АҚШ сенаты қызметкерлеріне қауіпсіздік мәселесіне байланысты Zoom-мен видеоконференция өткізуге тыйым салды, — деп хабарлайды Reuters.
Google корпорациясы да өз компьютерлерінде Zoom бағдарламасын бұғаттады. Бұл туралы BuzzFeed порталы жазды, олар өткен аптада Google-дың компьютерлерінде Zoom орнатылған қызметкерлеріне жіберген хаттамасына сілтеме жасаған. Бұл шешімнің себебі — бағдарламаның қауіпсіздік сақтаудағы осалдығы.
«Біз ұзақ уақыт бойы корпоративтік желіден тыс қызметкерлерге бекітілмеген қосымшалармен жұмыс істеуге тыйым салатын саясатты ұстанып келеміз», — деп мәлімдеді Google өкілі Хосе Кастанеда.
Басқа да бірқатар алып корпорациялар бұл қосымшаны пайдаланудан бас тартты. Қызметкерлерге сервисті пайдалануға тыйым салған алғашқы компаниялардың бірі — SpaceX болды. Олар байланыс үшін балама ретінде электрон пошта мен смартфондағы бейнеқоңырауларды қолданады. SpaceX ғарыш компаниясынан кейін ZOOM-ды пайдалануға NASA да тыйым салды.
Мұның алдында қызметкерлер жаппай қашықтан жұмыс істеуге көшкеннен кейін қосымшаны қолдаланушылар саны үш айда 20 есеге өскені мәлім болған. Күн сайын Zoom-ды 200 миллион адам пайдаланады. Компания басшысы Эрик Юань негізгі ресурстарды тұрақты жұмыс үшін жұмсағанымен, Zoom қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмағанын түсіндірді.