«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Сəлем «МҰҒАЛЖАР»

«МҰҒАЛЖАР» МЕНІҢ ЕКІНШІ ҮЙІМ БОЛАТЫН. ҚАЗІР СҮЙІКТІ БАСЫЛЫМЫМНАН ҚАНША АЛЫСТА БОЛСАМ ДА, ОСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТЕРІМ, ҰЖЫМДАСТАРЫМ АРҚЫЛЫ ОНЫҢ ЖАҚЫНДЫҒЫН, ЖЫЛУЫН ӘЛІ ДЕ СЕЗІНІП ОТЫРАМЫН. СОНЫМЕН…

«Мұғалжар» газетінің табалдырығын алғаш 2009 жылы аттадым. Оған дейін сонау екі мыңыншы жылдардың басында аудандық газеттен оқу тәжірибесінен өткенім бар. Оның үстіне мектепте жүргенімде, бірекі шимай-шатпағымды әкелгенмін, әйтеуір сол уақыттағы газеттің редакторы Қуаныш Кенжеғалиев, Ізгілік Тағанова, Күнжамал Темірбаева сынды аға-әпкелермен таныстығым бар болатын. Шынымды айтсам, ауданға қайтып ораламын деп еш ойламадым. Сүйікті оқырмандарымның кейбіреулері білетін де болар, менің ата-бабам Елқандыағаш деген жерде өсіп-өнген, өзім Қандыағаштың бір бүйрегінде, сай ішінде жатқан Басшилі деген ауылданмын. 2000 жылдардың басында оқуға түстім, одан жұмыс жасаймын дедім, әйтеуір ауданнан алыстап кеткеніме 9 жылдай уақыт болған еді. Бірақ, туған елге қызмет етуге мүмкіндік берген Тәңіріме, Мұғалжарға қайта оралуыма ықпал еткен «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына, сол кездегі аудан басшысы Серік Шаңғұтовқа ризамын. Ауданға келген соң, неге екенін, өзім ешқашан қызығушылық танытпаған жергілікті тарихты зерделеуге кірістік. Редакцияға аудан басшылығы Мұғалжардың алғашқы энциклопедиясын жасақтауды тапсырған екен. Сол кездегі редакция ұжымы энциклопедияны жазуға бір кісідей атсалысты. Әсіресе, газеттің бүгінгі бас редакторы Бану Жартина мен тілші Нұрғаным Кесікқұлдың еңбегін ерекше айтқым келеді. Редакция журналистерінің сол кездегі «жанкешті» еңбегі туралы өкінішке орай еш жерде айтылмады. Ал шын мәнінде, сол уақытта журналистер еш жерде жазылмаған аудан тарихын бірінші рет кішкентай-кішкентай бөлшектерден құрастырып сұрастырып шығарған еді. Сұрастырып деудің де себебі бар, тарихты анықтау жолына бәйгеге бәс тігілгендей білегін түрініп кіріскен «Мұғалжарлық» қыздар (Бану, Нұрғаным, Анар, Мейрамгүл) Мұғалжардың аумағында қазба жүргізіпті деген археологты да, Мұғалжар туралы өлең жазыпты деген ақынды да, Мұғалжар туралы бір жерде бір ауыз сөз айтқан тарихшыны да соңынан қалмай қуалап жүріп, дерек жинаған болатын. Бұл дерек шаң басқан архив материалдарынан, мұражайлардағы әрбір жәдігердің түгендеу қағазынан, кітапханалардағы парағы сарғайған кітаптар мен ескі басылымдардан да ізделді. Жұрттың барлығы сағат 18:00- де бақытты адамдардай сөмкелерін алып, жұмыстан кетіп бара жатқанда, Бану екеуміз аяғымызды шешіп, бір-бірімізге шаршаңқы жүзбен бір қарап алып, Мұғалжардың энциклопедиясын қайта қолға алып жатамыз. Редакциядағы жылуы шамалы плиткаға қолында ожауы бар Нұрғаным бізге кешкі ас пісіріп жатады. Осы түрімізбен өзі екі бөлмелі редакцияның бір бөлмесінде таңға дейін кірпік қақпай жұмыс жасаймыз. Таңғы сағат 4-5-терде ғана үйге құр сүлдерімізді сүйреп қайтып бара жатамыз. Кейде бұл «тірлігімізге» Нұрғанымдың жолдасы ренжіп те жатады. Оны елең қылатын кез бе еді, ертеңіне тағы солай отырамыз… Кетіп бара жатып, қыздарға «таңертең сағат 9-да жұмыста болайық» деп қоямын тағы. Бану міндетті түрде бір бұрқылдайды, бірақ таңертең мені жұмысқа телефон соғып өзі оятып алады. Мұғалжарға қатысты бір тың дерек тапсақ, орнымыздан атып тұрып, бір-бірімізді құшақтап, секіріп, айқайлап қуанатынбыз. Соншалықты жалаң идеяға сенген, еш ақы алмастан жұмыс жасаған нағыз энтузиаст адамдарды көріп пе едіңіз?! Ал менің «мұғалжарлықтарым» сондай! Сол кездегі ұжымдастарымның әрқайсысы туралы бөлекбөлек әңгіме айтқым келеді. Бірақ, оған қазіргі Бану редактор маған газеттің он екі бетін түгелдей бере қоймас). Редакцияға алғаш келген уақытыма қайта оралайыншы. Барлығы қабырғаға қарап, сыртқа жон арқаларын беріп отыр. «Неге бұлай?» десем, сол уақыттағы бас редактор Қуаныш ағай қызметкерлерінің компьютерде немен айналысып отырғандарын қадағалап жүру үшін, редакцияны осылай жайғастырыпты. Мен редактордың орынбасарымын. Қанша дегенмен, республикалық газетте жасап келгендігім бар, келе сала өзгеріс енгізуге тырыстым. Бір күні сол қабырғаға қарап, жұмыс жасап отырған күйім, газетке сырттан келген материалды өзгертіп беру туралы «пәлсапа» соғып отырмын. Жалпы өзімнің де қулығым бар болуы керек, көзімнің астымен кім қалай қабылдар екен деп, әріптестерімді де бақылап отырмын. Сөйтсем, Ізгілік апайым мен Бануым маған қарап ернін шүйіріп отыр. Енді қазір сол қылығын Банудың есіне жыл сайын екі-үш рет салып, ой бір күліп аламыз. Қойшы, әйтеуір газетті өзгерттік, макетті де, берілу формасын да, мұнда да ұжымның еңбегін ерекше айту керек. Жасының үлкендігіне қарамастан, Ізгілік апай жауапты хатшы ретінде газеттің дизайнын түрлендіріп жіберді. Жаспен жастардың өз тілінде сөйлесе алатын адам. Әрі өзі де әдемілікті сүйеді. Жалпы газет ұжымында Ізгілік апай мен Күнсай апай біздің ұжымның ұйымшыл болуына, зейнетке шыққан қарттарын сыйлауына, ұмытпауына мықтап ықпал етті. Қандай отырыс болмасын, газетте бұрын жұмыс жасаған Қалима апай, Гүлжан апай, Гүлсім апай, Бойжеткен апай, Салиха апайларды шақырттырып отырады. Екі ұрпақтың, екі кезең ұжымының өкілдері отырыстарда бірге жиналамыз. Бүгін де бұл жолдың әлі де жалғасып келе жатқанына шын қуанамын әрі мақтанамын. Қарттарымызбен бұрынғы жолды қайта жаңғыртқанын үшін рахмет саған, Бану! Редакцияға екінші күні жұмысқа келіп, кабинетіме өтіп, отырып жатсам, бір жас бала келіп тұр. «Сіз бізге орынбасар болып келдіңіз бе?» дейді. Әрине, солай. «Маған журналист болуды, жазуды үйретіңізші» дейді әлгі бала журналист. Не дерімді білмей сасып қалдым. Бірақ білдіртпеуге тырыстым, қанша дегенмен замредпін ғой. Жақсы деп уәде бергеніммен, неден бастап үйретуді өзім де білмей отырмын. Бірақ, сол жігіт өзін менің шәкіртіммін деп айтқанында және менен кейінгі газеттің тізгінін ұстаған бас редактор болғанында шын мәнінде қуандым әрі мақтандым. Әлі де сол, жүрген жерімде Әнуар Есқарамен мақтанамын. Аман болшы, Әнуар! Кейін газетке Жандос келді. Энциклопедия әзірлеуге көмектесу үшін алған практиканттардың ішіндегі ең басы жасайтын мықтысы осы Жандос болатын. Біз оны «жүретін энциклопедия» деп атаймыз. Себебі, білмейтіні жоқ, барлық дата, оқиға, тіпті сол күні киіп келген киімінің түсіне дейін жадысында қаз-қалпында жазулы қалады. Жандос маған журналистиканы үйретіңізші демеді, бірақ үндемей жүріп, сыртымыздан қарап жүріп, журналистиканы өзі-ақ үйреніп алды. Қазір аудандық әкімдікте мықты маман. Жандостың мықтылығына күмәніміз де болмаған. Адалдығы, «Мұғалжарға» деген ниеті бір бөлек. Мейрамгүлді (Жұманбетова) газетке өзім сүйреп келдім. Орыс тілді журналист қажет болатын. Сол уақытта бала кезімнен келе жатқан досым, орыс тілінен мектеп кезінен зерек болып, кейін орыс тілі мұғалімі болған Мейрамгүлдің сауаттылығына сеніп, қолқа салдым. Жаза алмайды демедім, сендім. Сөйтсем, Мейрамгүл шын мәнінде журналистиканы шыр үйіріп әкетті. Алғашқы уақыттарда мұғалімге мақала жазу қиын болды ма, онсыз да орта бойынан компьютердің артынан көп көзіне түсе бермейтін Мира газет шығатын күндері тіпті «тығылып» қалады. Кабинетіне кіріп-шығып жүретін «мазасыз Бану» бірақ Мираны қайда тығылса да, тауып алып, мақаласын сұрап «жанын алып жатады». Досым ғой, Мираға жаным ашып, ішім удай ашып бара жатады, бірақ тәртіп бәріне бірдей, амалсыз үндемейсің. Мира кейін мықтылығын дәлелдеді, мақаланы да жазды, сұқбаттарды да алды, фотоаппаратқа түсіруге де икемділігін көрсетті және бізді таң қалдырғаны, газет нарыққа бейімделген уақыттарда алғашқы болып Ақтөбенің кәсіпкерлеріне шығып, газетке жарнама алып келді. Мира қазір аудандық білім бөлімінде жұмыс жасайды. Оның тиянақтылығына сенемін, сондықтан жұмысын шыр айналдырып жүргендігіне еш күмәнім жоқ. Сыбайластық деп ойламаңыз, бірақ Анарды (Абубакирова) да алып келген мен едім. Менің группаласым! Ақтөбеде Жұбанов атындағы университетте жуналистиканы екеуміз де сырттай оқыдық. Сықылықтап күлгені дәлізге дейін естіліп жататын Анар өте пысық болатын. Темірлік, бірақ кейін біздің ауылға келін болып түсіпті. Осылай жолымыз қайта түйісті. Анар күлсе, редакция ішін көңілдендіріп, жандырып жіберетін. Бір оқиға есіме түсіп отыр, ойындағысын іркімей айтып қалатын Анар бір күні ауылдық округ әкімдерінің бірінен телефон арқылы ақпарат сұрайды. Әлгі әкім бірнәрсеге ренжіген болуы керек, ақпарат бермеймін деп тулайды. Сонда «жақсы» деп телефон тұтқасын қойып жатқан Анар «ауыш па өзі» деп айтып үлгереді. Әрине, телефон сымының ар жағындағы адамның бұл сөзді естіп қалғанынан бейхабар Анар ертеңіне әлгі әкім редакцияға «мені кеше ауыш деген кім?» деп күркіреп кіріп келетінін де білмеп еді. Айналасын үнемі күлкіге қарық қылып жүретін Анардың кімнің болса да тілін табатындығына сенетінбіз. Сондықтан қиын адамдардан сұқбат алу керек болғанда, бәріміз жапырылып Анарға қарайтынбыз. «Туу, мен барам ба?» дейтін ол да бұл көзқарастың себебін тілсіз ұғып. Анар бүгінде ауданның ішкі саясатының белортасында қызмет қылып жүр. Қандыағашқа келгенде, Анармен кездессем, рас бір жасап қаламын. «Мәссссағаннан» басталатын әңгімелерін сағынып жүрмін өзі. Әселдің кербездігі бөлек әңгіме. Бану әзілдеп: «Әсел түске дейін бір көйлек, бір туфли, бір сумка, түстен кейін басқа көйлек, туфли киіп, сөмке ұстап келеді», — дейді. Мұндайда Әсел мырс етіп күледі де қояды. Біз болсақ, «Көре алмайсың, Бану», — деп отқа май құямыз. Әселдің жүрген жүрісінің сыбдыры білінбейді, үнемі сыпайы, біреумен ренжісіп жатқанын көрмейсің. Қандай шаруа тапсырсаң да, өзі секілді етек-жеңін жинақы етіп жасайды. Қандай іске болмасын, аса епті. Редакцияның есепшісі Лариса Ақтөбеге көшкен уақытта, есеп-қисапты да өзі жүргізіп отырды. Бір оқиға есіме түсіп отыр, Әселдің Әлішер есімді ұлы бар, бүгінде әскери оқуда. Біз оны «редакцияның баласы» деп атаймыз. Бану екеуміз Әселдің үйіне жиі бас сұғамыз, Әсел тамақты өте дәмді пісіреді. Әселдің үйінің кіреберісінен бастап «жаныңды түршіктіретін» суреттер мен жазулар ілініп тұрады. Аяқ киім шешетін жерде аяғына сусыннан босап қалған пластикалық бөтелкені жіппен шандып аяқ киім етіп байлап алған қара нәсілді кедей баланың сүгіреті, астында «сен алып берген аяқ киімнің бағасын білмейсің, ал кейбір балалардың киерге киімі жоқ» деген қара түспен жазылған жазу. Асүйге барсаң, тағы да сондай тамақ тілеп тұрған баланың сүгіреті, астында «кейбіреулер ішерге ас таппайды, нанның қадірін біл» деген жазу, ал енді баланың бөлмесінде топыраққа таяқпен жазу жазып отырған қара нәсілді балалар, астында қандай жазу деп ойлайсыз? Әрине, «сен сабақ оқымаймын деп қиқарланасың, ал бұл балалардың оқуға мүмкіндігі жоқ» деген жазу. Әселге «жеті жастағы баланы шошытып, мынауың не, бұдан кейін тіпті біздің өзіміздің жүрегіміз ауырып кетті» десем, «бала өзіне берілген әр нәрсенің бағасын білуі керек» деп күледі. Ол міне осылай тәрбиелеп, баласынан азамат жасап шығарды. Мықты ана! Нұрғаным мені редакцияға алғаш келгенде күтіп алған жандардың бірі. Әдемілікті жаны сүйетін әдемі келіншек. Неше түрлі сырға-сақина тағады, кейде түрлі-түрлі етіп орамалдың өзін сәнді етіп тағып келеді. Нұрғанымның киім киісіне, жүріс-тұрысына, Бану айтпақшы, саусағын майыстырып шәй құйғанының өзіне қарап отырып тәнті боласың. Бәрімізге жанашыр, кез-келген істі қолға алсаң, әйтеуір қасыңнан Нұрғаным табыла кетеді. Оның бір қасиеті, ешқашан сөзден жеңілмейді. Сосын да іште әзілдеп қойған «дәукес» деген аты бар. Ол ұрыспайды, бірақ өзінікін дәлелдейді. «Нұрғанымды жеңу мүмкін емес» дейді Банудың өзі де. Кейде редакцияда жалп етіп жарық өшіп қалатын кездер болады. Ондайда бәріміз жанжақтан шулап қоя береміз. Оқырманға редакцияда жарық болмады, газет шықпады деп қайдан түсіндіресің?! Қандай жағдай болмасын, газет уақытылы шығуы керек. Мұндай кездерде бәріміз компьютерлерімізді тиеп алып ол кезде «Достық» ауданында тұратын Нұрғанымның үйіне барамыз. Сол үйде интернет бар. Бір күні қызық жағдай болды. Барлығымыз шулап, компьютерлерімізді көтеріп, тағы да Нұрғанымдыкіне келдік. Төр бөлмеге жайғасып, төрт-бес компьютер, принтерімізді қосып, жамырап жұмыс жасап жатырмыз. Біз келгенде диван үстінде теріс қарап ұйықтап жатқан Нұрғанымның атасын ұмытып та кетіппіз. Нұрғаным болса, асүй мен екі ортада бізге тамақ тасып жүр. Кіл қыздар улап-шулап жатырмыз ғой. Кенет Нұрғанымның атасы ұйқысынан оянып, диванда бізге қарап отыр екен. Бәріміз жапатармағай сәлем беріп жатырмыз. Ата бізге бақшиып қарап отыр, жымиып күліп қояды. Сонда қалжыңбастау Ларисаның айтатыны ғой «Ата түсімде ана ауылға жүріп кетіп, жұмаққа түсіп кеткен жоқпын деп ойлап отыр-ау», — деп. Ал енді күлсең күл… Мұндай да кездер болған. Нұрғаным бүгін газетке қайтып оралды. Оның ұжымға қайта қосылғанын естігенде, қатты қуандым. Бұл кездердің қайтып оралмайтынын білсем де, өзім жақсы көретін қара шаңырақта жаныңа жылулық сыйлайтын жақын адамдардың болғаны қандай жақсы деп ойлаймын. Лариса үнемі есеп-қисап қағаздарының арасында көзге түспей көміліп отырады. Қимылы ылдым-жылдым. Не нәрсені де тез жасайды. Оның есік алдында субботник жасағанда қабырғаны әктегенін көрсеңіз, қимылына көз ілеспейді. Қандай шаруаны болмасын, шыр көбелек үйіріп әкетеді. Редакция ЖШС болып құрылғаннан кейін, Лариса екеуміз бірге жүріп, Ақтөбенің заңгерлерін, аудиттарын, бухгалтерлерін аралап жүріп, кеңес жинағанымыз да есімде. Кейде бір жерлерде шаруаларымыз шешілмей жатса, «білдіртпей ғана кәмпит-сәмпит беріп кетсейші» деймін ғой. «Жооқ, мен олай жасай алмаймын» дейді адал бухгалтерім. Ларисаға өзіме сенгендей сенетінмін, ең бастысы, оның адалдығын жоғары бағаладым. Ларисаның қалжыңбастығы ерекше болатын. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп, кейде редакциядағы үлкен апайлардың өзін күлкіге көміп тастайтын. Әсіресе, Ізгілік апай «Лариса қатырды» деп мәз болатын. Лариса бүгінде облыстық «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-де бухгалтер. Қызметінде абыройлы екендігіне еш күмәнім жоқ. Біз оны күйеуі Виктор екеуін түрік телехикаяларының кейіпкерлері дейтінбіз. Екеуінің әдемілігі, жарасымдылығы, бір-біріне деген махаббаты мен сыйластықтары тәнті ететін. Құрал ағай қандай отырыс болмасын, баянын көтеріп әкеледі. Өзі де, әйелі де қонақжай адамдар, талай мәрте жолсапардан келе жатып, үйіне соғып, қонақ болғанбыз. Құрал ағай ортаның гүлі, әнді де айтады, өзбекше би де билеп береді. Ағайдың «қазір келем» деп шығып кететініне журналистер «Ағай осыдан ертең бір-ақ келеді» деп күлетін. Расында, ол сол кеткеннен молынан «жоғалып», ертеңіне бір-ақ келеді. Ағайдың әйелін «менің Таңқыбайым» деп атайтыны есімде (ағай, сіз мұны құпия деп ескертпедіңіз, сондықтан оқырмандармен бөлісіп қойдым енді). «Үйге дейін түп-түзу болып келемін де, Таңқыбайымды көрсем, сылқ етіп құлай кетемін» деп күлдіретін бәрімізді. Жүрген жері жиын-той, әсіресе Күнсай апай екеуінің әдемі әзілдері бар болатын. Біз болсақ, құрдастар арасындағы жарасымды қалжыңға қарап, қызығатынбыз. Күнсай апайдың жауапкершілігіне таң қалатынмын. Газетте зейнетке шыққанға дейін корректор болып жұмыс жасаған Күнсай апай газет шыққан күндері бізбен бірге таңға дейін отыратын. Қыстың ақтүтек боранды күндері, жол жабылып қалғанда, «Жастық», «Достық» мөлтекаудандарынан қаланың шет жағында орналасқан редакцияға қатынайтын біздерді үйіне қонуға алып кететін. Күнсай апаның қолында жасы тоқсанға таяп қалған анасы болды. Ол кісі де редакцияның топ қызын қуанып қарсы алатын. Бізбен бірге дастарханда отырып, кейде ән де шырқап беретін. Күнсай апай тәртіпке бағынып үйренген адам, сондықтан өзінің жүріс-тұрысымен жастарға үлгі болып жүрді. Күнсай апай зейнеттік демалысқа шыққан соң, оның орнына Ботагөз апай корректор болып қызметке келді. Ол кісі Алматыдан көшіп келген, қыздарды жинап алып, Алматының қызықтары туралы түрлі әңгімелер айтады. Ал газет шығатын күндер «шатастырасыңдар» деп жан адамды қасына жақындатпайды. Қолында бір емес, бірнеше лупасы бар. Газеттің әрбір бетін бірнеше мәрте қайталап оқып шыққанға дейін көңілі көншімейді. Іссапарларға жиі шығатынбыз. Түрлі іс-шаралар ұйымдастыратынбыз. Бір кездері «Мұғалжар» газетіне жазылу науқанына байланысты ұжым болып ауылдарды аралауға шыққанымыз есімде. Бұл газеттің 80 жылдығының қарсаңы болатын. Одан бері де он жыл уақыт өтіпті. Бану, Жандос, Әнуар, Әсел, жүргізушіміз Тұрар есімді жігіт алдын ала сызып алған маршрутымыз бойынша бірнеше ауылдарды араладық. Халықты көше ортасына жинап, өзімізше концерт қойдық, түрлі ойындар ұйымдастырдық, сыйлықтар тараттық және ең бастысы, халықпен сұқбаттастық. Әншіміз де, кездесудегі жүргізушіміз де газеттің сол кездегі журналисі Әнуар. Әсел уақытты жоғалтпай, сол жерде отырып алып, газетке жазылым жүргізуде. Жандос суретке түсіріп, Бану сұхбат алып үлгеріп жатыр. «Журналисті екі аяғы асырайды» деген ұстанымды мықтап ұстанған кіл жас мықтылар, еш әкімнің есігін қағып кірмедік, маған түскі, кешкі ас бер, жатын ұйымдастыр демедік. Азығымыз жолда, әрқайсымыз үйден алып шыққан ас-суымызды машина ішінде отырып ішіп-жеп аламыз. Сосын қайта жолға шығамыз. Осылайша екі күнде бес-алты ауылға ат шалдырып үлгердік. Жүргізуші Тұрарда үн жоқ, бізге қарап күліп қояды, сірә журналистердің тірлігі оған да қызық көрінді-ау. Тұрардың анасы беріп жіберген етті барлығымыз таласып-тармасып жеп аламыз. Әшейінде май жемейтін бізде күй талғайтын, да, мін тағатын да, тіпті майысатын да жағдай жоқ. Редакцияның жарнама менеджері, қазіргі сапарымыздың кірісшығысын жүргізіп келе жатқан Әсел машинаның алдында «құрметті орында» отыр. Қалғандарымыз: Бану, Әнуар, Жандос және мен машинаның артында қыстырылысып келеміз. Бану ашуланып, кейде Әселге «тиісіп» қояды. Ембі қаласына келіп, әкімнен халық жинауға көмектесуін өтіндік. Журналистер шығынға батырады деп қорыққан болуы керек, әкім шұқшиған қағазынан бас көтермей, міңгірледі де қалды. Оның бұл қылығына зығырданымыз қайнаған біз темір жол вокзалына барып, ашықтау алаңға стол қойып, музыка қосып, халықты айқайлап өзіміз шақыра бастадық. Қайран, жастық, жалаң идеяға ғана сенген сол кездер есіме түссе, Мейірхан ағам айтпақшы «наивный қазақ» болғанымызды түсінемін. Бану туралы әдейі соңына дейін айтпай отырмын. Мінезі қандай қырсық болса, сондай турашыл, адал адам. Бану менің алғашқы күндерден-ақ сырлас досыма айналды. Біз бұрын да республикалық «Алтын Орда» газетінде бірге жұмыс жасаған болатынбыз. Сондықтан таныстығымыз бар. Біздің достығымыз қызық басталды. Мен замредпін, сол кездегі бас редактор Қуаныш Кенжеғалиевтің жанында Банулармен бірге жарлас кабинетте отырамын. Ізгілік апай мен Бану бастаған топ күнде сағат 16-30-да жұмыстан шығып бара жатады. Бір күні ескерту жасаймын деп, Банудан «сөз естіп қалғанмын»)). Кейін бас редактор болғанда, сол кездегі ішкі саясат бөлімінің бастығы Төлеулі Жұмағазиевтің «кімді орынбасар етесің?» дегеніне ойланбастан «Бану» деп жауап бердім. Қателеспейтінімді сол уақытта түсінгенмін. Бануың білімділігіне ешқашан күмән келтірген емеспін, әрі ол шынайы журналист. Журналистиканы шын мәнінде жан-тәнімен сүйетін адамдар аз. Бану сондай. Редакцияның үлкенімен де, кішісімен де тіл табысып, дос болып алған жан да, әлі күнге дейін ардагерлерімізді түгендеп, әр мейрам сайын құттықтап отыратын да осы Бану. Осы жылдың басында газетке қайта келуге келісім берген уақытта қатты қуандым. Газетті оған өзіме сенгендей сеніп тапсырдым. Бүгін Сіздің қолыңызда ұстап отырған, 90 жасқа толған ақсақал газеттің «қартаймай», қазіргі заман талабына сай жасара, жаңара түсуінде осы Бану бастаған бүгінгі ұжымның еңбегі орасан «МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРЫМ»! БҮГІНГІ ГАЗЕТ ҰЖЫМЫНЫҢ ӘРҚАЙСЫСЫ МЕН ҮШІН АСАҚЫМБАТАДАМДАР. ӘСЕЛ, НҰРҒАНЫМ, АЙДАНА, НҰРШАТ, САМАТ — ГАЗЕТКЕЖАҢА ТЫНЫСБЕРГЕН, ӨТКЕНМЕНБҮГІНГІКҮННІҢ САБАҚТАСТЫҒЫН ЖАЛҒАСТЫРҒАН ЖАҢА ҰЖЫМ. ЖҰМЫСҚААДАСЫПКЕЛЕТІНАДАМ БОЛМАЙДЫ, СІЗДЕРДІҢ БҮГІНДЕ «МҰҒАЛЖАРДЫҢ» 90 ЖЫЛДЫҒЫН ГАЗЕТТІҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫНДА НАҒЫЗ ТОЙИЕЛЕРІ БОЛЫП ҚАРСЫ АЛУЛАРЫҢЫЗДЫҢ ӨЗІ ҮЛКЕН БАҚЫТ, ТӘҢІР СЫЙЫ! ОҚЫРМАННЫҢЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНЕ БЕРІҢІЗДЕР! ЖАЗАР ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚТАР КӨП БОЛСЫН! НАРЫҚТЫҢ ҚАНДАЙ ДАУЫЛЫНА БОЛМАСЫН ТӨТЕП БЕРГЕН «МҰҒАЛЖАР» ӘЛІ ДЕ ЖҮЗ ЖАСАЙДЫДЕП СЕНЕМІН!

Құрметпен, Нұргүл ҚАЛИЕВА

Ұқсас ақпараттар

Вторая четверть пройдет дистанционно

admin_mugalzhar

Қандыағаштық командаға демеушілердің демеуі керек

admin_mugalzhar

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.