«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КЕСТЕ ТІККЕН КЕЛІНШЕК

Қай заманда да қыз тәрбиесіне ерекше мән берген аналарымыз қызына кесте тіктіріп, әсемдік пен әдемілікке, шыдамдылық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеген. Қызының тіккен кестесінің көркемдігіне қарап, шеберлігі мен ісмерлігіне баға берген. Алайда, бүгінде қолына ине алып, кесте тіккен қыздың қарасы аз. Дегенмен, ұмыт болып бара жатқан кесте тігу өнері заманға сай жаңғырып, компьютерленген іс машинасына жүктелді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айпара МЕРЕКЕҚЫЗЫ да уақыт талабынан қалмай, соңғы технологияның тетігін тауып, заманауи кесте тігу өнерін қолға алған шебер жанның бірі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау-бизнес» жобасы арқылы қысқа мерзімді курс аяқтаған Айпара оқу барысында теориялық біліммен қатар жақсы практика жинағанын айтады. Оған оқуға қатысқаны үшін де шәкіртақы қарастырылып, кәсіби білімі бар бизнес-тренерлер дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына үйреткен. Бизнес-жоспар жасауды толық меңгерген Айпара арнайы комиссия алдында жобасын үздік қорғап, қайтарымсыз 500 мың теңге көлемінде грант жеңіп алған. Бүгінде ол грант қаржысына сатып алған кесте тігу машинасы арқылы тапсырыс қабылдап, өзінің қалаған ісімен айналысып келеді. Қала орталығында орналасқан сауда үйінен шағын бөлмені жалға алған жас кәсіпкер болашақта кәсібін одан әрі кеңейтуді көздейді. — Менің негізгі мамандығым — мейірбике. Бірнеше жыл өз мамандығым бойынша жұмыс жасадым. Алайда, тұрмыс құрғаннан кейін кішкентайларымның күтімімен үйде ұзақ отырдым. Балаларыма қарап, үйдің де жұмысын қатар үлгеру үшін ыңғайлы кәсіптің көзін тапқым келді. Өзім бұрын-соңды ісмерлікпен айналысып көрмедім, іс тігу қолымнан келмейді. Сол үшін де көп іздендім. Қандай кәсіп ашуға болатынын, аудан тұрғындары үшін не қажет екенін, бізде қандай кәсіптің дамымай жатқанын ұзақ зерттедім. Интернет желілерін ақтара отырып, ең тиімдісі компьютермен кесті тігу ісі екенін түсіндім. Бұл істі бастамас бұрын жанжақты осы саладағы білімімді өз бетіммен толықтырдым. Бүгінде ойым сәтті жүзеге асып, өз кәсібімнің жемісін көріп отырмын, — дейді Айпара Мерекеқызы. Аудан тұрғындарының көбі біле бермейтін жаңа кәсіпті меңгерген келіншек жұртшылықтың тапсырысына қарай түрлі бұйымдарға арнайы кесте тігеді. Ол алдымен компьютер арқылы қажет суреттің сұлбасын дайындап, дизайнерлік бейнесін шығарады. Дайын сұлбаны кесте тігу машинасына жүктеп, тігуге арналған арнайы жіптері мен матасын таңдап, машинаны іске қосады. Ал қалған істі автоматты түрде кесте тігу машинасының өзі атқарады. — Мен киімдері мен аксессуарларының әр бөлшегі маңызды болып табылатын, көпшілік ішінен ерекше болып көрінгісі келетін адамдар үшін түрлі компьютерлік кестені ұсынамын. Бұл дүниелер сыйлық үшін де таптырмас, тамаша шешім. Өз есімдері жазылған түрлі бұйымдарға тапсырыс қабылдаймыз. Бүгінгі таңда намаз оқуға арналған жайнамазға тапсырыс көптеп түсуде. Мәтіннен тұратын ерекше бейнесі бар үстінен тігілетін немесе киімге жапсырмамен бекітілетін бұйымдарды да дайындаймын, — дейді ол. Арнаулы жұмыс киімдеріне логотиптерді кестелейтін Айпара аудандағы бірқатар мекемелерден тапсырыс қабылдап, белгілерін тігіп берген. Сондайақ, кәдесыйлық, көбінесе компания, ұйымның рәмізі тігілетін корпоративтік элементтері бар дүниелерді дайындайды. Мәселен, сүлгілерге, жастықтарға, жиделер мен футболкаларға, киімдердің барлық түріне кестелеп өрнек түсіреді. Үш баласының тәрбиесімен қатар, кәсібін дөңгелетіп жүрген келіншек, алдағы уақытта соңғы үлгідегі кесте тігу машиналарын алып, кәсібін одан әрі үлкейтуді жоспарлап отырғанын айтады. — Қазір кәсіптің, еңбектің заманы. Мен де уақыт ағымына ілесіп, отбасымның бай-қуатты өмір сүруі үшін алдыма үлкен мақсат қойдым. Уақытты тиімді пайдаланып, мемлекеттің қамқорлығын жете түсініп, оны ұтымды пайдалануды жөн көремін. Жақсы өмір сүрудің ең дұрыс жолы — елге пайдалы кәсіп ашу, адал еңбек ету. Жолдасым Нұршат та үнемі қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады, — дейді кестеші келіншек.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Жазға арналған жайлы шаруашылық

admin_mugalzhar

21 АДАМ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ИЕ БОЛДЫ

admin_mugalzhar

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясының кезектен тыс съезіне қатысты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.