«Айтқаныңды түсінбедім, балам…». Бүгінде бұл сөз әрбір екінші үйдің төрінде айтылады. Соңғы жылдары еліміздегі логопедиялық ахуал дабыл қағарлық деңгейге жетті: мамандардың дерегінше, мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің 80 пайызында сөйлеу механизмінің дефектілері бар. Бұл тек дыбысты дұрыс айтпау емес, сөздік қордың аздығы мен ойын еркін жеткізе алмаудың жаппай сипат алуы.Мәселенің өзектілігі балабақшадағы мерекелік ертеңгіліктерде анық байқалады. Топ толы бала болғанымен, тақпақты мүдірмей айтып, рөлдерді еркін сомдай алатын небәрі 2-3 бала ғана табылады. Қалғандары дыбыстарды «жұтып» қойса, енді бірі мүлдем үнсіз. Бұл — жай ғана статистика емес, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік дағдарыс.
Бұл мәселенің үш жағын MNU Newsroom тілшісі зерттеп, тыңдап көрді: топтағы балалардың бір-бірін түсінбей қиналғанын күнде көріп жүрген тәрбиешіні, сауатсыз маманға алданып, уақыты мен ақшасынан айырылған ананың оқиғасын және нағыз маман тәжірибелі логопед-дефектологты. Неліктен бүлдіршіндердің тілі тұсауланады? Логопедия бүгінде шынайы көмек пе, әлде ата-ананың қорқынышына негізделген табыс көзі ме?
“Ұстазы жақсының,ұстамы жақсы”,Нағыз маман не дейді?
MNU Newsroom тілшісі зерттеу барысында ең алдымен тәжірибелі маманның пікіріне сүйенді. Логопедтің айтуынша, қазіргі балалардың “тұтығып” қалуының себебі тек медицинада емес, ең алдымен отбасындағы тәрбие мен ата-ананың салғырттығында жатыр.
«Халықта «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген сөз бар. Баланың ең алғашқы ұстазы — ата-анасы. Бірақ бүгінде балаларымызды ата-ана емес, интернет пен «электронды күтушілер» (гаджеттер) тәрбиелеп жатыр. Тірі қарым-қатынас, бетпе-бет сөйлесу жоқ. Нәтижесінде, 7 жасқа дейін толық қалыптасуы тиіс дыбыстар мүлдем шықпай қалады».
Маманның айтуынша, логопедиялық көмекке сұраныс өте жоғары. Оның орталығына 2025 жылдың қаңтар айынан бастап небәрі екі айдың ішінде 200 бала тіркелген. Алайда, бұл үлкен сұраныс саланың бизнеске айналуына және ата-ана жауапкершілігінің төмендеуіне әкеп соққан.
«Әріптестерім туралы жаман айтқым келмейді, бірақ кейбір орталықтардың жабдықталуын көргенде: «Бұл шынымен көмек пе, әлде бизнес пе?» деген ой келеді. Бірақ мәселенің екінші жағы тағы бар: біз ата-аналардың жауапкершілігі жоқтығынан дени сау баланы «ауру» қылып алып келе жатқанын көріп жүрміз. Баламен айналыспау, онымен тілдеспеу, бәрін логопедке ысырып қою — үлкен қателік.Логопедия — бұл тек маманның кабинетінде шешілетін мәселе емес, бұл кешенді жұмыс. Процедурадан кейін үйге барып, баламен бірге тапсырмаларды қайталап, еңбектену керек. Ал бізде ата-аналар логопедке ақша төлесе болды, бала бірден сайрап кетеді деп ойлайды. Егер маманмен жұмыс істегенде 3-4 ай ішінде ешқандай нәтиже болмаса, уақыт созбай маманды ауыстыру керек. Бірақ ең бастысы — үй жұмысын ұмытпау», — деп түйіндеді дефектолог.
Сатып алынған «үнсіздік»: Алты ай алданған ананың ащы тарихы
Сурет:ЖИ көмегімен жасалған
«Балам 3-4 айдан соң сайрап кетеді» деген уәдеге сенген Әйгерімнің (есімі өзгертілді) оқиғасы — бүгінде логопедия нарығындағы бизнес пен салғырттықтың айқын көрінісі. Оның 4 жасар ұлы тек жекелеген сөздерді ғана айтып, толық сөйлем құрай алмаған. Жарнамасы жер жарған ең қымбат логопедиялық орталықтардың біріне жүгінген ананың үміті алты айдан соң күл-талқан болды.
«Орталыққа барғанымызда бізді жарқын жүзбен қарсы алып, баланың тілін 2-3 айда шығарып береміз деп уәде берді. Әр сабағына қомақты қаржы төледік. Бірақ маман баламен не істеп жатқанын, қандай әдіс қолданатынын ашып айтпайтын. «Бәрі жақсы, нәтиже болады, күтіңіздер» деген сөзді естумен алты ай өтті. Ең сорақысы — маман бізге үйге тапсырма бермейтін, «өзіміз бәрін реттейміз» дейтін», — дейді Әйгерім.
Жарты жылдан соң Әйгерім баласын басқа тәжірибелі дефектологқа көрсеткенде, төбесінен жай түскендей болған. Маман баланың алтын уақыты босқа кеткенін, ал алдыңғы орталықтың тек механикалық жаттығулармен ( уақыт созу) айналысқанын айтқан.
«Біз тек ақшамыздан емес, ең қымбат нәрсе — уақытымыздан айырылдық. Логопедияны бизнеске айналдырғандар үшін бала тағдыры емес, кассаға түсетін ақша маңызды екенін кеш түсіндік. Қазір жаңа маманмен үй тапсырмасын бірге орындап, кешенді жұмыс істеп жатырмыз. Нәтиже 2-3 аптаның ішінде көріне бастады», — деп түйіндеді кейіпкеріміз.
Ертеңгіліктердің жыры,балабақшадағы шынайы көрініс
Сурет:ЖИ көмегімен жасалған
Мәселенің ең ащы көрінісі бүгінде логопед кабинетінде емес, балабақша қабырғасында анық байқалады. Күнделікті ондаған бүлдіршінмен тікелей жұмыс істейтін тәрбиеші Гүлнұр ханым (аты-жөні өзгертілді) қазіргі жағдайды «сөйлеу дағдарысы» деп атайды. Оның айтуынша, қазіргі балабақшалар шудан емес,үнсіздіктен немесе ежектеп сөйлеуден зардап шегуде.
«Мерекелік ертеңгіліктер (утренник) — біз үшін ең ауыр сынақ. Бұрын балалар тақпаққа таласатын еді, қазір жағдай мүлдем басқа. Топта 30 бала болса, соның ішінде тақпақты анық айтып, рөлді сомдай алатын небәрі 2-3 бала ғана табылады. Қалғандары не дыбыстарды «жұтып» қойса, енді бірі мүлдем үнсіз тұрады. Бұл — жай ғана ұялу емес, бұл — ойын жеткізе алмаудың зардабы», — дейді тәрбиеші.
«Мерекелік ертеңгіліктер — біз үшін ең ауыр сынақ. Бұрын балалар тақпаққа таласатын еді, қазір жағдай мүлдем басқа. Топта 30 бала болса, соның ішінде тақпақты анық айтып, рөлді сомдай алатын небәрі 2-3 бала ғана табылады. Қалғандары не дыбыстарды «жұтып» қойса, енді бірі мүлдем үнсіз тұрады. Бұл — жай ғана ұялу емес, бұл — сөздің қордың төмендігі,ойын жеткізе алмаудың зардабы», — дейді тәрбиеші.
«Балалар бір-бірімен тіл табыса алмаған соң, ойын жеткізу үшін бір-бірін итереді, тістейді немесе төбелеседі. Бұл — тілдің жоқтығынан туған агрессия. Ата-аналарға бұл мәселені айтсақ, көбі: «Біз логопедке ақша төлеп жатырмыз, солар істесін» деп жауапкершілікті маманға ысырып қояды. Бірақ баламен үйде тірі қарым-қатынас болмаса, ешқандай «алтын» логопед көмектесе алмайды. Біз балабақшада шу емес, балалардың бір-бірімен сөйлесе алмайтынынан ,дұрыс коммуникация құра алмайтынынан қорқатын болдық».
Шынында да, тәрбиеші айтқандай, ата-аналардың «ақша төледік, логопед бәрін реттейді» деген сенімі көбіне алдамшы болып шығады. Өйткені, нарықта балаңыздың тілін емес, қалтаңыздағы ақшаңызды «сөйлеткісі» келетін орталықтар аз емес. Осы орайда заңды сұрақ туындайды: біз баламызды сеніп тапсырып жүрген мамандардың бұл нәрсеге құқығы бар ма? Логопедтен ең алдымен лицензия талап ету неге маңызды?
“Жылтыр сертификат емес,білім сөйлесін!”,Диплопсыз дефектологтар
Логопедия саласының «бизнеске» айналуының басты себебі — маман тапшылығы мен бақылаудың әлсіздігі. Қазіргі таңда екі апталық курсты бітіріп, өзін «логопед» деп атайтындар көбейген. Алайда, заң мен этика бұл туралы не дейді? ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен бұйрықтарына сәйкес, «логопед» немесе «дефектолог» лауазымына тек тиісті бағыттағы жоғары кәсіби білімі (дипломы) бар тұлғалар ғана қабылданады.
Курстар мен сертификаттар: Бүгінде трендке айналған «интенсивті курстар» маманға негізгі дипломды алмастыра алмайды. Заң бойынша, сертификат тек біліктілікті арттыру құралы болып табылады. Дипломы жоқ адамның логопедиялық қызмет көрсетуі — кәсіби құзыретсіздік және тұтынушыны алдау (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабы бойынша қарастырылуы мүмкін).
Дипломсыз жұмыс істеуге бола ма?
Қазақстан заңнамасы бойынша, логопед-дефектолог болып жұмыс істеу үшін міндетті түрде жоғары педагогикалық немесе медициналық білім (дефектология, логопедия мамандығы бойынша) болуы тиіс:
•Сертификат пен Дипломның айырмашылығы: Екі апталық онлайн-курссертификаты маманға диагноз қоюға немесе күрделі түзету жұмыстарын жүргізуге құқық бермейді. Ол тек қосымша біліктілікті арттыру құралы ғана.
•Маманға қойылатын талаптар: Нағыз логопед баланың физиологиясын, психологиясын және неврологиясын терең білуі керек. Себебі, тіл мүкістігі — көбіне ми жұмысымен байланысты күрделі процесс.
Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, бүгінгі логопедия нарығы — үлкен мүмкіндіктер мен қауіпті тұзақтардың түйіскен жері. Бір жағынан, баласының болашағы үшін соңғы тиынын санап беріп отырған ата-аналар, екінші жағынан — сол мұқтаждықты пайда көзіне айналдырған «сұр» орталықтар.Алайда, мәселенің тамыры тек ақшада емес. Балабақша тәрбиешілерінің «ежектеген ұрпақ» туралы жанайқайы мен мамандардың заңсыз қызметі — қоғамдағы салғырттықтың көрінісі. Дипломсыз маманға баланы сеніп тапсыру — оның тағдырымен ойнау. Тілдің кешігуі немесе дұрыс шықпауы тек сөйлеудің кемістігі емес, бұл — баланың ертеңгі күні қоғамнан оқшаулануы, білімнен қалуы және өз-өзіне сенімсіз болуы.Логопед таңдағанда оның кабинетінің әдемілігіне емес, қолындағы дипломы мен мекеменің лицензиясына қараңыз. Заңды құжатты талап ету — сіздің әдепсіздігіңіз емес, балаңыздың алдындағы басты парызыңыз. Есіңізде болсын: логопед 40 минуттық сабақты өткізеді, ал қалған 23 сағатта баланың тілін дамыту — тек сіздің қолыңызда.
Психолог-логопед :Зульфия Абдолдинова

