«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕРЕН ЕҢБЕКТІҢ ИЕГЕРІ

Маусым айының үшінші жексенбісі жыл сайын медицина қызметкерлерінің күні болып аталып өтеді. Осы атаулы күнге орай бүгінгі кейіпкеріміз — денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп, қаншама жанның алғысына бөленіп жүрген дәрігер-травматолог Марат ҚҰРАНТАЕВ өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

1984 жылы Ақтөбе қаласындағы медициналық институтының «Емдеу ісі» факультетінің хирург-дәрігері бойынша аяқтаған Марат Шакпенұлы алғаш еңбек жолын бұрынғы Комсомол ауданында хирург болып бастап, қызметін Жаңаөзен қаласында жалғастырды. Кейін Атырау облысы Құлсары қаласына жұмыс бабымен ауысып, сол жерде бірнеше жыл елеулі еңбек етті.

Дәрігерлік жолдың жауапкершілігін иығына жүк қылып артып, қызығы мен қиындығын қатар көтерген кейіпкеріміз неше түрлі оқыс оқиғаға тап болып, ауыр жағдайда ауруханаға түскен науқастардың өміріне араша бола білді. Араға бірнеше жыл салып, туған жері Мұғалжар ауданына оралды. Сол уақыттан бері 25 жылдай уақыт өтті. Осы жылдар аралығында аудан медицинасының дамуына елеулі үлес қосты. Жылдар бойы «Травматология мен ортопедия бойынша актуалды мәселелері» атты курстардан өтіп, біліктілігін арттыруда. 2016 жылы «Ауыл үздік дәрігері» номинациясы бойынша лауреат жүлдегері.

Саналы ғұмырын хирургия саласына арнаған Марат Құрантаев адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетін жауапкершілікпен атқарып келеді. Бүгінде өз қызметін әбден меңгерген біздің кейіпкеріміз  қызығынан  қиындығы  басым жүретін бұл саланың оңай емес екенін жасырмайды.

— Бұрынғы кездері тұрғындардың көпшілігі жарақаттанып, аяқ-қолдар сынған жағдайда қазақылыққа салынып, емші-балгерлерді аралап, сынықшыларға жүгінетін. Көп жағдайға оның арты ауыр жағдайда ұласып, сүйектің дұрыс бітпеуіне алып келіп, мүгедек болып қалған жағдайлар көп тіркелетін. Ал қазір медицинаның дамығанына халықтың да көзі жетті. Жарақат алған жағдайда  хирург-травматолог мамандарына жүгінетін болды. Сондай-ақ, бұрындары адамдардың көпшілігі ащы суға жақын болды. Соның салдарынан жол-көлік апаттары жиі орын алып, далада құлап, жарақат алғандардың санына жету мүмкін болмайтын. Аурухана үнемі жаралы науқастардан босамайтын. Соңғы жылдары заң күшейтіліп, тәртіпке бағынатын адамдардың қатары көбейді. Оқыс оқиғалар да көп орын алмайтын болды. Бұрынғымен салыстырғанда, қазіргі жағдайды өте жақсы деп айтуға болады. Бірақ жаз мезгілінде балалардың жарқатпен түсуі көбейеді. Кішкентай балалар гиперактивті десек те болады. Міне, сол себепті, жарақат алған балалар саны күннен-күнге көбеюде, — дейді дәрігер-травматолог.

Біздің кейіпкеріміз бүгінгі технологияның дамыған заманында аудан ауруханасының заман көшінен қалмай, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілгенін айтады. Осы аппараттардың арқасында жұмыстың жүгі жеңілдеп, нақты диагноз қойылып, ем-шараның жасалуына мол мүмкіндіктердің ашылғанын да жеткізді.

Дәл осы саланы таңдағанына еш өкінбейтін дәрігер, басқа аудандардан айлық табысы жоғары басшылық қызметтерді ұсынса да, мамандығын алмастырып, жайлы креслода отыруды жөн көрмеген. Өз мамандығын шексіз сүйетін Марат Шакпенұлы адам жанына араша болып, оларға қуаныш сыйлап, құлантаза айығып, үйіне оралған жандардың бақытына куә болудың өзі үлкен бақыт екенін айтады.

Ұқсас ақпараттар

АУДАНДЫҚ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Енді оқушылар лицей, гимназияда оқу үшін емтихан тапсырмайды

admin_mugalzhar

Ж.Қалмағанбетов: «Балиғат жасқа толмаған қыз балаға орамал парыз емес»

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.