«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«Педагог мәртебесі туралы» заң: мұғалімдердің жалақысын көтеру, құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау

2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл Заң ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген. Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған Заңның қабылдануының негізгі себептері мен мақсаттары және міндеттері қандай? Мұғалімнің білігі мен беделін арттырудағы аталмыш Заңның рөлі қандай болмақ? Бұл туралы толығырақ Рrimeminister.kz шолу материалында. 

«Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын және Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың 2019 жылы өткен «Bіlіm jáne gylym!» педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.

«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының мақсаты — педагогтардың мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Бұдан басқа, Заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген. 

«Педагог мәртебесі туралы» Заң қалай қабылданды

«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы 21 баптан тұрады және еліміздегі 500 мыңнан астам педагогтің мүдделерін қорғауды көздейді. Заң нормалары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім беру, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің педагогтеріне қатысты талаптарды қамтиды.

Заң жобасын талқылау мақсатында «Білімді ел – Образованная страна» сайтында арнайы электрондық пошта ашылды. ҚР Білім және ғылым министрлігі Facebook әлеуметтік желісінде педагогикалық және сараптамалық қауымдастықпен талқылаулар жүргізді. 2018 жылғы 20 қазаннан бастап электрондық поштаға қоғамдық қауымдастықтан және педагогтер ұжымынан 8 633 ұсыныс келіп түсті. Оның ішінде 2 399 ұсыныс bilimdinews.kz сайтында орналастырылды. 

Сонымен қатар, бұл заң түрлі алаңдарда — ЖОО-ларда, білім беру ұйымдарында және ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде талқыланды. 

Жалпы Заң төрт бағытты қамтиды, оның ішінде педагог қызметіне қойылатын талаптарды күшейту қарастырылған. Бұл ретте, педагог этикасы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген, әрбір білім беру мекемесінде Әдеп жөніндегі кеңес қызметі енгізілуде. 

Педагогтардың құқықтарын қорғау

Құжатта қамтылған педагогтің құқықтарын кеңейту нормалары олардың жеке тұлғалық дамуына және оқу үдерісін жетілдіруіне ықпал етеді. Сондай-ақ педагогтарды қызметіне жатпайтын жұмысқа тарту, шамадан тыс есептілік, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы олардың жүктемесін азайту өзекті мәселе. Осыған байланысты нақты санкциялар көзделген. 

Педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыруы кезінде:

  • Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;
  • одан Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға;
  • Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге;
  • тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндеттер жүктеуге;
  • мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтарын мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейді.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға қосымша 2 трлн. 282 млрд. теңге (2020 жылы – 404 млрд. теңге, 2021 жылы – 770 млрд. теңге, 2022 жылы –1 трлн. 108 млрд. теңге) бөлінді. 

Оның ішінде барлық педагогтардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарын қоспағанда, лауазымдық жалақыларына 25% мөлшерінде түзету коэффициентін белгілеуге 1 трлн. 756 млрд теңге (2020 жылы – 295 млрд теңге, 2021 жылы – 581 млрд теңге, 2022 жылы – 880 млрд теңге) көлемінде қаржы қарастырылған. Сондай-ақ мұғалімдер мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушыларына төленетін сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі), дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақы мөлшерін екі есе арттыруға – 43 млрд теңге (2020 жылы – 6 млрд теңге, 2021 жылы – 18 млрд теңге, 2022 жылы – 18,8 млрд. теңге) қарастырылған. 

Ағылшын тілінде оқытылатын физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының оқытушыларына базалық лауазымдық жалақысының 200%-ға дейін қосымша ақы белгілеу үшін 875 млн теңге (2020 жылы – 213 млн теңге, 2021 жылы – 281 млн теңге, 2022 жылы – 380 млн теңге) бөлінген. 

Ал жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарын қоспағанда, біліктілік санаты бар білім беру ұйымдарының педагогтарына, басшылары мен олардың орынбасарларына біліктілік санаты үшін 453 млрд теңге (2020 жылы – 94 млрд теңге, 2021 жылы – 161 млрд теңге, 2022 жылы – 197 млрд теңге) қосымша ақы белгілеуге бағытталады. 

Сонымен қатар, орта білім беру ұйымдарының педагогтарына ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы белгілеуге 9,9 млрд теңге (2020 жылы – 2,5 млрд теңге, 2021 жылы – 3 млрд теңге, 2022 жылы – 4,4 млрд теңге) жұмсалады. 

Мәдениет және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын, әскери оқу орындарын қоспағанда, орта білім беру ұйымдарының педагогтарына тәлімгерлік үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы белгілеуге 5 млрд теңге (2020 жылы – 1,5 млрд теңге, 2021 жылы – 1,8 млрд теңге, 2022 жылы – 1,9 млрд теңге) қарастырылған. Ал ұзақтығы күнтізбелік 56 күнге дейін ұзартылған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына 12 млрд теңге (2020 жылы – 3,9 млрд теңге, 2021 жылы – 4 млрд теңге, 2022 жылы – 4,2 млрд теңге) көлеміндегі қаражат бөлініп отыр.

Негізгі және маңызды норма – «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекс шеңберінде педагогтің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде оларға қатысты жеке тұлғалардың әдепсіз мінез-құлық танытқаны, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация жүйесі арқылы дөрекілік көрсеткені, былапыт сөйлегені және қорлағаны үшін айыппұл салынады. 

Бұдан басқа, педагогті кәсіби міндеттермен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартқан, сондай-ақ педагогтен білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептілікті немесе ақпаратты талап еткен жағдайларда ескерту жасалып, айыппұл салынады. 

Сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру ұйымының мұғалімдеріне тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндет жүктеу және оның өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түріндегі заң бұзушылықтар орын алған жағдайда ескерту жасалады. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталанған сол сипаттағы әрекеті үшін лауазымды тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған, медициналық рұқсаттары жоқ (психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттары жоқ және өзге де шектеулері бар адамдарды педагог қызметіне тартқаны үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Заңда ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, бала құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар нормалар енгізілген. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу мен оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өз міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарға немесе олардың заңды өкілдеріне айыппұл салынады. 

Атап айтқанда, ұстаздың ар-намысына нұқсан келтіру, оның ішінде БАҚ немесе телекоммуникация желілері арқылы абыройына нұқсан келтіргені үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың жасаған орынсыз әрекеттері үшін олардың ата-анасына немесе ата-анасын алмастыратын тұлғаға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталанған әрекеттері үшін жеке тұлғаға 40 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға жазасы қолданылады, ал ата-анаға немесе ата-ананы алмастыратындарға қатысты 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. 

Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын қорғау, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу міндеттерін орындамағаны үшін ата-анаға немесе басқа да заңды өкiлдеріне 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмаған баланың алкогольдік ішімдік, есірткі, психотроптық заттарды тұтынғаны, қайыр сұрағаны, қылмыстық іс-әрекет жасағаны үшін ата-анасына немесе ата-анасын алмастыраны заңды тұлғаға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. 

Педагогтердің педагогикалық этика нормаларын бұзғаны үшін де тәртіптік жауапкершілік енгізіледі. Бұрын ол әкімшілік жауапкершілік сипатында болған және іс жүзінде қолданылған жоқ. 

Педагогтарды материалдық және материалдық емес ынталандыру тетіктері

«Педагог мәртебесі туралы» Заңның 12-бабына сәйкес педагогтерге келесі кепілдіктер берілді:

  • тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақхана алуға;
  • жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне ие болуға. 

Заң бағыттары педагогтарды материалдық және материалдық емес ынталандыру тетіктерін қарастырады. Олардың қатарында мәселен, педагогтердің балаларына балабақшаларға бірінші кезекте орын беру қарастырылған. Сонымен қоса, барлық санаттағы педагог қызметкерлер 56 күндік еңбек демалысына шыға алады, бұл норма 100 мыңнан астам педагогке қатысты. Яғни, Заң қабылданғанға дейін әдіскерлер, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы күнтізбелік 42 күнді ғана құраса, енді жаңа заң аясында барлық педагогтар күнтізбелік 56 күндік ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын алудың әлеуметтік кепілдіктерін иеленіп отыр.

Ұстаз денсаулығын жақсарту шаралары аясында 1 лауазымдық жалақы мөлшеріндегі сауықтыруға арналған жәрдемақы кепілдігі сақталды. Сондай-ақ, педагог «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес мерзімдік міндетті медициналық тексерулерден өтеді. Жергілікті атқарушы органдар санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдер жасап, басқа да әлеуметтік қолдау шараларын көрсете алады.

Педагогтің аса үздік жетістіктері және сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған ұстазға 1000 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы төлем жасалады. «Үздік педагог» атағы сақталды. Оны иеленушіге ҚР Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленеді, сыйақы мөлшері 1000 еселенген АЕК мөлшерінде белгіленген.

Заңмен жергілікті атқарушы органдарға біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстанда белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтарды көтермелеудің қосымша шараларын белгілеу құқығы берілді.

Халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогті ынталандыру шарасы қарастырылған. Оған 3 лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

Ауыл мұғалімдерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру 

Ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін мұғалімдерге жер учаскелерін бөлуде басымдық берілетін болады. Сонымен қатар, олардың жалақысы мен тарифтік мөлшерлемесі қалада қызмет ететін педагогтарға қарағанда кемінде 25%-ға артық белгіленеді.

Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерге кәсіптік қызметін жүзеге асыру және тұрғылықты тұру үшін келген педагогке жергілікті атқарушы органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, көтерме ақы төлеу және отын, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Заңда ауылда жұмыс істейтін ұстаздар үшін қарастырылған басты кепілдіктердің бірі – жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басымдық заңнамада белгіленген тәртіппен беру болып табылады. Педагогтардың тұрғын үй мәселесі жалпыға бірдей тәртіппен қарастырылады. Бұл ретте тек бір ерекшелік бар — ауылдық елді мекендерде кәсіптік қызметке тарту мақсатында педагогтар жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басымдық тәртіппен алу кепілдігі қарастырылған.

Қазіргі таңда бірқатар тұрғын үй алу бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр:

  • «Нұрлы жер» бағдарламасы, оның ішінде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы, жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ несиелендіруі, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік несиелік тұрғын үй сатуы;
  • «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-нан жалдамалы тұрғын үй алу бағдарламасы және т.б. 

Аталған бағдарламалар аясында да мұғалімдердің тұрғын үй мәселесін шешу қарастырылады. 

Сонымен қатар, жергілікті бюджетте тиісті қаражат болған жағдайда ЖАО өз шешімі негізінде сертификат бере алады. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдарға педагогтарды қосымша көтермелеу шаралары мен наградалармен марапаттау мүмкіндігі берілді. Ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін педагогтерге қатысты жоғары жалақы, «Үздік педагог» иегерлеріне грант бөлу сияқты барлық қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктер сақталады.

Білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери борышын өтеуге шақыруды кейінге қалдыру бұрын тек ауыл мектептерінде жұмыс істейтін ұстаздарға қатысты болса, жаңа Заң аясында бұл норма қала мектептерінде жұмыс істейтін педагогтар да қамтылады.

Педагогтардың жалақысын өсіру 

Материалдық ынталандыру аясында Мемлекет басшысының тамыз конференциясында берген тапсырмасы бойынша алдағы төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы екі есеге артады. Демек, қаңтардан бастап Қазақстандағы педагогтардың жалақысы 25%-ға артады. 

Заңға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында жұмыс атқаратын жас маманның ғылыми-педагогикалық магистр дәрежесі болған жағдайда оған 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төленеді. 

Заң аясында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына келесі өзгерістер енгізілді:

  • барлық педагогтердің, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерін қоспағанда, лауазымдық жалақыларына 25% мөлшерінде түзету коэффициентін орнату (түзету коэффициентінің мөлшері 2021 жылы – 50%, 2022 жылы – 75%, 2023 жылы – 100% құрайды); 
  • мұғалімдер мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушыларына төленетін сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі), дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақылар мөлшерлері екі есе арттырылды; 
  • ағылшын тілінде оқытылатын физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының оқытушыларына базалық лауазымдық айлықақының 200% дейін қосымша ақы белгіленеді; 
  • жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерін қоспағанда, біліктілік санаты бар білім беру ұйымдарының педагогтеріне, басшылары мен олардың орынбасарларына біліктілік санаты үшін қосымша ақы белгіленеді.

Нақты айтқанда, педагог-шебер біліктілігі бар педагогтарға – лауазымдық жалақының 50%-ы; педагог-зерттеуші санаты үшін – лауазымдық жалақының 40%-ы; педагог-сарапшы санаты үшін – лауазымдық жалақының 35%-ы; педагог-модератор санаты үшін – лауазымдық жалақының 30%-ы мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді. 

Ал, І санаттағы басшылар мен олардың орынбасарларына – лауазымдық жалақысының 100%-ы; ІІ санаттағылар үшін – лауазымдық жалақысының 50%-ы; ІІІ санаттағылар үшін – лауазымдық жалақысының 30%-ы мөлшерінде қосымша ақы төленетін болады.

Мәдениет және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын, әскери оқу орындарын қоспағанда, орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне тәлімгерлік үшін базалық лауазымдық айлықақыдан 100% қосымша ақы белгіленді.

Аталған өзгерістер, сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі), дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақылар мөлшерлері екі есе арттыру, біліктілік санаты үшін қосымша ақы (мұғалімдер және мектептерде жұмыс атқаратын педагог-психологтардан басқа) орнатуды қоспағанда, ағымдағы жылдың 1 қаңтар айынан бастап төленеді.

Сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі), дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақылар мөлшерлері екі есе арттыру, біліктілік санаты үшін қосымша ақы (мұғалімдер және мектептерде жұмыс атқаратын педагог-психологтардан басқа) ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен төленетін болады.

Айта кетейік, ұстаздардың жалақысы оның жұмыс өтіліне, біліктілік санаты, білім деңгейіне және оқу жүктемесіне қарай белгіленеді. Мысалы, 16 жыл жұмыс өтілі бар, І санатты, жоғары білімі және толық бір тарифтік ставкасы бар ұстаздың жалақысы 2019 жылы 132 мың теңгені құрады. Ағымдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес мұндай ұстаздардың жалақысы 175 мың теңгені құрайтын болады.


Педагогтарды кәсіптік дамыту 

Орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен әрбір педагогке тәлімгер анықталатын болады. Бұл ретте, тәлімгер жас маманға оқу процесін ұйымдастыру, оқу бағдарламаларын әзірлеу, яғни педагог мамандығына тез бейімделуге көмектеседі.

Сонымен қатар, жас маманға жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін аттестациядан өтіп, біліктілік санатын алуға, жалақы мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.

Педагогтік білімі жоқ, тиісті бейіні бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін кәсіптік білімі бар адамдар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында педагогтік қайта даярлаудан өтеді. Педагогтік қайта даярлау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды. Бұл нормалар қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адамдарға қолданылмайды.

Орта білім беру ұйымдарының педагогтарын кәсіби дамыту жолында мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылады. Педагогтар алған білімін іс жүзінде пайдалануы үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізетін ұйымдар тегін курстарынан кейін де оларды сүйемелдеуді жалғастырады.

2019 жылдан бастап жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын кадрларды даярлау бағыттарының жаңа классификациясына сәйкес өз бетінше әзірлейді.

Білім беру бағдарламаларын жүйелеу үшін Тізім қалыптастырылды. Білім беру бағдарламалары ауқымды техникалық және мазмұнды сараптамадан өтті және ашық қатынауда орналастырылған. 

Бүгінгі таңда, Тізілімге жаңартылған 8667 білім беру бағдарламалары енгізілген, оның ішінде жаңасы – 2297, педагогикалық бағыт бойынша – 1911.

Бұл ретте, педагогикалық бағыттың білім беру бағдарламалары өзектендірілді. Жаңартылған орта білім беру мазмұны бойынша инклюзивті білім беруді оқыту пәндері енгізілді, ағылшын тілінде оқытылатын пәндер көбейтілді.

Сондай-ақ, педагогтардың сапасын арттыру мақсатында 2019 жылы Дүниежүзілік банктің қарызы есебінен робот техникасы бойынша 16 өңірлік ЖОО-ның материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарына сәйкес 2020 жылдан бастап Дүниежүзілік банктің қарызы есебінен «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша 30 жаңа практикалық-бағытталған білім беру бағдарламаларын әзірлеу және т.б. іс-шаралар жоспарланған. 

Ұқсас ақпараттар

Жамбыл облысындағы жарылыс: қаза тапқан құтқарушылардың есімі аталды

admin_mugalzhar

Тоқаев қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

admin_mugalzhar

2022 жылдан бастап 1 сынып оқушыларына «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізіледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.