 5%–ы мектепте буллинг құрбаны болған, ал әрбір сегізінші бала (шамамен 13%) онлайн‑буллингке — интернеттегі психологиялық қысымға ұшырайды деген мәліметтер бар. Бұл — тек бірнеше жасөспірім ғана емес, қоғамның бір бөлігін құрайтын балалар үшін ауыр салдары бар проблема екенін көрсетеді.
Тағы бір дерек бойынша, еліміздегі мектептердің көпшілігінде психологтар жұмыс істейді: Қазақстан мектептерінде шамамен 7 207 педагог‑психолог бар, бұл жалпы қажеттіліктің 97%‑ын қамтамасыз етеді деп есептеледі. Бірақ кей өңірлерде бұл көрсеткіш жеткіліксіз — мысалы, кей облыстарда мектептердің барлығы психологпен толық қамтамасыз етілмеген.
Бұл деректер балалар арасындағы қысым мен психологиялық қиындықтардың бар екенін айқын көрсетеді. Мұндай жағдайларда баланың мінез‑құлқындағы өзгерістерге ерекше назар аудару қажет: тұйықталу, мазасыздық, мектептен қашу, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы және өзін‑өзі бағалаудың төмендеуі — потенциалды белгілер.
Психологтардың кәсіби даярлығы — неліктен маңызды?
Алайда статистикадан көрініп тұрған мәселе — буллинг тек қана балалар арасындағы жағдай ғана емес, оған дұрыс кәсіби түрде жауап беру де маңызды. Осыған байланысты қоғамда өздігінен психолог болып жұмыс істейтін, бірақ арнайы білімі жоқ мамандар да кездеседі. Мұндай жағдайлар кейде балаға керісінше зиян келтіруі мүмкін.
Бала бойындағы осындай нәзік өзгерістерді дер кезінде байқау – жауапкершіліктің жартысы ғана. Екінші жартысы – сол мәселені шешу үшін нағыз маманға жүгіну. Буллинг немесе эмоционалдық қысым сияқты күрделі жағдайларда кез келген адамның кеңесіне емес, кәсіби біліктілігі бар сарапшының көмегіне сүйену өте маңызды.
Психолог Бибигүл Қалел бұл туралы былай дейді:
“Психолог маманының міндетті түрде дипломы мен кәсіби аккредитациясы болуы – бұл талқыланбайтын шарт. Адамның психологиялық жағдайы, әсіресе баланың жан дүниесі – өте нәзік сала. Сондықтан тиісті білімі жоқ адамның кеңесі көмек берудің орнына, керісінше, орны толмас зиян тигізуі мүмкін.Біз тісіміз ауырса, ең алдымен дәрігердің тәжірибесі мен дипломына қарайтынымыз сияқты, психолог та адам жанымен жұмыс істейтін маман ретінде тек кәсіби білім мен аккредитация арқылы ғана тиімді көмек көрсете алады. Тек білікті маман ғана баланың жараланған сезімдерін емдеп, оны тығырықтан алып шығатын нақты құралдарды ұсына алады”.
Осы жағдайға байланысты MNU Newsroom тілшісі дипломы жоқ психологпен сұхбаттасып, оның тәжірибесі мен клиенттерге қалай кеңес беретінін егжей-тегжейлі білді.
Академиялық білімі жоқ бірақ өзін маман деп есептейтін психологтың сөзінше:
“Мен адамдарға кеңес беріп жүргеніме бірнеше ай болды. Дипломым жоқ, бірақ психология бойынша бірнеше онлайн курс оқып шықтым. Сол арқылы адамдарға көмектесе аламын деп ойлаймын.Ия ,ресми дипломым жоқ,қазіргі таңда аса қажет емес деп ойлаймын.Менің ойымша,адамдарға жай ғана тыңдау және сөйлесу арқылы көмек көрсетуге болады.
«Ертерек көріп, шара қолданса болар еді»
Бірінші кейс
Балаға қысым көрсетудің нақты мысалы — Айгүлдің ұлы. Ол бірнеше ай бойы сыныптастарынан жүйелі қысымға төзуге мәжбүр болды. Баланың күйзелісін білдіретін белгілері болды: сабаққа барғысы келмей, тамақтан бас тартқан, кейде көк ала болып үйге келген.Жағдайдың ушыққандығы соншалық,баланы ата-анасы моральдық,физикалық қауіпсіздігі үшін қашықтықтан оқытуға ауыстыруға мәжбүр болды .
“Егерде мектеп басшылығы дер кезінде ескертіп,хабардар етсе баламыздың қазіргі жағдайын алдын алатын едік.Арада біраз уақыт өтсе де ,өткен жағдайдың әлі де әсері сезіледі.”
НЕКЕМДІ САҚТАҒЫМ КЕЛІП,АЛАЯҚҚА ТАП БОЛДЫМ
Жас келіншек енді ғана отбасылық өмірге қадам басып,киеуімен түрлі келіспеушіліктерге тап болғанын айтады. Күнделікті тұрмыстық ұсақ түсініспеушіліктер уақыт өте келе үлкен мәселеге айналып, ол бұл жағдайды өз бетінше шешу қиын екенін түсінеді. Сол себепті маман көмегіне жүгінуді жөн көрген.
«Психологқа барған кезде ол менің бойымда түрлі психологиялық жарақаттар бар екенін айтты. Оларды шешу үшін бірнеше сеанс қажет болатынын түсіндірді. Алғашында бұл маған қалыпты көрінді. Бірақ уақыт өте келе сеанстар саны көбейе бастады. Әр кездесудің бағасы да өсіп отырды, себебі ол “сізбен әлі көп жұмыс істеу керек” деп түсіндіретін. Кейінірек ол тіпті күйеуім екеуміз “әртүрлі планетадан келген адамдар сияқтысыздар” деп айтып, бізге ажырасқан дұрыс болатынын жеткізді. Оның айтуынша, тек сол кезде ғана мен өзімді толық “проработать” ете аламын екен. Ал мен бастапқыда тек бір-екі кеңес алып, отбасымдағы қарым-қатынасты қалай түзетуге болатынын білгім келген еді», – дейді ол.
Алайда біраз уақыт өткен соң күйеуі де бұл жағдайға назар аударып, оның психологқа жиі баруы мен оған жұмсалған қаражатты байқайды. Осыдан кейін сол маманның кәсіби білімі бар-жоғын ,жалпы бұл кісі кім екенін тексеруді жөн көрген. Нәтижесінде ол кеңес беріп жүрген адамның ресми дипломы жоқ және алаяқ екенін біледі.
Бұл жағдай әйелге үлкен сабақ болғанын айтады. Оның сөзінше, психологиялық көмекке жүгінгенде ең алдымен маманның кәсіби білімі мен тәжірибесіне көз жеткізу маңызды. Өйткені кейде дұрыс таңдалмаған кеңесші адамның жағдайын жеңілдетудің орнына, керісінше айрандай ұйып отырған отбасының екі жаққа кетуіне әкелетін елу
Психологтар туралы заң:Жаңа заңнама нені өзгертеді?
Психологиялық көмек көрсету саласындағы бақылаусыздық пен біліктілік тапшылығы бүгінде мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселеге айналды. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бастамашы болған жаңа заң жобасы әзірленуде. Бұл құжат еліміздегі психологиялық қызметтің құқықтық негізін қалап, салаға қатаң стандарттар енгізуді көздейді.
Заң жобасының басты басымдықтары:
• Маман мәртебесін айқындау: Психолог қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын заңмен бекіту және «өзін психологпын» деп атаушылардың жолын кесу;
• Кәсіби сүзгі: Мамандардың білімі мен тәжірибесін растайтын міндетті аккредитациялау жүйесін енгізу;
• Жауапкершілік жүгі: Этиқалық нормаларды бұзған немесе кәсіби қателік жіберген мамандардың жауапкершілігін құқықтық тұрғыдан бекіту.
Бұл заң жобасы — қоғамды біліксіздіктен қорғайтын және психологиялық көмек алу мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды реформа. Саланың заңмен реттелуі әсіресе буллинг пен эмоционалдық қысымға ұшыраған азаматтардың мемлекет тарапынан қорғалуын толық қамтамасыз етпек.
Түйіндей келсек,сапалы заң-сауатты қоғам іргетасы.Буллинг деректері мен біліксіз мамандардың құрбаны болған тағдырлар бір нәрсені айқын аңғартады: психологиялық көмек — бұл жай ғана әңгімелесу емес, бұл адам тағдырына тікелей әсер ететін жауапты процесс. Сондықтан Асхат Аймағамбетов бастамашы болған заң жобасы — тек құжат қана емес, бұл қоғамның жан саулығын қорғайтын берік қалқан болмақ.
Заң жобасы аясында енгізілетін қатаң талаптар мен аккредитация жүйесі «кездейсоқ» психологтардың дәуірін аяқтап, нағыз мамандардың мәртебесін көтереді. Бұл — ертең баламыз мектепке қорықпай баруы, ал қиналған сәтте білікті көмек ала алатынына сенімді болуымыз үшін жасалған маңызды қадам.
Қорыта айтқанда, заң — жүйені реттейді, ал таңдау жасау — әрқайсымыздың еншімізде. Балаңыздың немесе өзіңіздің жан дүниеңізді тек кәсіби маманға сеніп тапсырыңыз. Өйткені сапалы көмек қана сауатты болашақтың кепілі.

