«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АХМЕТ ЖҰБАНОВТЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ – ЕЛ АУЗЫНДА

АХМЕТ ЖҰБАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА — 120 ЖЫЛ

ӨМІРІНІҢ БАР БӨЛІГІН ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫ МЕН ӨНЕРІНІҢ ДАМУЫНА АРНАҒАН АХМЕТ ЖҰБАНОВТЫҢ БАЛА КЕЗДЕН ШЕШЕН ТІЛДІ, АЛҒЫР, ШАПШАҢ, ӨНЕ БОЙЫНАН, СӨЙЛЕГЕН СӨЗІНЕН КІШІПЕЙІЛДІЛІК ЕСІП ТҰРҒАН ЖАН ЕКЕНДІГІН КӨП ЕСТЕЛІКТЕРДЕН ОҚЫП БІЛЕМІЗ. БҮГІНДЕ ЕСІМІ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АХМЕТ АТАМЫЗДЫҢ ҰШҚЫР ОЙЫМЕН, ҰТҚЫР ЖАУАБЫМЕН КӨПТІҢ АУЗЫНДА ҚАЛҒАН ҚЫЗЫҚТЫ ОҚИҒАЛАРЫН НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНБАҚПЫН.

«Сәуір болмай, тәуір болмас» дегендей, 1906 жылы сәуір келіп, мұз еріп, қар кеткен уақытта Қуан шаңырағы қуанышқа бөленіп, өмірге Ахмет келеді. Сол күні-ақ ауыл-ауылға сүйіншілеп жеткен қуанышты хабарға бей-жай қарамаған көрші ауылдың адамдары сай-саланың тасқын суына қарамай, малмандай су болып, бірі арбаланып, бірі салт, бірі жаяулап жиналыпты. Тойға келгендердің барлығы шілдеханадан да мәні терең сәбидің шілделігін күзетуге жиналған. Ондағысы – жас сәбиге үйір болар бәле-жаланы, қара ниеттілерді аластауға дұға етіп, сәбиге тілектер тілеп, күй тартылып, жыршылар жыр айтып, әншілер ән салып, бірер күнге дейін тарқаспаған деседі. Жаңа туған Ахметтің бесігі де алғаш ән, күй, жыр, бата, сүбелі сөз, әзілқалжыңмен тербетілген екен. Жасынан әкесі Қуанның жанында жүріп, үлкен жиындарда сөз сөйлеген ауылдың би-болыстарын тыңдап, өнерпаздарды жақын танып өскен бала Ахметтің тұла бойына ұтымды жауап беру, ащы әзілмен шымшып сөйлеу, өзі күлмей, біреуді күлдіру қасиеттері мықтап сіңсе керек. Композитор бір естелігінде: «Менің туыпөскен үйім – домбыра, ән, күй, жыр. Көркем әңгімені кәрі-жасына дейін қадірлейтін осындай ауылда өскен мен бес жасымда хат танып, домбыра тартып, өлең айтып, тақпақ жаттайтынмын. Ауылдың қақ ортасында суы мол үлкен құдық болатын, кешке қарай салқын түскен соң ауыл адамдары құдықтың басына жиналушы еді. Ән, күй, жыр тыңдап, ақындар айтысын тамашалайтын. Әсіресе, күйге деген ықыласы ерекше-тұғын. Күй тартпайтын кәрі-жас, әйел-еркекті кездестірмейтінбіз. Сонымен қатар ауылдың қуанышы мен қайғысын өлең-жырмен жеткізіп естіртетін. Сондықтан болар, маған бүкіл қазақ даласы ән-жыр айтып, күмбірлетіп күй тартып, әсем әсерге бөленіп тұрғандай болады. Әнші, күйші, жырау дегендерді ауыл адамдары пір тұтатын», — деп жазған. Ахметтің ең алғашқы тапқырлығы ауылдың жесірі Толғанай мен баласы Елжанның қыс ортасында отынсыз қалған кезінде байқалады. Аналы-баланың қораларын қар басып, аз-маз жинаған отынды жауып тастап, ауылды аралап, отын сұрауы бала Ахметтің жанына батса керек. Үшінші күні өгіз арбамен үйіне отын сұрай келген Толғанай мен Елжанды аяп, қолына домбырасын алып, өгізге жегілген арбаға отырып, ауыл ішін бірге аралап, малын жайлап жүрген ауылдастарына жесірі мен жетімінің жағдайын жарапазан мақамына салып баяндап беріпті. Ахметті таныған ауыл адамдары таңданысып, тұра қалысады. Ахмет болса, өгізді басқа балаға жетектетіп, қолындағы домбырасын қағыпқағып жіберіп:

— Уа, ағайын, ағайын,

Домбырамды-ау қағайын.

Құлақ салып тыңдасаң,

Жетім ұл мен жесірдің

Жайын айтып бағайын.

Қаңтардың қатты бораны

Басып қалды қораны.

Отынын аршып ала алмай,

Елжан менен Толғанай,

Көрпеге тоңып оранып.

Есіктің алды белегір,

Белегірге келе көр,

Жетім менен жесірге

Бір құшақ отын бере гөр.

Отынды тиеп алған соң,

Жалғыз қамыт қара өгіз,

Ауылға қарай желе гөр.

Мұхамбет, үмбетіңе жарапазан!

Уа, ағайын, ағайын! Домбырамды-ау қағайын. Әнге де салып бағайын, Бір құшақ отын берсеңдер, Көңіліңді солай табайын, – деп ауыл тұрғындарын бір таңғалдырыпты.

Қара-құраң жиналған адамдар жас баланың тапқырлығына қарап: «Әй, Ахмет, айналайын! Көңілімізді көтеріп тастадың ғой», – деп құшақтарындағы отындарын арбаға салып берген көрінеді. «Көп түкірсе, көл болады» дегендей, ауылдастарының берген отыны арбаға сыймай қалады. Оны көрген Ахмет: «Артық отынды осында қойыңыздар. Ертең Толғанай мен Елжан өздері алып кетеді», – деп ескерту де жасаған екен. Бала Ахметтің бұл тапқырлығы мен пысықтығына ауылдастарының бірі қызығып күліссе, ал ауыл ақсақалдары: «Жесір де біздікі, жетім де біздікі, қараусыз қалдырып, баланың алдында ұятқа қалдықау», – деп қысылыпты. Ауыл арасында бұл оқиға біраз уақыт көптің ойынан кетпей, «Қап, Қуанның қу тілді баласы бізді жығып кетті-ау. Осыны жасатып отырған шешесі Бибішынар ғой», – десе, бірі: «Қойыңдар, шешесін кінәламаңдар, негізі Ахметтің ойы жүйрік бала», – деп ақтап жатқандары да болыпты. Ахметтің шынымен ойы ұшқыр, өте жылдам болғандығын мына оқиғаға қарап та топшылауға болады. 1918–1919 жылдары ауыл маңында ақ пен қызылдар арасында қақтығыс болып, қызыл әскер жеңіп, ақтар жеңілген екен. Соғыс деген жайсыз шаруа сол кезде Ақжар ауылының да берекесін қашырған. Жан-жақтан қашқан әскер түрлі жоспармен ауыл сыртына оқ-дәрілерін, қару-жарақтарын тығып жүріпті. Ауыл адамдары соғыс аяқталысымен жан-жақты барлап, қалған темір-терсектерді жинап, керектеріне жаратса, Ахмет атылмаған оқтарды жинап, үйіне әкеліп тығып жүреді. Кешқұрым сырт жақтан қара-құра көрініп, дүбірлеген атты әскердің дыбысы естілсе, Ахмет шапшаңдығымен ауыл сыртын айналдыра тезек үйіп, от жағып, жанып жатқан отқа зеңбіректің оқтарын тастап, кезек-кезек жаратын болған. Ауылдың малына, жеріне көзі түскен ақтар әр жерден атылған оқтарды көріп, «ауылда қызылдар бар» деп сескеніп, ауыл ішіне кіруге жүрексініп, аттарының басын кері бұрады екен. Үлкендердің «қой» дегеніне қарамай, алды-артын ойлап жүрген Ахмет ауылды босқындардан осылай сақтап қалған кезі де болған. Бала күнінен жылқы малына құмартып өскен Ахмет өзінің меншікті бәйге күреңін өзі баптаған. Шымыр денесін ешкімге сипатпай, ат жарыстарына қосып, бәйгенің алдын бермейтін болыпты. Ал ағасы Құдайберген атын тек көлік ретінде пайдаланғаны болмаса, баптауына келгенде болбырлық танытатын болса керек. Бірде көрші ауылға қыдырып барған Құдайберген атын шідерлеп жіберсе, бос салынған шідері шешіліп, аты ауылынан бір шығыпты. Ахмет ағасының атын көріп, миығынан күліп, атты жетекке алып, сол ауылға қайта апарып беріпті. Білім жолында да алғыр, зейінді бала Ахмет алғашында ауыл молдасынан мұсылманша тіл сындырады. Ең мықты есте сақтау қабілетінің арқасында Құранды тез жаттап, таза әрі шапшаң оқуды меңгерген. Тіпті аяқ астынан біреу өмірден өтіп, шақырылған молда алыс жерден жеткенше, ауыл үлкендері Ахметке жаназа шығартатын болған. Бала молда да өзіне жүктелген міндетті сезініп, қайтқан адамның Құранын бір-екі күнде тегін оқып шығады екен. Осындай үлкен сауапты іс атқарған Ахметке жеңгелері «ақ молда, бала молда» деп ат қойған. Ораза айында Құдайберген, Ахмет, Жиенғали үшеуі қатарынан тұрып, намазға жығылып, құлшылық ететін болыпты. Бала молданың қылықтарын қызықтаған жеңгесі Раушан Ахмет еңкейіп жатқан кезде аяғынан сүйреп тартатын болған. Сол кезде үшеуі еріксіз күлкіге қарық болып, «намазымыз бұзылып кетті» деп жинақталып, қайта тұрып оқитын кездері де болыпты. Ел арасындағы композиторға қатысты аңыздың бірі: 1963 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде жаңадан қаз басып барған қазақтың ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының «Сарыарқасын» дауылдата тартып бастайды. Кенет сағақ пернеге келген кезде Ахаң әлде бір нотадан шатасып, күйді кілт үзіп жібереді де, лезде сол пернеден қайта іліп тартып кетеді. Күй аяқталған соң мәскеуліктер күйдің күшті әсерінен орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап, көп уақытқа дейін оркестрді сахнадан жібермей қояды. Бұдан былай «Сарыарқа» күйін сағақ пернеден үзіп тартудың әсерлілігінен күйді үзіп тарту оркестрдің дағдысына айналған деседі. Атақты күйші Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісова 1937 жылы 76 жасында филармонияға шақырылып, қарттық шағында алғаш сахнаға шығып, танымал болады. Өмірінің бар бөлігі қазақ даласында өткен күйші Динаның осыдан кейін атағы ас-қақтап, «Қазақ КСРінің халық әртісі» атағын иеленеді. Бұл құрметтің артында Ахмет Жұбановтың ықпалы тұрған еді. Отызыншы жылдары теледидар дамымаған уақытта Дина Нұрпейісованы елге танытып, өнерін мұрағатта сақтап қалу үшін арнайы радиоға шақыртады. Алайда қарт күйші сол күні сырқаттанып, студияға келе алмайды. Радио студиясында күтіп отырған Ахмет Жұбанов алаңдап тұрған жүргізушіге еш қысылмастан «хабарлай бер» деп ымдап, өзі күйші Динаның орнына отырып, он күйін бұлжытпай орындап шығыпты. Кейін Дина Кенжеқызы өзін жоқтатпай, тығырықтан шыққан Ахметке және оның күй тарту шеберлігіне сүйсінген екен. Өмірінің соңғы жылдары, 1966 жылы мамыр айында, композитор 60 жасын тойлау мақсатында нағашы жұрты қоныстанған Шалқар өңірінен бастау алған мерейтойды жоғары деңгейде өткізіп, кіндік қаны тамған туған жеріне келіп жалғастырады. Жанына Қазақстанның халық әртісі Ғ.Құр-манғалиевті, жазушы Ә.Нұрпейісовті, журналист Х.Меңдібаевты, домбырашы Әзидолла Есқалиевты, музыкант Әйтекеш Толғанбаевты және ұлы Болат пен Розаны ертіп келеді. Атақты композитор Ахметтің туған ауылы Ақжарда биік шыңның, ну орманның, арқырап аққан сарқыраманың жоқ екенін көргенде, достары қазақы қалжыңмен былай деп әзілдескен екен:

Талай таумен қырды асып,

Әдейі ертіп келгенде.

Әзілдепті құрдастар, Ахаңның ауылын көргенде.

Түк көрмедік мынадан,

Қылтанақ жоқ қырында,

Аха-ау, сіздей ұлы адам Қалай шыққан шынында?

Ал Ахмет Жұбанов болса, байсалды қалпын сақтап:

Ақын туған даланың Жылғасына қарама,

Батыр туған ананың Тұлғасына қарама.

Бұл даланың сырлары Сыртында емес, ішінде, Сортаңын да ұлдары Сүйеді сол үшін де, – деп ұтымды жауап беріпті.

Бұл жауапқа қарап отырып, өнер иесінің кіндік қаны тамған туған жерге деген шексіз махаббатын, табиғатқа деген ерекше ықыласын анық байқауға болады. Мақпал да биязы қоңыр дауыс-ты ардақты Ахмет Жұбановтың артында көнермей айтылар әлі талай қызықты қалжыңәңгімелері баршылық. Ғалымның аты, өнердегі еңбегі мен халқына қалдырған өшпес мұрасы ұлттық мәдениетімізбен бірге жасай бермек.

А. ЖӘНІБЕКОВА, Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейінің директоры, Ембі қаласы.

Ұқсас ақпараттар

Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау – ерекше бақылауда

admin_mugalzhar

Бірыңғай уақыт белдеуі: Қазақстан халықаралық ұйымдарды хабардар етті

admin_mugalzhar

ЕЛ МҮДДЕСІ – БӘРІНЕН БИІК!

admin_mugalzhar