Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралуын бақылау және жұқтыру ошақтарын уақытылы оқшаулау мақсатында «Saqbol» мобильді қосымшасын ұсынды. Қосымша хабарлама функциясын іске қосу арқылы COVID-19 үшін оң нәтиже көрсеткен азаматқа соңғы 14 тәулік бойы екі метрден аз қашықтықта және 15 минуттан астам уақыт ішінде қосымшаның басқа пайдаланушыларымен байланысы туралы жасырын түрде ескертуге мүмкіндік береді. Басқа құрылғылармен өзара іс-қимыл жазбаларын сақтау үлгісі шифрланады. «Saqbol» қосымшасын қолдануға, біріншіден, смартфонға жүктеп, одан кейін шифрланған деректер берілетін Bluetooth функциясын қосу керек. Қосымша IOS және Android платформаларындақолжетімді. Бағдат Мусиннің айтуынша, қосымша азаматтарды жұқтыру қаупін уақытылы хабардар етуге және инфекцияның таралуын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. «Барлық қазақстандықты осы қосымшаны белсенді түрде пайдалануға, мұқият және жауапты болуға шақырамын. Осылайша індет ошақтарын барынша оқшаулап, COVID-19-дың таралуына жол бермейміз. Біз халық алдындағы жауапкершілікті түсінеміз. Сондықтан барлық жеке деректер қосымшада шифрланып жасалған. Бұл қосымша пайдаланушылардың басым түрде жасырын болуын қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. «Қосымшаның жұмысы сол бағдарлама орнатылған басқа құрылғылармен байланыста болған адамдарды жасырын түрде іздеуге бағытталған. Оны пайдалану үшін тіркелудің қажеті жоқ. Бағдарлама жеке деректерді немесе орналасқан жер туралы деректерді жинамайды және жібермейді. Хабарландыруды іске қосқан кезде бағдарлама автоматты және жасырын түрде бұл туралы басқа пайдаланушыларға хабарлайды. Осылайша осы қосымша азаматтардың сақтығын арттыруға және жұқтырған адамдармен байланысы туралы уақытылы хабардар етуге көмектеседі», – деп толықтырды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Хабарламаны алған пайдаланушылар қосымшада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұдан әрі іс-қимылдары туралы ұсынымдарымен таныса алады. Бұдан басқа пайдаланушыларға ыңғайлы болу мақсатында қосымшаға өзін-өзі анықтаудың COVID-19, i-Doctor, i-Teka ресми боттары, сондай-ақ Қазақстан бойынша COVID-19-дың өзекті статистикасы сияқты қызметтер біріктірілген. «Saqbol» қосымшасын әзірлеуші – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ.
Ақпарат көзі 24.kz