«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Сегіз айдың қорытындысы қандай?

Көшпелі конференция

Мұғалжар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бекболат Құлмағамбетов биылғы жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстар жөнінде және аудан экономикасының ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берді.

Бүгінде Мұғалжар ауданы аумағында орналасқан 36 елді мекенде 67 032 тұрғын тұрады. Оның 92,7 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілген. Жарық, Құмсай, Басшилі және Талдысай ауылдарына ауызсу жүйесін жүргізу жұмыстары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Аудан тұрғындарының 88,2 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өткен жылы Еңбек ауылдық округіне қарасты Басшилі, Темір-көпір ауылдарына газ құбырлары салынып, пайдалануға берілді. Жақында Cағашилі ауылының «Достық» шағын ауданына газ қосу жоспарланып отыр.

— Жалпы сегіз ай ішінде аудан бойынша негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі — 26,2 миллиард теңге. Өнеркәсіптік өндіріс өнімі 280 миллиард теңге көлемінде өндіріліп, нақты көлем индексі 109,4 пайызды құрады.

Қандыағаш қаласында барлығы 55 көше болса, оның 22 көшесі, Ембі қаласында 6 және Жем қаласында 1 көше асфальтталды.

Биылғы жылдың 1 қыркүйектегі жағдайы бойынша аймақтағы құрылыс жұмыстарының көлемі 7,2 миллиард теңгеге жетіп, 0,3% пайыз өсімді құрап отыр, — деді Бекболат Құлмағамбетов өз сөзінде.

Сондай-ақ аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға өскен. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы сомасы 856 миллион теңгені құрайтын 23 жоба мақұлданған.

Көшелер асфальтталып, аулалар жөнделді

Қандыағаш қаласындағы көп қабатты үйлердің аулалары ажарлана түсті. Көшелеріне асфальт төселіп, балалардың ойын алаңы мен спорт алаңдары қайта жаңартылып жатыр. Жалпы, қалада 4-шағын аудан және 110 аула бар. Биыл 25 аула жөнделіп, абаттандырылған.

— Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 миллиард теңге көлемінде 40 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 10 жоба Қандыағаш қаласының аулаларын абаттандыру жұмыстарына арналды. Аталған бағдарлама аясында 100 адам жұмыспен қамтылды. Қаладағы ескі көп қабатты үйлер кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген. Аулалар тазартылып, жаяу жүргіншілер жолы, автотұрақ салынды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады, — деді Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратов.

Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты 500 орындық орталық стадионға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып, қыркүйек айында аяқталды. Жоба бойынша жалпы көлемі 450 шаршы метр стадионның футбол алаңы толықтай жаңартылып, жүгіру алаңы, трибуналар салынды.

— Спорт мектебінің ғимараты 1967 жылы салынған. Биыл жөндеу жұмыстарына 76 миллион теңге қаржы бөлініп, жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Мұнда балалар мен жасөспірімдер 12 спорт түрі бойынша жаттығады. Сондай-ақ 5 ауылдық округте филиалдарымыз бар. Спортшыларымыз халықаралық ареналарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Қандыағаш қаласында 40 мыңға жуық халық бар. Бұл жерге бір спорт мектебі аздық етеді. Бізге спорт сүйер жастар көп келеді.  Қаладан тағы да заманауи, қазіргі заман талабына сай спорт комплекстерін ашу туралы ұсынысымыз бар, — дейді Қандыағаш қаласы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қарасай Омаров.

Жақында Қандыағаш қаласындағы «Самал» шағын ауданынан үш сегіз пəтерлі жалдамалы коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген 24 пәтер үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға берілді.

— Қыркүйек айында жаңа үйдің кілтін алып, қуанышқа бөлендік. Бұл үйді 10 жыл күттік. Бұған дейін Жарық ауылында тұрдық. Өзім мектепте ұзақ жылдар қызмет атқардым. 8 балам бар. Бүгінде немеремнің қолында жаңа үйде тұрып жатырмын. Баспаналы болуымызға септігін тигізген азаматтарға ризашылығымды білдіремін, — дейді көп балалы ана Орындық Жармағамбетова.

Жұрынға көгілдір отын керек

Мұғалжар ауданындағы Жұрын ауылдық округінде 1462 тұрғын бар. Аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан ауылдың негізгі мәселесі — көгілдір отынның жоқтығы. Соның салдарынан жыл сайын ауылдағы үйлер азайып, тұрғындар қалаға қоныс аударуда.

Жұрын ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Тұрғанай Беркалина

келер жылы ауылға көгілдір отын кіргізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Қазір ауылда 48 шаруа қожалығы бар. Негізгі күнкөріс көзі — мал шаруашылығы.

Биыл ауылдағы 3 көшенің жолдары асфальтталып, Қ.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп күрделі жөндеуден өткен.

— Мектептің жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 85 миллион 893 мың теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда білім ордасында 266 бала білім алуда. Қашықтан білім алып жатқан оқушылар толығымен компьютермен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ биыл мектепке 498,8 тонна көмір түсіріліп, «КВУ-3» маркалы екі жылу қазандығы орнатылды. Жылу маусымына толығымен дайын деуге болады, — дейді аталған мектептің директоры Нұрбол Ибраев.

Сондай-ақ биыл Мұғалжар ауданындағы Ақкемер ауылының 2 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді.

Ақкемер ауылдық округі құқықтық құжаттамалық қамтамасыз ету және коммуналдық шаруашылық бөлімшесінің басшысы Арман Сағидуллаев:

— «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жалпы ұзындығы 5850 метр 4 көшенің  жолы жөнделуде. Асфальттанған Есет батыр және Меңдіқұлов көшелеріне жол белгілері орнатылды. Келесі жылы ауылдағы 4 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланып отыр, — деді.

Құрылғанына жарты ғасыр болған Еңбек ауылдық округінің орталығы Сағашилі ауылының бес көшесіне бірдей асфальт төселді. 6 заманауи жол белгілері орнатылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылған.

Еңбек ауылдық округінің әкімі Аманбай Каюпов келер жылы тағы 3 көшені асфальттау және округке қарасты екі ауылға ауызсу беру көзделіп отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ ауылдың орталық көшесіне 23 түп қарағай егілген. Қазір ауылда 3 мыңға жуық халық, округке қарасты 47 шаруа қожалығы бар.

Мұндағы Сағашилі дәрігерлік амбулаториясына қарасты тұрғындар дәрігерлік көмек алып, күндізгі стационарда ем қабылдайды.

— Күндізгі стационарда 6 кереует, 10-нан астам ем қабылдау кабинеті бар. Зейнеткерлерге, есепте тұрған науқастарға дәрілер тегін беріліп тұрады, — дейді Сағашилі дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Мирас Айматов.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК, «Ақтөбе газеті»

Мұғалжар ауданы.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандықтар жеке басына қатысты қате мәліметтерді eGov-та онлайн түзете алады

admin_mugalzhar

Қазақстанда бірнеше университеттің лицензиясы тоқтатылды

admin_mugalzhar

ЕРЛІКТЕР ЕШҚАШАН ЕСКІРМЕЙДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.