Биыл Қазақстан жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарлама — EuroRAP-ты іске қоспақ. Бұл шараны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп жүзеге асырмақ, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
ДДСҰ есебі бойынша Қазақстандағы жол-көлік апаттарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың көлік құралына шаққанда 71,8 адамды құрайды. Елімізде EuroRAP жүйесін енгізу автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік деңгейін көтеруге мүмкіндік беріп, ЖКО санының азаюына ықпал етпек.
Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарламада жолдарды егжей-тегжейлі зерттеу және мәліметтерді жинау үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған көліктік құралдар, бағдарламалық қамтамасыз ету қондырғылары мен біліктілік курстарынан өткен мамандар жұмыс істейді.
Бағдарламада жолда болатын 50-ден астам түрлі факторға ерекше көңіл бөлінген. Тексеру шараларының нәтижесінде алынған мәліметтер EuroRAP-тың ұпайын бағалау және қауіпсіз жолдарға құйылатын инвестициялар жоспарын нығайта түседі.
Тұтастай алғанда, 2020 жылдан бастап жол қозғалысы қауіпсіздігін көтеру бағытында бюджетті егжей-тегжейлі әзірлеумен қоса, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 5 мыңнан астам және қалалардағы көшелердің 1000 шақырымында EuroRAP жол инфрақұрылымы қауіпсіздігін талдау шаралары жүргізіледі деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, «EuroRAP-тың ұлттық платформасының жетекші білімі» базалық құжаттары әзірленіп, EuroRAP жүйесін ұлттық заңнамаға енгізу жөніндегі егжей-тегжейлі ұсыныстар дайындалады деп жоспарланған.
Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарламаны енгізуде Swedish National Road Consulting AB (SweRoad) швед компаниясы кеңесші болмақ.
Ассоциациядағы субконсультант — QAZAQ Research Institute for Road Traffic Safety (Швеция/Қазақстан).
Айта кетейік, Қазақстанда Жол қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық бағдарламасының – IRAP құралы «Орталық – Оңтүстік» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәліздерін жобалау кезеңінде қолданылған болатын.
Осылайша, 2017 жылы ұзындығы 297 шақырымды құрайтын «Балқаш – Бурылбайтал» жол учаскесін, «Алматы – РФ шекарасы (Екатеринбургқа)» жолын реконструкциялау жобалары IRAP бағалауынан өтті.