«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ғайни НҰРСҰЛТАНОВА: «МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ — БАЛАЛЫҚ АРМАННАН ТАМЫР ТАРТТЫ»

Бүгінгі кейіпкеріміздің бірі — отбасымен бірге басшылық қызметті қатар алып жүрген Ғайни Батиханқызы. Адамдық пен адалдықты әйел адамның басты қасиеті деп білетін кейіпкерімізбен әңгімеміз отбасы, қызмет баспалдақтары, дәстүр мен тәрбие, жаңашылдық пен жан-жақтылық жайында өрбіді.

— Ғайни Батиханқызы, сіз қазір аудандағы ең үлкен бөлім — білім бөлімін басқарып отырсыз. Ел ертеңі-ұрпақтың тәрбиесі мен білімі жүктелген  бөлімнің, бөлімге қарасты мекемелерде жұмыс жасайтын 2 мыңнан астам адамның жұмысын жүйелеу әйел адамға қиын емес пе?

— Бүгінде мемлекеттік қызметте мынау әйел адамның, ал мынау ер адамның жұмысы деген жоқ. Барлық мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап бірдей. Осы жолда жүрген әрбір әйел адам ер-азаматтармен бірге тең құқылы қызмет етіп келеді. Бұған өзімнің еңбек жолымда анық көзім жетті. Ұзақ жылдар ер-азаматтар көп ортада қызмет жасай жүріп, әйелдігіме қатысты кедергіге де кездеспеппін, нәзік жанды деген жеңілдікті де байқамаппын. Жалпы, менің әкем мінезі өте қатты, балаларына да өте қатаң талап қоятын адам еді. Содан болар, біздер әйелдікке салынып, әңгіме айту дегенді білмейміз. Ер балаша тәрбиеленгесін, мінезім тік, көпсөзді емеспін. Осы қасиет өмірдегі қандай жағдайда да, қандай қызметтің басында отырсам да мойымауға, жауапкершілікпен жұмыс жасауға, тапсырылған істі уақытында тиянақты орындауға үйретті.

— Жалпы, білім саласы сіз үшін бұрыннан бейтаныс орта емес екенін білеміз…

— Ия, мен мамандығым бойынша химия-биология пәнінің мұғалімімін. Атырау қаласындағы сол кездегі Гурьев педагогикалық университетін бітір-дім. Оқуды аяқтағаннан кейін Атыраудың Махамбет ауданында екі жыл тәжірибеден өттім. Кейін Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясында пән мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істедім. 2001 жылы білім бөліміне маман болып ауысып, бас маман, бөлім басшысының орынбасары қызметтерін атқардым. Осында жүріп, білім саласының барлық қыр-сырына қанықтым, бөлімнің жұмысын толық меңгердім. Тек білім саласының жұмысымен айналысып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да қатыстым. Осы жылдары Ә.Коргулин, К.Игисинов, Ж.Құрмашев, Қ.Назаров сынды азаматтармен жұмыстас болдым. Содан кейін 2009 жылы ауыстыру тәртібімен мәслихаттың аппарат басшысы қызметіне тағайындалдым. Сол салада 10 жылға жуық жұмыс жасап, өткен жылы қайтадан осы білім саласына басшылық қызметке тағайындалдым.

— Осы салаға қайта ауысқаннан кейін арадағы он жылда орын алған қандай өзгерістерді байқадыңыз?

— Жаңартылған білім беру мазмұны — білім саласындағы ең үлкен өзгеріс десем де болады. Білім берудің бұл ерекшелігі аясындағы мұғалімнің де, оқушының да алдына қойылар талап-тілек басқаша. Бүгінде осы саладағы әрбір жанның алдында тұрған міндет — ата-анамен біріге отырып, қазіргі заман талабына сай 2-3 мамандықты бірдей алып кете алатын, өте икемді жас ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар, өткен жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Аталмыш заң ұстаздардың көкейлерінде жүрген көптеген сұрақтарына жауап беріп, сұраныстарын қанағаттандырды десе де болады. Атап айтсақ, жалақының 25 пайызға өсуі, магистр дәрежесін алған мұғалімдерге төленетін қосымша ақы, дәптер тексеруге қосылатын үстеме ақы, тәжірибелі мұғалімдерден жас мамандарға тәлімгер тағайындап, оларға жастарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөліскені үшін қосымша ақы төленуі — мұғалімдік мамандықтың мәртебесінің асқақтауына жол ашты.

— Мұғалімдік мамандықты таңдау — балалық арманнан тамыр тартты ма?

— Менің мұғалім болуымды армандаған әжем еді. Үнемі «Ғайни шашын түйген мұғалім болады» деп отыратын. Кішкентайымнан осыны құлағыма сіңіріп өсуім, расымен өз арманыма ұштасып, тамыр тартып, кейін мамандық таңдауыма да әсер еткені анық. Осы мамандықты таңдауыма тағы бір ықпал еткен адам — Алтын Сұлтанова деген биологиядан беретін мұғалімім болды. Сабақты жақсы беретін, тымпиып киініп жүретін. Сол апайымдай болғым келіп, қызығып отыратынмын. Жалпы, біздің отбасында мұғалімдер көп. Тіпті, өз аталарамыз да мешіт ұстаған ишан болған. Бүгінде папамның екі інісі де, сіңлілерім де, інілерім де мұғалімдер.

— Өміріңізде, қызмет жолыңызда орны қалған, алғыспен еске алатын адамдар бар ма?

— Мен үшін ол адамның бірі әрі бірегейі — кезінде Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясының директоры болған Лиман Боранбаева. Әлі есімде, 1995-96 жылдары қалада жылу жүйесі қатып қалып, ең бір қиын уақыттар орнаған кез еді. Сол күндері апай, апайдың жолдасы Иманбай ағай күні-түні мектепте жүріп, ел-халықтың баласы тоңбасын деп, таза өз еңбектерімен мектептің жылу жүйесін қалпына келтіріп еді. Ол кезде демеуші деген ұғымның өзі жоқ еді. Дегенмен, қазір ойлап отырсам, Иманбай ағай сол кезде-ақ демеуші болған екен ғой. Қажетті заттардың бірқатарын үйінен, енді бірін жұмысынан тасып жүріп, көмектесіп еді.

Одан кейін өзіндік орны бар адам деп Жанкелді Құрмашев ағайды атар едім. Өзі сондай білімді, жан-жақты, сынды да әділ айта білетін жан-тұғын. Бір оқиға есіме түсіп отыр: ол кісі білім бөлімінің бастығы болғаннан кейін 8 ай өткен соң білім бөлімінде басшының орынбасары болып қызмет жасайтын  мені шақырып алып, «Ғайни Батихановна, мені мына жақ шақырып жатыр ғой» деп әкімдік жақты сілтеп көрсеткені бар. «Шақырса, барыңыз. Сіздің орныңыз ақ үй ғой» дедім. Ағай мәз болып, бір күліп алды. Содан кейін ұзақ жыл аудан әкімінің орынбасары болып қызмет етті. Білім бөлімінде жасаған аз уақыттың ішінде қызметкерлердің есінде өзінің әділетті қаттылығымен, талапшылдығымен, еңбекқорлығымен қалды.

— Әйелдер қауымы әдемілікке жақын. Сіз басқарған бөлімнің 80-85 пайызы әйел адамдардан тұрады.  Ендеше, сіз басшы ғана емес, әйел адамы ретінде де киім кию үлгісіне көзқарасыңыз қандай?

— Біздің кезімізде университетте оқып жүргенде педагогикалық практикадан өтеміз. Сол практика барысында сабақ берумен қатар, киім кию стилін, өзін өзін ұстауды үйрететін еді. Мен де өз басым сол кезден қалыптасып қалған әдетпен классикалық үлгіде киінгенді ұнатамын. Ал, жалпы мұғалімдерге қатысты айтсам, мүмкіндігі келгенше салмақты көрінетін, онша ашық түсті емес киімдерді киген жөн деп ойлаймын. 30 баланың алдында тұрғанда адамның өзіне де етек-жеңі жинақы, ыңғайлы киімде тұрғаны жақсы емес пе?! Бүгінде Қандыағаш қалалық және аудандағы басқа да бірқатар мектептердің мұғалімдерінің мектепке киетін өздерінің киім үлгілері бар. Бұның өзі де балалардың ойының шашыраңқы болмауына әсер етеді деп білемін.

— Сізді басшы, мемлекеттік қызметкер ретінде білетіндер сүйікті жар, аяулы ана, қамқор әже ретінде де таныса дейміз. Ендеше, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз…

— Әйел адамның қызметте жүруі, алаңсыз еңбек етуі үшін әрине, артындағы тылының сенімді болуы да маңызды. Менің тылым — менің отбасым. Мен 1988 жылы тұрмыс құрдым. Жолдасым да мұғалім. 2 қыз, 1 ұлымыз бар. Балаларым сабақты жақсы оқыды, ата-анаға аса салмақ салмай, өздері грантқа оқуға түсті. Үлкен қызым Гүлнұр Қ.Жұбанов атындағы университтің менеджмент факультетін бітірді. Екінші қызым Айнұр Ақтөбе Батыс медициналық академиясын аяқтады. Ал ұлым Әділбек эколог-магистр. Бүгінде екі жиен немеренің әжесімін.

— Ғайни Батиханқызы үй шаруасында қандай?

— Әр әйелдің үйдегі тірлігін мен де жасаймын, әрине. Дегенмен, қазір қолымда келін бар. Бірақ, бос уақытымда тоқыма тоқығанды жақсы көремін, кейбір киім үлгілерін, қыз жасауының көрпелерін тігемін. Жалпы, қолөнерге жақындығым анамнан дарыған. Анам Ақтөбенің қызы, балерина болған жан. Тоқып-тігу десе, алдына жан салмайтын шебер. Бүгінде анамның жасы 74-те болса да, әлі де қолөнерден қол үзген жоқ.

— Қолымда келінім бар дедіңіз. Жалпы, өзіңіз де бір шаңырақтың келінісіз. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас туралы не айтасыз? Жалпы, отбасындағы үйлесімділікті үйлестірудің сыры неде?

— Әйел — ең алдымен ана. Содан кейін барып ене, келін. Осы екі жағдайда да ең алдымен ана екеніңді ұмытпауың керек. Мен өзім үйдегі 9 баланың ең үлкенімін. Өмірді қараңызшы, кейін 9 балалы шаңыраққа келін болып түстім. Енем керемет жан болды. Бір әулетте 6 келін болдық. Енем әрқайсысымыздың қабілетімізге қарай, шаруаны бөліп беретін. Сол енеміздің ыңғайымен мәселен, бірінші келінге қонақ күту, екіншімізге қазан асу, үшінші, яғни маған сандық ұстауды, төртіншіміз шай шығарып, бесінші келін дастархан жасап, алтыншымызға шай құю жүктелетін. Енеміз айтпай-ақ, өзіміз осылай бөліп алатынбыз. Ол кісі ешқайсымызды алалаған емес, қай қайсымыздың да көңілімізді тауып, туған қызындай қарайтын. Мен әрқашан ене келінге үлгі бола білу керек деп санаймын, себебі өзім енемді үлгі тұтамын. Мен де өз отбасымда осы енемнен үйренген қағиданы ұстанамын. Ешқашан келін не күйеу бала деп бөлмеймін. Өз балаңдай көрсең, өзекке теппейді деп санаймын. Келінім Арайлым Ахмет ишанның немересі. Өте сыпайы, тәрбиелі, инабатты, ибалы жан. Үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды біледі. Біздің үйде «күйеу бала қызмет көрсету керек немесе келіннің жүгіріп жүруі қажет» деген қағида жоқ. Дегенмен, балалар салт-дәстүрге сай барлығын өздері ұстанады.

— Мереке қарсаңында аналар мен қыз-келіншектерге тілер тілегіңіз…

— «Әйел — бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін жан» деп жатамыз. Бұл — әйелдің отбасында да, қызмет барысында да өзінің биігін сақтай білетіндігімен, жауапкершілік жүгін арқалай алатындығымен түсіндірілсе керек. Осындай отбасының ұйытқысы болып, жұмыста жауапты маман атанып жүрген әрбір нәзік жандыларды  көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі — Әйелдер мерекесімен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбастарына амандық, бастаған істеріне сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

— Әңгімеңізге рақмет. Сізді де мерекеңізбен құттықтаймыз.

Б. ЖАРТИНА

Ұқсас ақпараттар

АҚШ-тағы сайлау қорытындысы неге жарияланбай жатқаны белгілі болды

admin_mugalzhar

ПОРЯДКА 2000 МУГАЛЖАРЦЕВ БЫЛИ ТРУДОУСТРОЕНЫ

admin_mugalzhar

Өңірдегі өзекті мәселелер жүйелі түрде шешіліп жатыр

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.