«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖЫЛЫЖАЙ БАҒБАНЫ — ЖАҢЫЛАЙ

Ризығы мол Жер-Ананың еңкейіп еңбек еткенді, себелеп тұқым сепкенді құралақан қалдырмайтынын түсінген ақкемерлік көпбалалы ана Жаңылай ҚАЗЫҚҰЛОВА бірнеше жылдан бері жылыжай шаруашылығын шыр айналдырып келеді. Ол — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие алып, көкөніс өсіруді қолға алған іскер келіншек.

АРМАНЫ АЛДАМАДЫ

2008 жылы отбасымен бірге Қарақалпақстаннан қоныс аударған Ақкемер ауылының тұрғыны Жаңылай жастайынан бау-бақша егудің қыр-сырын жақсы біледі. Елге келгеннен кейін, бала кезден таныс кәсіп — көкөніс өсіруді қолға алады. Сөйтіп, көшіп келген жылдары қиындықтарға қарамастан, ауласына бақша егіп, ауыл сыртынан жер алып, егін салған. Алған өнімдерін ауыл тұрғындарына сатып, бұл кәсіпте табыс көзі барын түсініп, дамытуды ойлайды. — Қалайда отбасының кірісін көбейтумақсатында жолдасым Азаматпен ақылдаса отырып, кәсібімізді кеңейту үшін көп ізденіп, көп еңбектендік. Жасап жатқан ісімізден бір берекенің боларын біліп, жерге еткен жақсылықтың жерден қайтатынын түсініп, бақша егетін жерімізді ұлғайтуды ойладық. Ауламыздан жылыжай кешенін салып, ауыл тұрғындарын қысы-жазы балғын көкөніспен қамтамасыз етіп отыруды армандадық. Арманымыз алдамады. Мемлекет тарапынан берілген көмектің арқасында мақсатымыз біртіндеп орындала бастады. Бізге үнемі үйдің үлкендері, атааналарымыз ақылдарын айтып, қол көмектерін ұсынып, қолдап отырады, — дейді кәсіпкер келіншек. Еңбекқор отбасы жылыжай тұрғызу үшін 2016 жылы «Өзін өзі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында «Даму» қорынан 6 пайыздықжеңілдетілгеннесиеалған. Алған 2 млн теңгегеауласынанбарлықтехнологиянысақтай отырып, заманауи жылыжай кешенін салды. Жылыжай суық өткізбейтін, жылуды сақтайтын, күн сәулесін жақсы қабылдайтын арнайы жабыннан жасалған. Топырақтың арасына жылу құбырлары тартылып, мол жарықпен қамтамасыз етілген. Бүгінде жылыжайдан жылына екі мәрте өнім алатынын айтқан бағбан келіншек: «Мұғалжар ауданының табиғаты мен туып-өскен өлкеден өзгеше. Бұл жақтың қысы қатты болғандықтан, еккен өнімдерімізді үсіріп, шығынға ұшыраған кездеріміз көп болды. Тамшылатып суару технологиясын да пайдаланып көргенбіз. Бірақ, одан жақсы нәтиже көрмедік. Сөйтіп, дәстүрлі қолмен суаруға көштік», — дейді.

ЖЫЛЫНА 900 КГӨНІМ АЛАДЫ

Көкөніс өсіру барысында түрлі тәжірибені қолданып көрген біздің кейіпкеріміздің ауласындағы жылыжайда қызанақ, қияр, ақжелкен, аскөктің түр-түрі, шалқам жайқалып өсіп тұр. Бұл өнімдерге сұраныс көп. Апта сайын аудан орталығында өтетін жәрмеңкеге де алып келіп, арзан бағаға сатады. Жаңылайдың айтуынша, өзі еккен бақшаға химиялық тыңайтқыш қоспайтын көрінеді. Сапасы сенімге селкеу түсіретін химиялық қоспалардан табиғи тыңайтқышты артық санайды. Топырағын үнемі жаңартып, мал көңін салып тұрады. Бағбан келіншек еккен жемісі жай піссе де, өз отбасының, кез-келген адамның табиғи өнім тұтынғаны дұрыс деп есептейді. — Баптай білсең жер деген шіркін жомарт қой. Мол өнім алу үшін аянбай тер төгу керексің. Отбасылық кәсіп болғаннан кейін үйдегі барлық отбасы мүшелері толықтай осы кешенде қызмет жасаймыз. Таңның атысы, күннің батысы топырағын қопсытып, арамшөптерін жұлып, суарамыз. «Еңбек етсең, емерсің» демекші, жолын таба білгенге қай кәсіпте де пайда көп. Шүкір, бүгінде еткен еңбегіміздің жемісін көріп, алған несиемізді де қиналмай төлеп отырмыз, — дейді ол. Аумағы 250 шаршы метр болатын жылыжайдан жылына 850-900 кг өнім алады. Бағасы да қолжетімді. Қысты күндері қияр мен қызанақтың бағасы 450-500 теңге болса, жазды күндері 250 теңге болады. Сонымен қатар, аскөк, ақжелкен, көк жуа секілді өнімдерге де сұраныс көп көрінеді. Жылыжай ісін әрі қарай дамытуды ынта-жігерімен қолға алған кәсіпкер келіншек жасап жатқан ісінің жемісті болатынына үлкен сеніммен қарайды. Мақсаты үлкен. Оның орындалуы өзінің еңбектенуіне байланысты екенін де біледі. Алдағы уақытта аудандағы үлкен сауда үйлерінің барлығын өз көкөністерімен қамтамасыз етіп, егілетін көкөніс түрін көбейтіп, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Жылыжай кешенінің жұмысын жүйелі жүргізіп, шебер бағбаны бола білген Жаңылай, отбасының да алақаны аялы, жүрегі ізгілікке толы мейірімді «бағбаны». Ол бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбие леп отырған көп балалы ана. Шаңыраққа шаттық сыйлап, ата-енесіне ибалы келін, жолдасына жанашыр жар бола білген қарапайым қазақ әйелі.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Дерево смотри в плодах, а человека в делах

admin_mugalzhar

МЕДИКИ, НА СТРАЖЕ ЗДОРОВЬЯ!

admin_mugalzhar

Президент Тоқаев мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.