«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Мұғалжарлық наубай жұма күндері мұқтаж жандарға тегін нан үлестіреді

Бір ауылды ас атасы нанмен қамтамасыз етіп отырған жас кәсіпкер Мерей ҚАЛЫШЕВАНЫ қаракөлдік тұрғындар жақсы біледі. Ол жас та болса, берекелі істі қолға алып, сапалы әрі дәмді нан, тоқаш, тәтті бәліштер пісіріп, кәсібін дөңгелеткен кондитер-наубайханашы.

2019 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курс аяқтап, «Наубайхана ісі» бойынша бизнес-жоспарын үздік қорғап, мемлекеттің қайтарымсыз грантын ұтып алған Мерей, бас-аяғы 505 мың теңгеге Қаракөл ауылынан наубайхана ашты. Азғантай ғана қаражатқа нан пісіруге арналған құрал-жабдықтар сатып алып, бүгінде отбасылық кәсіпті өркендетіп отыр.

— Біздің ауылдың адамдары үйден нан көмбейді. Ауыл дүкендері күн сайын нанды Қандыағаш қаласынан тасиды. Нан болмай қалатын күндер де болады. Осындай жағдайды көзбен көріп жүргеннен кейін, ауылдан неге наубайхана ашпасқа деген ой келді?! Сол күннен бастап өзіме «қалай да наубайхана ашамын» деген үлкен мақсат қойдым. Сұрастыра жүріп, аудан орталығында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына барып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқуға жазылдым. Оқу барысында бизнес-бапкерден кәсіпкерлікті дамыту мен қаржыны игеруді, болашақ кәсіпкердің алдынан шығатын барлық мәселелерді шешу жолдарын үйреніп, өз бизнес-жоспарымды жасадым. Сол күннен бастап бизнестегі әр қадамымды ойластыра бастадым, — дейді жас кәсіпкер.

Өткен жылдың қараша айында бастаған кәсібі бүгінде өз нәтижесін беріп келеді. Ұтып алған грантының 380 мың теңгесіне 30 қалып сиятын пеш, 105 мың теңгесіне нан ашытатын құрал, қалған қаржысына нан қалыптарын сатып алған Мерей, күн сайын 30-40 нан, түрлі тәтті тоқаштар пісіреді. Өз үйінің ауласындағы жазғы асхананы наубайхана етіп жабдықтаған Мерей: «Үлгерсем күніне екі мәрте нан ашытып, пісіремін. Нанның бағасы 100 теңге. Жұма сайын 90 теңгеден сатамын. Мұқтаж жандарға тегін де беремін. Тапсырыс болып жатса, тоқаштар мен тәтті бәліштер де пісіремін», — дейді.

2018 жылы Ақтөбе қаласынан кондитерлік курсты бітіріп алған Мерей наубайханашылықпен қоса кондитерлікті де қатар алып жүр. Ол дәмді торттар мен шайға арналған тәттілердің түр-түрін дайындайды. Бағасы да қалтаға қонымды. Ең бастысы, ауыл тұрғындары дән риза. 

«Кәсібіне қарай — нәсібі» демекші, ауылда отырып, кәсіптің көзін тауып, шағын бизнесін дөңгелетіп отырған Мерей Қалышева болашақта кәсібін кеңейтіп, жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Шағын кәсіпті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет. Наубайхана ішіндегі барлық жұмысты өзім атқарамын. Көмекшім жоқ. Үнемі бизнесімді қалай  ұлғайтамын деген ізденіс үстінде жүремін. Алдағы күндері наубайхананы кеңейту мақсатында құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмын. Бүгінде екі баламды жалғыз өзім тәрбиелеп отырғандықтан, олардың болашығын жарқын еткім келеді. Әрдайым «адамды көркейтетін — еңбек» дегенді естен шығарған емеспін. Аянбай еңбек етсем, тұрмысыма да береке кіретініне сенімім мол, — дейді жас наубай. 

Иә, «көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді» демекші, мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тұрмысын түрлендірген Мерей өмірдің тек еңбекпен ғана жасарып, жаңғыратынын анық біледі.

Нұрғаным Кесікқұл

Ұқсас ақпараттар

АУДАНДЫҚ АУРУХАНАДА ЭНДОСКОПИЯЛЫҚ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ

admin_mugalzhar

КӘУСАРҒА КӨМЕК ҚАЖЕТ

admin_mugalzhar

ТАХИР АТАНЫҢ БАТАСЫ – ОБЛЫСТА БІРІНШІ!

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.