«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Тоқаев: 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаржы — 6 есеге, ғылым — 7 есеге ұлғаяды

27 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым-білім саласын түбегейлі реформалау қажеттігін айтты.

«Қазақстанның білім беру жүйесінің негізгі мәселесі — жеткілікті дәрежеде қаржыландырмау, реформада бірізділіктің жоқтығы және реформалардың шикілігі…Қазақстанда орташа есеппен бір оқушыға жылына 1000 доллардан бөлінеді, ал PISA рейтингісі бойынша алғашқы ондыққа кірген елдерде бір оқушыға 10-14 мың доллар аралығында қаржы бөлінеді» деді Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат — 6 есе, ғылымға бөлінетін қаражат 7 есе өседі.

Президент сонымен бірге алдағы уақытта педагогика мамандықтарына талапты жоғарылату қажеттігін айтты.

— Мамандықтың беделін арттыру үшін болашақ педагогтарға стипендияны 26 мың мен 46 мың теңге аралығында өсіру қажет. Бұған қоса, педагогикалық мамандықтар бойынша кадрлар дайындар ЖОО-ы және колледждерді мамандандыру керек. Жалпы педагогтарды арнайы жоғары оқу орындары оқытып, дайындауы тиіс. Білім және ғылым министрлігі бұл бағыт бойынша қажетті шешім қабылдайды деп ойлаймын, — деді президент.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында бұған қоса, қашықтан оқыту жүйесін жетілдіру, жоғары оқу орындарының бәсекелестігін арттыру, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығы сияқты көптеген мәселелер айтылды.

Былтыр халықтың билікке деген наразылығы өршіп тұрған тұста өткен президент сайлауында жеңіске жеткен Тоқаев билік пен қоғам арасында диалог орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрған. Кеңеске 44 адам мүше. Бұған дейін кеңестің жұмысына көңілі толмайтынын айтқан екі мүшесі кеңес құрамынан шыққан.

Кеңестің соңғы отырысы кезінде Тоқаев «ескерту» формасындағы митинг туралы айтып, «Бейбіт жиын өткізу туралы» түбегейлі жаңа заң қабылдау қажеттігін айтқан. Ізінше заң жобасы қоғамға таныстырылып, азаматтық қоғам және құқық қорғаушылар жобаға байланысты сын айтқан.

Бірнеше күн бұрын Тоқаев қол қойған «Бейбіт жиын өткізу туралы заңды» халықаралық ұйымдар мен жергілікті құқық қорғаушылар өткір сынаған. Белсенділер заң жобасында адам құқығын шектейтін тұстар көп деп санап, халықтың бейбіт жиын өткізуге мүмкіндігі жоқ кезде қоғамдық-саяси маңызы бар заңды қабылдамауға шақырған.

azattyq.org

Ұқсас ақпараттар

Жыл басынан бері көпбалалы аналар 153,3 миллиард теңге жәрдемақы алды — министрлік

admin_mugalzhar

ОГНЕБОРЦЫ ПОЗДРАВИЛИ ВЕТЕРАНОВ ПОЖАРНОЙ СЛУЖБЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда вакцинация төлқұжаты өзгерді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.