17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясы партияішілік сайлау праймериз өткізіп жатқаны белгілі. 28 қазанда кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңі аяқталып, оның қорытындысы шығарылады. Мұғалжар аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Көмекбай Бектұрғановтың қатысуымен өткен онлайн брифингтен белгілі болғандай, праймеризге қатысуға Мұғалжар ауданының тұрғындары белсенділік танытып отыр.
Тарқатып айтсақ, 17-28 тамыз аралығында Мұғалжар ауданы бойынша 37 адам тіркелді. Олардың 32,4 пайызы, яғни 12-сі — әйел адамдар, 32,4 пайызы, 12 адам — 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 19 азамат ұсынылса, өзін-өзі ұсынушы лар — 18 адам. ҚР Парламенті Мәжілісіне — 2, облыстық мәслихатқа — 8, аудандық мәслихатқа — 28 кандидат тіркелді. Партияның Мұғалжар аудандық филиалының қадамдық жоспары бойынша 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін — үгіт-насихат науқанына кандидаттарды дайындау кезеңі өтеді. Ал 7-30 қыркүйек аралығында кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп болғаннан кейін 1-3 қазан аралығында мобильдік қосымша немесе веб-портал арқылы дауыс беру кезеңі өтеді. Сонымен бірге партия филиалдары мен ірі бастауыш партия ұйымдары базасында сайлау учаскелері ұйымдастырылады. Оған 3 қазанда келіп, онлайн жүйе арқылы да дауыс беруге болады. Интернеті жоқ елді мекендерде тұратын партияластар үшін дәстүрлі тәсілмен учаскеде қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Праймеризге дайындық барысында ауданда 9 дауыс беру учаскелері белгіленді. Оның интернет байланысына қосылмаған 1 учаскесінде дәстүрлі бюллетеньмен, ал 8 учаскеде онлайн дауыс беру жоспарланып отыр. Бүгінгі күні аудан бойынша праймеризге қатысып дауыс беретін «нұротандықтардың» саны — 2020 адам. Олар 22 БПҰна біріктірілген.
«МҰҒАЛЖАР-АҚПАРАТ»