«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Мәңгілік достық пен стратегиялық серіктестік: Қазақстан мен Түркия келіссөздері

АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Мемлекет басшысы Түркия Қазақстан үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес саналатынын атап өтіп, тамыры терең байланыстар қос халықтың мызғымас достығын одан әрі нығайтуға ықпал етіп отырғанын айтты.

— Қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мемлекетаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да жоғары деңгейде. Түрік делегациясының құрамында бір топ депутаттың және партия мүшелерінің болуы — соның айқын дәлелі. Сонымен қатар екі елдің экономикалық ынтымақтастығы күшейе түсті. Түркия ірі инвесторларымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі — негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық. Бұл мәселе бойынша екі елдің де ниет-тілегі — бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті бүгінде Түркия әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, түрлі салада елеулі табысқа қол жеткізгеніне назар аударды.

Сіздің салиқалы, сарабдал саясатыңыздың нәтижесінде Түркияның әлемдегі ықпалы мен беделі арта түсті. Түрік елі қуатты экономика мен салмақты дипломатияның арқасында Еуропа мен Азияны, күллі түркі дүниесін жалғаған алтын көпір ретінде танылып отыр. Мемлекетіңіздің жетістіктері — Сіздің ұлт мүддесін қорғау жолындағы қажырлы еңбегіңіздің жемісі деп білеміз, — деді Президент.

Тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдету мәселесін талқылады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард доллардан асқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қолайлы жағдай жасап, алыс-берісті әртараптандырудың маңызына тоқталды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны — 630 миллион доллардан асады.

Бұл ретте Мемлекет басшысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары арасындағы серіктестіктің, сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік бизнес-форумының нәтижесі сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдете түсетініне сенім білдірді.

Ұқсас ақпараттар

ƏР МАҚАЛАДАН ШЫНАЙЫ ӨМІРДІҢ КӨРІНІСІН КӨРЕМІН

admin_mugalzhar

КЕЛІНДЕР СЫНҒА ТҮСТІ

admin_mugalzhar

Президент тапсырмасы бойынша Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылы жаңа деңгейге көтерілді

admin_mugalzhar