«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«МҰҒАЛЖАР» — ЕҢБЕК ЖОЛЫМНЫҢ БАСПАЛДАҒЫ

Алғашқы еңбек жолымды «Жастар практикасы» бағдарламасымен 2010 жылы аудандық «Мұғалжар» газетінен бастадым. Ол кезде бас редактор Қуаныш Кенжеғалиев болатын. Қуаныш ағай «балам биыл Мұғалжар ауданының энциклопедиясын дайындауды қолға алып жатырмыз. Сені энциклопедияға жауапты Нұрғаным деген апаңның қасына жіберемін» деді. Осылайша, Мұғалжар ауданының жаңа энциклопедиясын жинақтау бойынша алғашқы еңбек жолымды бастадым. Жұмыс барысында энциклопедия дайындау үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. «Мұғалжар» энциклопедиясын жинақтау кезінде ауданға қатысты көптеген тарихимағұлұматтарға қанық болдым. 2011 жылдың наурыз айынан бастап «Мұғалжар» газетіне дизайнер-беттеуші болып жұмысқа қабылдандым. Газеттің шығатын әр нөміріне дизайн жасау оңай емес екенін түсіндім. Газетте жауапты хатшы қызметін атқарған Ізгілік Тағанова дизайнерліктің көптеген қыр-сырларын үйретті. 2012 жылы тілшілікке ауысып, қызығы мен шыжығы мол журналистика әлеміне еніп кеттім. «Мұғалжар» газетінің мәртебесі аудандық болғанымен, облыс көлеміндегі аудандар арасында жоғары деңгейде шығатын, материалдық және кадрлық базасы мықты ұжым. Алғашқы еңбек жолымның осындай ұжымда басталғаны мен үшін үлкен мақтаныш. Газетте энциклопедия бөлімінде еңбек еткен уақыттан бастап қосымша аудандағы спорттық шаралардың ақпаратын аудандық, облыстық, республикалық БАҚ-тарға жазып тұрдым. Әлі жұмысқа қабылданбаған, газетте ақылы қоғамдық жұмыс арқылы жасап жүрген кезім. Облыс орталығында қысқы Азияда ойындары басталмас бұрын еліміздің барлық облыстарында «Азияда алауы» деп аталатын марафоны өтетін болды. «Азияда алауы» марафонының алауын ұстау мәртебесі ақтөбеліктердің қатарында Мұғалжар ауданынанмарқұмболған спорт ардагері Есет Әміржанов пен жас боксшы Сержан Атыраубаевқа тиді. Осы хабарды естігеннен кейін бар ойым Ақтөбе қаласында өтетін марафонды аудандық газетке жариялау болған. Бұл 2011 жылдың қаңтар айы болатын. Газеттің кезекті нөмірі шығып жатқан күні редактор Нұргүл Маратқызына барып, «мені Ақтөбе қаласына жібересіз ба?» деп сұрандым. Нұргүл апай маған қарап «сен ақылы қоғамдық жұмыспен жүрген мамансың, қытымыр қыста сені қалай жіберемін. Саған ешқандай ақы төленбейді» деді. Маған ешқандай іссапар ақысының керек емес екенін айтып, фотоаппарат қана беруін сұрадым. Содан қолыма фотоаппаратты алып, Ақтөбеге кеттім. «Азияда алауы» марафоны басталайын деп тұрғанда марафоншылардың алдында жүретін БАҚ өкілдерінің көлігіне облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының журналист операторлары мініп жатты. Барлығының қолдарында рұқсат беретін құжаттары бар. Менде ондай құжат жоқ. Еш саспадым. Қоғамдық тыныштықты бақылап тұрған полиция өкілдеріне фотоаппаратымды көрсеттім де журналистпін деп марафоншылардың алдына түсіп алып жүгірдім. Бірнеше шақырым марафоншылардың алдында жүгіріп отырып, облыстық БАҚ өкілдерімен бірге суретке түсірдім. Дала аяз болатын. Оншақты кадр алғаннан кейін фотоапаратым буланып, қуат көзі отырып қалды. Алау әлі Мұғалжар ауданынан барған Есет аға мен Сержанға жеткен жоқ. «Енді не істеймін, мен осы үшін сұранып кеттім емес пе» деп іштей өзіме сұрақ қойдым. Содан фотоаппаратымның батарейкасын қолғабыма салып жылытып алдым, мүмкін қуатталып қалар деген оймен. Абыройыма Алауды ұстау сәті Есет Әміржанов ағамыз бен Сержан Атыраубаевқа келгенде, жаңағы буланып қалған фотоапаратым қайта жасап кетіп, өзіме керек ең маңызды кадрларды алдым да, марафон толық аяқталмай кетіп қалдым. Осылай, «Мұғалжар» газетінің сол күнгі нөмірінде «Азияда алауы» марафонына байланысты мақалам жарыққа шықты. Әр мамандықтың өз қиындықтары болады. Соның ішінде, журналист болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. «Журналист басқа сала мамандарынан екі елі биік болуы керек, бойы емес, ойы» дейтін әдемі қанатты сөз бар. Сондықтан журналист көп ізденіп, көп оқып, өзін жан-жақты жетілдіріп отыруы тиіс деп білемін. Әр мақаланы жазу барысында он ойланып, көп толғанып, үлкен ой үдерісін бастан кешіресің. Кейіпкеріңнің келбетін ашу үшін жан-жақты ізденесің. Сонымен қатар іссапарда болу, демалыс күндері жұмысқа шығу, «газетный день» күні түнжарымға дейін жұмыс жасау секілді отбасын екінші орынға қоя тұратын кездер аз болмайды. Газет тілшісі бола жүріп, аудандағы елді мекендер мен тарихи өлкелерге барып, тыныс-тіршілігімен, тарихи-танымымен танысып, бірнеше облыстарда іссапарларда болып, тәжірибе жинадым. Журналист болып шыңдалуыма, ақпарат көзін табуыма, түрлі тақырыпта мақала дайындауға көмектесіп, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жол көрсеткен әріптестерім Қуаныш Кенжеғалиұлы Ізгілік Жұмағалиқызы, Нұргүл Маратқызы, Бану Әнуарбекқызы, ӘселӘділбекқызы, Нұрғаным Ізтұрғанқызы, Мейрамгүл Қонысбайқызы, АнарАйқынқызыжәнеқұрдасым ӘнуарЕсқараға алғысым шексіз. Газетте еңбек еткен жылдары қателіктер де, жетістіктер де аз болмады. Ауызбіршілігі мол шағын ұжым «Мұғалжар» газеті мені өмір белестеріне көтерді. Мұғалжар газетінің 90 жылдығы құтты болсын! Газет ұжымына, журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмай, қызмет ете беріңіздер!

Жандос АЙТЖАН

Ұқсас ақпараттар

Республикалық маңызы бар жолдардың бойында қызмет көрсететін 35 кешен салынады

admin_mugalzhar

ПРИВЛЕЧЕНО К ОТВЕТСТВЕННОСТИ 143 ЧЕЛОВЕКА

admin_mugalzhar

Паралимпиада ойындарына тағы бір ақтөбелік таеквондошы жолдама жеңіп алды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.