Ол еліміздің медициналық мекемелеріне беріледі
«Ақтөберентген» АҚ-да жасалған 53 сандық рентген аппараты еліміздің медициналық мекемелеріне жіберілді. Барлық жабдықтар «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өндірілген.
Коронавирус пандемиясы медициналық ұйымдардың компьютерлік томография және сандық рентген аппараттарымен қоса, қажетті құрал-жабдықтармен де жеткілікті деңгейде жабдықталмағандығын көрсетті. Осы мәселені жедел шешу және медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында, ҚР Үкіметінің мемлекеттік комиссиясы мамандандырылған жабдықтар шығарумен айналысатын отандық өндірушілерді қолдаудың тиімді шараларын қабылдады.
«Актөберентген» АҚ — отандық цифрлық стационарлық және жылжымалы рентген аппараттарының жалғыз өндірушісі. Компания бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде 53 сандық рентген аппаратын шығарды.
Алғашқы 12 құрылғы қазірдің өзінде Ақтөбе облысының мекемелеріне жеткізілді. 30 қазанға дейін Түркістан, Ақмола, Алматы, Павлодар, Жамбыл қалалары және Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының медициналық ұйымдары рентген аппараттарын алады. Бұл маңызды жоба «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылды. Мақсат — отандық медициналық техниканы өндірушілерді қолдау. «Атамекен» фармацевтика, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызмет комитетінің мәліметінше, жартылай өткізгіш детекторлардың арқасында құрылғылар жоғары контрастық, яғни сезімталдық пен кеңістіктікті жақсы ажыратады. Бұл Covid-19, туберкулез және басқа қауіпті аурулардың сенімді диагностикасын жүргізуге мүмкіндік береді. Құрылғыларды жинауға арналған компоненттер Италия мен Оңтүстік Кореядан жеткізілген.
«Қазақстанда жасалған!» брендін дамыту және жан-жақты қолдау — ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жергілікті өндірілген тауарлар сапасы жағынан шетелдік аналогтардан еш кем түспейді және бағасы да қолжетімді. Бұл әсіресе бүкіл әлемде күрделі эпидемиологиялық жағдай сақталған кезде өте маңызды.
Кәмшат ҚОПАЕВА, «Ақтөбе» газеті.